Имя
E-mail
Тема
Текст
Логин     Пароль
14 қараша 2018
  • 02
  • :
  • 12
17:00

Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқына жолдауын жария етті05.10.2018
Государство  14:24
Астана. 5 қазан. Kazakhstan Today - Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтыӊ Қазақстан халқына жолдауы. 2018 жылғы 5 қазан

"Қазақстандықтардыӊ әл-ауқатыныӊ өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру"

"Құрметті қазақстандықтар!

Біз тәуелсіздік жылдары көп жұмыс атқардық.

Экономикасы қарқынды дамып келе жатқан заманауи прогрессивті мемлекет құрып, бейбітшілік пен қоғамдық келісімді қамтамасыз еттік.

Сапалы әрі тарихи маӊызы зор құрылымдық, конституциялық және саяси реформалар жүргіздік.

Қазақстанныӊ халықаралық беделініӊ артуына және оныӊ аймақтағы геосаяси рөлініӊ күшеюіне қол жеткіздік.

Біз өӊірлік және жаһандық проблемаларды шешу ісіне зор жауапкершілікпен қарайтын жауапты әрі қалаулы халықаралық серіктес ретінде танылдық.

Қазақстан ТМД және Орталық Азия елдері арасынан "ЭКСПО-2017" халықаралық көрмесін өткізу үшін әлемдік қоғамдастық таӊдап алған бірінші мемлекет болды.

Біз Еуразия өӊірініӊ қаржылық, іскерлік, инновациялық және мәдени орталығы ретінде қалыптасуын қамтамасыз етіп, жаӊа елордамыз - Астананы салдық.

Халық саны 18 миллионнан асып, өмір сүру ұзақтығы 72,5 жасқа жетті.

Біз берік экономикалық негіз қалыптастырдық.

Соӊғы 20 жыл ішінде елімізге 300 миллиард АҚШ доллары көлемінде тікелей шетел инвестициясы тартылды.

Экономиканы өркендетудіӊ негізі саналатын шағын және орта бизнес нығайып келеді.

Дүниежүзілік Банктіӊ бизнес жүргізу жеӊілдігі рейтингінде Қазақстан 190 елдіӊ ішінде 36-шы орынға көтерілді.

Біз әрдайым сыртқы сын-қатерлерге дер кезінде назар аударып, оларға дайын бола білдік.

Соған байланысты, мен елімізді жаӊғырту жөнінде қажетті бағдарламалық бастамалар жасадым.

Олардыӊ жүзеге асырылуы табысты дамуымыздыӊ негізгі факторына айналды.

Біздіӊ стратегиялық мақсатымыз - 2050 жылға қарай әлемдегі озық дамыған 30 елдіӊ қатарына қосылу.

2014 жылы еліміздіӊ инфрақұрылымын жаӊартатын "Нұрлы жол" кешенді бағдарламасын іске асыруды бастадық.

Үш жыл бұрын "100 нақты қадам" - Ұлт жоспарын жарияладық.

Содан кейін еліміздіӊ Үшінші жаӊғыруына кірістік.

Оныӊ басты міндеті - Қазақстанныӊ жаһандық бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ететін экономикалық өсімніӊ жаӊа моделін құру.

Еліміздіӊ орнықты дамуы өмір сүру деӊгейін одан әрі арттыруға деген зор сенім ұялатады.

Біз жаӊа міндеттерді атқаруға дайынбыз.

Құрметті отандастар!

Соӊғы кездері әлемдік саяси және экономикалық трансформация үдерістері күшейе түсті.

Әлем қарқынды түрде өзгеріп келеді.

Мызғымастай көрінген жаһандық қауіпсіздік жүйесініӊ тұғыры мен халықаралық сауда ережелері бұзылуда.

Жаӊа технологиялар, роботтандыру мен автоматтандыру еӊбек ресурстарына және адам капиталыныӊ сапасына қатысты талаптарды күрделендіруде.

Қаржы жүйелерініӊ мүлде жаӊа архитектурасы түзілуде.

Бұл орайда қор нарықтары кезекті қаржы дағдарысына алып келуі мүмкін жаӊа "сабын көбігін" үрлеуде.

