Имя
E-mail
Тема
Текст
Логин     Пароль
20 қыркүйек 2017
  • 22
  • :
  • 53
17:00

Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасы Парламентініӊ үшінші сессиясыныӊ ашылуына қатысты05.09.2017
Государство  17:54
Астана. 4 қыркүйек. Kazakhstan Today - Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасы Парламентініӊ үшінші сессиясыныӊ ашылуына қатысты, - деп хабарлайды Ақорда.

Парламент палаталары мүшелерініӊ алдында сөз сөйлеген Қазақстан Президенті депутаттардыӊ өткен сессиядағы қызмет нәтижелеріне тоқталып, еліміздегі реформаларды заӊнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстарды жалғастырудыӊ маӊыздылығын атап өтті.

- Өткен сессияда Парламент 84 заӊ жобасын қарап, қабылдады. Соныӊ ішінде "Қазақстан Республикасыныӊ Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заӊ да бар. Бір жылда сіздердіӊ бастамаларыӊызбен 15 заӊ жобасы әзірленді, - деді Елбасы.

Нұрсұлтан Назарбаев жүргізілген саяси реформалардыӊ нәтижелеріне назар аударып, бүкіл мемлекеттік аппараттыӊ алдына қойылған міндеттерді іске асыруда Парламент пен Үкіметтіӊ жауапкершілігі жоғары екенін айтты.

- Қазақстан бүгінде стратегиялық маӊызы бар бірқатар міндетті жүзеге асыруда. Парламент Үкіметпен бірлесіп, Ұлт жоспарын, Жолдауды және қолданыстағы бағдарламаларды орындау үшін барлық шараларды қабылдауы қажет, - деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті қоғамды дамытудыӊ жекелеген бағыттарына тоқталды. Елбасы рухани жаӊғыру және экономикалық өсімді қамтамасыз ету жөніндегі міндеттердіӊ орындалуына назар аударды.

- Биыл Парламенттіӊ қарауына жаӊа Салық кодексініӊ жобасы енгізіледі. Біз салық саясатын мейлінше жақсартып, бизнесті ашық жұмыс жасауға ынталандыруға тиіспіз. Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар жөніндегі заӊнаманы жетілдіру керек. Сондай-ақ, банктерге тиімді бақылау жүргізу үшін Ұлттық банкке заӊнамалық тұрғыдан көбірек мүмкіндік беру қажет, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сонымен бірге, Мемлекет басшысы сақтандыру жүйесін дамыту және дәрі-дәрмек айналымын тәртіпке келтіру, сондай-ақ еліміздіӊ ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқық қорғау жүйесін реформалау мәселелерініӊ маӊыздылығын атап өтті.

- Парламенттіӊ және бүкіл еліміздіӊ алдында жауапкершілігі мол көп жұмыс бар. Ауқымды міндеттер мен шешімдер - біздіӊ 2017 жылғы жаһандық сын-қатерлерге жауабымыз. Жаӊғыру барлық күшімізді жұмылдыруды қажет етеді. Жаӊа жағдайда биліктіӊ заӊ шығару және атқарушы тармақтары сындарлы түрде ынтымақтасуға тиіс, - деді Қазақстан Президенті.

Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтыӊ алтыншы шақырылымдағы Қазақстан Республикасы Парламентініӊ үшінші сессиясыныӊ ашылуында сөйлеген сөзініӊ толық мәтіні төменде:

Құрметті депутаттар!

Құрметті Үкімет мүшелері!

Қазақстан Республикасы Конституциясыныӊ 59-бабына сәйкес алтыншы шақырылымдағы Парламенттіӊ үшінші сессиясын ашық деп жариялаймын.

Құрметті депутаттар!

Баршаӊызды жаӊа парламенттік маусымныӊ басталуымен құттықтаймын!

28 маусымда Сенат депутаттарыныӊ сайлауы өтіп, Парламенттіӊ жоғарғы палатасыныӊ құрамы жаӊарды.

Жаӊа сайланған халық қалаулыларын да қызметтерімен құттықтап, табыс тілеймін!

Біз биыл жаӊғырудыӊ жаӊа көкжиектерін ашып, іргелі процестерді жүйелі түрде жүзеге асыруға кірістік.

Жаӊғыру үрдісі негізгі үш сала - экономикалық, саяси және рухани бағыттар бойынша өрбуде.

Бұл реформалардыӊ негізінде біз "Қазақстан-2050" стратегиясындағы мақсаттарымызға жетеміз.

Елдегі тұрақтылық пен тыныштықтыӊ, татулық пен бірліктіӊ арқасында дәйекті түрде барлық биіктерді бағындырып келеміз.

Көзделген жұмыстардыӊ қарқынды, әрі жүйелі атқарылуына Парламенттіӊ де қосқан үлесі зор.

Өткен сессияда біршама жемісті жұмыс жасалды.

Парламент қоржынындағы 111 заӊ жобасыныӊ 84-і қаралып, қабылданды.

Қазір олар күшіне еніп, еліміздіӊ игілігіне қызмет етуде.

Олардыӊ қатарында "Қазақстан Республикасыныӊ Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заӊ еӊ негізгі, біз үшін өте қажетті, маӊызды екенін білесіздер.

Депутаттардыӊ белсенділігі де жоғары деӊгейде, сіздердіӊ бастамаларыӊызбен бір жылда 15 заӊ жобасы дайындалды.

17 үкімет сағаты мен 7 парламенттік тыӊдау аясында билік тармақтары маӊызды мәселелер бойынша қоян-қолтық жұмыс істеді.

Қос палатаныӊ жалпы отырыстары мен үкімет сағаттарыныӊ онлайн режімде өтуі Парламенттіӊ жұмысын ашық әрі халыққа қолжетімді ете түсті.

Үшінші сессияда осы жақсы үдерістерді жалғастырып, қарқынды, әрі сапалы жұмыс істеу керек.

Алдымызда талай сүбелі шаруалар тұр.

Басталған келелі істерді әрі қарай да заӊнамалық қамтамасыз ету қажет.

Сондай-ақ, жан-жақты жаӊғырудыӊ мәні мен мақсатын елге жете түсіндіріп, оған халықты жұмылдыру да - басты міндеттердіӊ қатарында.

Депутаттар өзге билік тармақтарымен және халықпен тығыз жұмыс істеп, ел сенімін ақтайтынына кәміл сенемін. Барлықтарыӊызға табыс тілеймін.

Құрметті депутаттар!

2017 жыл Қазақстан үшін ерекше маӊызға ие.

Саяси тұрақтылық пен қоғамдық консенсустыӊ арқасында біз үш базалық сала - экономиканы, саясатты сананы жаӊғыртуға кірістік.

Біріншіден, Жолдауда технологиялық, инфрақұрылымдық жаӊғыртудыӊ жаӊа кезеӊіне серпін берілді.

Екіншіден, конституциялық реформа билік тармақтарыныӊ дәл тепе-теӊдігін қалыптастырды.

Үшіншіден, біз рухани жаӊғырту мен ұлттық сананы жаӊартудыӊ үдерістерін кеӊ көлемде жүргізе бастадық.

Іс жүзінде осы үш бағыт қазақстандық жаӊғыртудыӊ жүйелік триадасы болып саналады.

Алайда, мұндағы қиын мәселе сол, біздіӊ жаӊғыртуымыз айтарлықтай күрделі жаһандық жағдайда жүріп жатыр.

Әлемді бұрынғысынша тынышсыздық билеп тұр.

Державалар арасындағы үнқатысу санкциялық саясатпен ілесе жүруде.

Өӊірлік жанжалдар да толастар емес.

Деструктивті идеологиялар өзініӊ ықпалын кеӊейтуді жалғастыруда.

Оныӊ үстіне, жаӊа мүмкіндіктермен қатар, тәуекелдерді қоса әкеле жатқан тотальды цифрландыру да күш ала түсуде.

Осыныӊ барлығы жаӊғырту уақытыныӊ есебі жылдап емес, минуттап жүретінін білдіреді.

Қазақстан міндетті түрде үлгеруге тиіс.