Бүгінде жаһандық және жергілікті проблемалар тоғыса түсуде.

Мұндай жағдайда сын-қатерлерге төтеп берудіӊ және мемлекеттіӊ табысқа жетуініӊ кепілі елдіӊ басты байлығы - адамныӊ даму мәселесі болып отыр.

Үкімет, әрбір мемлекеттік органныӊ, мемлекеттік компанияныӊ басшысы жұмыс тәсілдерін өзгертуі қажет.

Қазақстандықтардыӊ әл-ауқатыныӊ өсуі басты басымдыққа айналуға тиіс.

Мен лауазымды тұлғаныӊ жеке тиімділігін және қызметке лайықтылығын дәл осы өлшемге сәйкес бағалайтын боламын.

* * *

Қазақстандықтардыӊ әл-ауқаты, еӊ алдымен, табыстарыныӊ тұрақты өсімі мен тұрмыс сапасына байланысты.

І. ХАЛЫҚ ТАБЫСЫНЫӉ ӨСУІ

Адам еӊбекқор болып, өз кәсібін жақсы меӊгергенде және лайықты жалақы алуға немесе жеке кәсіп ашып, оны дамытуға мүмкіндік болған кезде табыс артады.

Мемлекет пен адамдардыӊ күш біріктіруініӊ арқасында ғана біз Жалпыға ортақ еӊбек қоғамын құра аламыз.

Біріншіден, Үкіметке 2019 жылдыӊ 1 қаӊтарынан бастап еӊ төменгі жалақыны 1,5 есе, яғни 28 мыӊнан 42 мыӊға дейін өсіруді тапсырамын.

Бұл барлық сала бойынша түрлі меншік нысандарындағы кәсіпорындарда жұмыс істейтін 1 миллион 300 мыӊ адамныӊ еӊбекақысын тікелей қамтиды.

Бюджеттік мекемелерде жұмыс істейтін 275 мыӊ қызметкердіӊ еӊбекақысы көбейіп, орта есеппен 35 пайызға өседі.

Осы мақсаттарға 2019-2021 жылдарда республикалық бюджеттен жыл сайын 96 миллиард теӊге бөлу керек.

Осыған орай, енді, еӊ төменгі жалақы еӊ төменгі күнкөріс шегіне байланысты болмайды. Еӊ төменгі жалақыныӊ жаӊа мөлшері бүкіл экономика ауқымындағы еӊбекақы өсімініӊ катализаторына айналады.

Төмен жалақы алатын қызметкерлердіӊ еӊбекақысын көтеруге қатысты бұл бастаманы ірі компаниялар қолдайды деп сенемін.

Екіншіден, бизнесті өркендетудіӊ тұрақты көздерін қалыптастырып, жеке инвестицияны ынталандыру және нарық еркіндігін қолдау керек.

Дәл осы бизнес арқылы жаӊа жұмыс орындары ашылып, қазақстандықтардыӊ басым бөлігі табыспен қамтамасыз етіледі.

БІРІНШІ. Біз 2010 жылдыӊ өзінде "Бизнестіӊ жол картасы - 2020" бағдарламасын іске қостық.

Өӊірлерге жұмыс сапарым барысында мұныӊ тиімділігіне көз жеткіздім.

Бағдарламаныӊ қолданылу мерзімін 2025 жылға дейін ұзарту керек.

Осы бағдарламаны жүзеге асыру үшін жыл сайын қосымша кемінде 30 миллиард теӊге бөлуді қарастыру қажет.

Бұл 3 жыл ішінде қосымша кемінде 22 мыӊ жаӊа жұмыс орнын ашуға, 224 миллиард теӊге салық түсіруге және 3 триллион теӊгеніӊ өнімін өндіруге мүмкіндік береді.

ЕКІНШІ. Экономикада бәсекелестікті дамыту және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен табиғи монополиялардыӊ қызметі үшін белгіленетін тарифтер саласында тәртіп орнату мақсатымен батыл шаралар қабылдау керек.

Коммуналдық қызмет пен табиғи монополияларды реттеу салаларында тарифтіӊ жасалуы және тұтынушылардан жиналған қаржыныӊ жұмсалуы әлі күнге дейін ашық емес.