Мен мұны еӊсере алатынымызға сенімдімін.

Құрметті депутаттар!

Бүгін Парламент өзініӊ жұмысын жаӊа жағдайларда, палаталар да, Үкімет те, қосымша өкілеттіктерге ие болған кезде бастағалы отыр, демек, бұл жауапкершіліктіӊ де жүгі ауырлай түсетінін білдіреді.

Практикалық міндеттер, бірінші кезекте, атқарушы билікке жүктелетіні белгілі.

Үкімет жыл сайынғы Заӊ жобалау жұмыстары жоспары шеӊберінде көптеген заӊ жобаларын негізгі жасаушы болып қалып отыр.

Сонымен қатар Парламент депутаттары да заӊ шығаруда барынша көбірек бастамашылық таныта бастады.

Мен мұны оӊды құбылыс деп санаймын.

Бұл жерде мәселеге қашанда тар ведомстволық немесе өӊірлік мүдделер тұрғысынан емес, жалпы мемлекеттік мүдде тұрғысынан келу керек.

Соӊғы кездері заӊ шығармашылық үдеріс ашығырақ бола түсті.

Парламенттік тыӊдаулар өткізіліп тұрады, жобаларды талқылауға сарапшылар, азаматтық қоғам және БАҚ өкілдері тартылып жүр.

Соған қарамастан, азаматтар әркез құлағдар емес, өздерініӊ заӊдардан туындайтын құқықтары мен міндеттерін білмейді.

Сондықтан түсіндіру жұмыстары ерекше назар аударуды қажет етеді.

Қазақстандықтар заӊнамалық жаӊалықтардыӊ барысынан құлағдар болуға толықтай құқылы.

Бұл туралы мен судьялар съезі мен ҚХА сессиясында айтқан болатынмын.

Осы маӊызды жұмысқа барлығы - Үкімет, Парламент, мемлекеттік аппарат, сарапшылар қоғамы қатысуға тиіс.

Қабылданатын заӊдарды түсіндірудіӊ үйлестірушісі - Әділет министрлігі.

Осы жерде атап көрсететін жайт: бүгінде биліктіӊ барлық тармағынан жауапкершілік пен үйлесімділік талап етіледі.

Біздіӊ заӊдарымыз барынша бәсекеге қабілетті, прагматикалы болуға тиіс және аса жоғары стандарттарға жауап беруі керек.

Депутаттық корпус іскерлік мінез көрсетіп, саяси сәттіӊ осындай түсінігін қолдайды деп санаймын.

Құрметті депутаттар!

Қазақстан қазіргі таӊда бірқатар маӊызды стратегиялық міндеттердіӊ қарсаӊында тұр.

Парламент Үкіметпен бірлесіп, Ұлт жоспарын, Жолдауды және қолданыстағы бағдарламаларды орындау үшін барлық шараларды қабылдауы қажет.

2018 жылы қоғамды рухани жаӊғыртуға байланысты бірқатар бағыттар бастау алатын болады.

Бірінші.

Біз рухани жаӊғыру бойынша жұмысты бастадық.

Сондықтан біз жат әрі ескірген догмалар шеӊберінде қалып қоймауымыз керек.

Біздіӊ өзімізге тән бай тәжірибеміз, құндылықтарымыз бен даму жолдарымыз бар.

Мәдениет саласы ерекше маӊызға ие, сондықтан аталған саладағы заӊнаманы жетілдіру талап етіледі.

Атап айтқанда, заӊ жобалау жұмыстарыныӊ жоспары бойынша алғаш рет "Кинематография туралы" заӊ қабылданатын болады.

Бұл жерде отандық киноиндустрияны одан әрі дамытудыӊ тұжырымдамалық негіздерін айқындау керек.

Сонымен қатар, рухани жаӊғыру этносаралық қарым-қатынастарды реттеумен де байланысты.

"Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы" заӊға өзгерістер мен толықтырулар енгізу талап етіледі.

Сондай-ақ, мемлекет пен дінніӊ қарым-қатынасын жетілдіру қажет.

Заӊнамалық база қоғамныӊ дін саласындағы кез келген деструктивті қызметінен қорғауды қамтамасыз етуге тиіс.

Жалпы, қоғамдық сананы жаӊғырту қазақстандықтардыӊ прагматикалық, бәсекеге қабілетті, ашық жаӊа буынына жол ашады.

Екінші.

Экономиканыӊ өсімін қамтамасыз ету жөніндегі жұмысты жалғастыру қажет.

Атап айтқанда, мультипликативті әсер беретін салаларды қолдаған жөн.

Бұл ТКШ, агроөнеркәсіптік кешен, туризм, көлік, логистика және геологиялық барлау салаларына қатысты.

Мәселен, су және жылумен жабдықтауды жаӊғыртудыӊ өзі орасан қаражатты қажет етеді.

Инвесторлар мен халықаралық қаржы институттарын тарту үшін ТКШ және тариф қалыптастыру салаларындағы заӊнаманы жетілдіру керек.

Бұл осы саладағы тұтынушылар мен табиғи монополия субъектілерініӊ мүдделерін теӊдестіруге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, мемлекет-жекеменшік әріптестігін жетілдіру бойынша жұмысты жалғастыру керек.

Үшінші.

Биыл Парламенттіӊ қарауына жаӊа Салық кодексініӊ жобасы енгізіледі.

Біз салық саясатын едәуір жақсартуымыз керек және бизнестіӊ "сұрғылт" сызбаларсыз ашық жұмыс істеуін ынталандырғанымыз жөн.

Сонымен қатар, тиімсіз жеӊілдіктер мен артықшылықтардан бас тартып, салықтық әкімшілендіруді оӊайлату қажет.

Осы сессия барысында кеден заӊнамасын жаӊарту міндеті тұр.

Төртінші.

Бұрынғыдай тікелей инвестиция тартуға және экспорттық өндірісті ынталандыруға үлкен маӊыз берілуде.

Сондықтан арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар жөніндегі заӊнамаларды жақсартқан жөн.

Жолдауда қаражатты нақты экономикаға дейін жеткізудіӊ тетіктерін жетілдіру бойынша міндет қойылды.

Квазимемлекеттік сектордағы сыртқы және ішкі займдарға егжей-тегжейлі мониторинг және бақылау жасау қажет.

Депутаттарды осы саладағы заӊнамалық жұмысты жүргізу ісі күтіп тұр.

Бесінші.

Қаржылық реттеуші ретінде Ұлттық банктіӊ превентивті режімде жұмыс істеуі қажеттігін уақыттыӊ өзі көрсетіп отыр.

Демек, оған банктерді бақылау үшін заӊнамамен көбірек мүмкіндіктер берген жөн.

Бұл жеке банктердіӊ қызметініӊ күйреуіне, соӊынан мемлекеттіӊ есеп айырысуына тура келетін жағдайларға жол бермеу үшін қажет.

Сондай-ақ, бизнесті дамыта отырып, біз саламатты бәсекелестікке жағдай жасауымыз қажет.

Яғни бағалық және тарифтік, оныӊ ішінде сату мен сатып алудағы сөз байласуларды анықтау және жолын кесу жөніндегі құқықтық тетіктерді жақсарту керек.

Алтыншы.

Бүкіл әлемде сақтандыру - азаматтарды әлеуметтік қорғаудыӊ маӊызды жағы, ал сақтандыру ұйымдары - ірі инвесторлар.

Біздіӊ елімізде де сақтандыруды дамытып, сақтандыру қызметтерініӊ деӊгейі мен қолжетімділігін көтеру қажет.

Жетінші.

Дәрі-дәрмектер айналымы да маӊызды әлеуметтік мәнге ие.

Осы саладағы баға өсуініӊ алдын алатын шаралар қажет.

Сондықтан да дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдар айналымын реттеп отыру керек.

Қазақстандықтардыӊ қолжетімді, сапалы және қауіпсіз дәрі-дәрмекті пайдалануға құқықтары бар.

Бұл бизнес қана емес - бірінші кезекте, ол әрбір адамныӊ денсаулығы, ұлт саулығы.

Сегізінші.

Соӊғы уақытта цифрландыру және ақпараттық қауіпсіздік мәселелері айрықша өзекті бола түсті.

Ұлт жоспарында ақпараттық қоғамды дамыту жөнінде нақты міндеттер қойылған.

Заӊ жобасы сіздердіӊ қарауыӊызда жатыр.

Бірақ оныӊ екінші жағы да бар.

Тек соӊғы үш жылда ғана интернетте құқыққа қарсы контент 40 есе өсті.

Демек, бізге сенімді "Қазақстанныӊ киберқалқаны" қажет.

Біз оны жасауды кейінгі қалдыра алмаймыз. Еліміздіӊ, мәдениетіміздіӊ, өз құндылықтарымыздыӊ мүдделерін қорғау қажет.

Бұл - қауіпсіздік мәселесі.

Оныӊ сыртында қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі айрықша назар аударуды талап етеді.

Саланы дамыту үшін тиісті министрлік құрылды.

Министрліктіӊ өз жұмысын толыққанды жолға қоюына жағдай жасайтын заӊ жобасы биыл Парламентке енгізілетін болады.

Оны шұғыл түрде қабылдау қажет.

Тоғызыншы.

Құқық қорғау жүйесіндегі реформаларды одан әрі жалғастыру арқылы қылмыстық процесті жаӊа деӊгейге шығарып, құқық қорғау органдарыныӊ жұмысын халықаралық стандарттарға жақындату қажет.

Азаматтар мен бизнеске әкімшілік қысым жасау проблемасы бұрынғысынша өткір күйінде тұр.

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс нормалары көптеген жағдайда қысым жасау тетігі ретінде қолданылады.

Ал ол кәсіпкерлікке кедергі келтіруде.

Үкімет әзірлеген түзетулер азаматтар мен бизнеске жасалатын қысымды барынша азайтатын болады.

Бұл түзетулерді жыл соӊына дейін қабылдау қажет.

Бұдан бөлек, бизнес ортаны жақсартуға, бақылау-қадағалау функцияларын қысқартуға, бизнестіӊ кемшіліктерін төмендетуге бағытталған заӊ жобасы әзірленді.

Оны да осы сессия аясында қарастырған жөн.

Заӊдардыӊ орындалуына бақылау жасауға назар аудару қажет.

Бұл жұмысқа, өз өкілеттіктері шеӊберінде, депутаттық корпус та атсалысуы керек.

Құрметті депуттатар!

Парламенттіӊ және бүкіл еліміздіӊ алдында жауапкершілігі мол көп жұмыс бар.

Ауқымды міндеттер мен шешімдер - біздіӊ 2017 жылғы жаһандық сын-қатерлерге жауабымыз. Жаӊғыру барлық күшімізді жұмылдыруды қажет етеді. Жаӊа жағдайда биліктіӊ заӊ шығару және атқарушы тармақтары сындарлы түрде ынтымақтасуға тиіс. Көп жағдайда ортақ ісіміздіӊ табысты болуы осыған байланысты.

Құрметті депутаттар!

Құрметті Үкімет мүшелері!

Халқымыз Ел бірлігініӊ арқасында қай кезде де алдына қойған биік мақсаттарыныӊ бәріне жетіп келеді.

Сіздерге елде түбегейлі жаӊғыртуды заӊнамалық қамтамасыз етудіӊ зор абыройлы міндеті жүктеліп отыр.

Сондықтан, бір жағадан бас, бір жеӊнен қол шығарып, жемісті жұмыс істейтін боламыз.

Баршаӊызды кезекті парламенттік сессияныӊ ашылуымен құттықтай отырып, қызметтеріӊізге табыс, отбасыларыӊызға амандық тілеймін!

Істеріӊіз ілгері болсын!
Просмотров: 1742

При использовании информации с сайта гиперссылка на информационное агентство Kazakhstan Today обязательна. Авторские права на материалы агентства.
Заметили ошибку на сайте? Выделите текст и нажмите Ctrl+Enter