Монополистердіӊ инвестициялық міндеттемелеріне тиімді мониторинг пен бақылау жүргізілмей отыр.

Үкімет 3 ай мерзім ішінде осы мәселемен айналысып, бәсекелестікті қорғау функциясын елеулі түрде күшейте отырып, монополияға қарсы ведомствоныӊ жұмысын реформалауы керек.

Бұл - маӊызды мәселе, ол бизнес үшін кететін шығынныӊ артуына, адамдардыӊ нақты табысын азайтуға әкеп соқтырады.

ҮШІНШІ. Бизнесті заӊсыз әкімшілік қысымнан және қылмыстық қудалау қаупінен қорғауды арттыра түсу керек.

2019 жылдыӊ 1 қаӊтарынан бастап салық заӊнамасыныӊ бұзылуы жөніндегі қылмыстық жауапкершіліктіӊ қолданылу шегін, айыппұлды өсіре отырып, 50 мыӊ айлық есептік көрсеткішке дейін арттыруды тапсырамын.

Сондай-ақ, негізгі міндеті көлеӊкелі экономикамен күрес болуға тиіс Қаржы мониторингі комитетіне функцияларын бере отырып, Экономикалық тергеу қызметін қайта құру қажет.

Біз "қолма-қол ақшасыз экономикаға" бет бұруымыз керек.

Мұнда жазалаушы ғана емес, сондай-ақ бизнестіӊ қолма-қол ақшасыз есеп айырысуын қолдау сияқты ынталандырушы құралдарға да сүйенген жөн.

Салық және кеден саласындағы ақпараттық жүйелер интеграциясыныӊ аяқталуы әкімшілендірудіӊ ашықтығын арттырады.

Үкімет үш жыл ішінде экономикадағы көлеӊкелі айналымды кем дегенде 40 пайызға қысқарту үшін нақты шаралар қабылдауға тиіс.

Бизнес өз жұмысын жаӊадан бастау үшін 2019 жылдыӊ 1 қаӊтарынан бастап салықтыӊ негізгі сомасы төленген жағдайда, өсім мен айыппұлды алып тастай отырып, шағын және орта бизнес үшін "салық амнистиясын" жүргізуге кірісуді тапсырамын.

ТӨРТІНШІ. Экспортқа бағытталған индустрияландыру мәселесі экономикалық саясаттыӊ негізгі элементі болуға тиіс.

Үкімет өӊдеу секторындағы экспорттаушыларға қолдау көрсетуге баса мән беруі қажет.

Біздіӊ сауда саясатымызда селқостық болмауға тиіс.

Оған біздіӊ тауарларымызды өӊірлік және әлемдік нарықта ілгерілететін белсенді сипат дарыту керек.

Сонымен бірге, халық тұтынатын тауарлардыӊ ауқымды номенклатурасын игеріп, "қарапайым заттар экономикасын" дамыту үшін кәсіпорындарымызға көмектесу қажет.

Бұл экспорттық әлеуетімізді жүзеге асыру тұрғысынан ғана емес, сондай-ақ ішкі нарықты отандық тауарлармен толтыру үшін де маӊызды.

Үкіметке өӊдеу өнеркәсібі мен шикізаттық емес экспортты қолдау мақсатымен алдағы 3 жылда қосымша 500 миллиард теӊге бөлуді тапсырамын.

Басымдығы бар жобаларға қолжетімді несие беру міндетін шешу үшін Ұлттық банкке кемінде 600 миллиард теӊге көлемінде ұзақ мерзімге қаржы бөлуді тапсырамын.

Үкімет Ұлттық банкпен бірлесіп, осы қаражаттыӊ көзделген мақсатқа жұмсалуын қатаӊ бақылауды қамтамасыз етуі керек.

Ірі әрі серпінді жобаларды жүзеге асыру үшін шетелдік инвесторлармен бірлесіп инвестиция салу қағидаты бойынша жұмыс істейтін Шикізаттық емес секторға бөлінетін тікелей инвестиция қорын құру мәселесін қарастыру қажет.

Сондай-ақ, көлік-логистика және басқа да қызмет көрсету секторларын ілгерілету жөніндегі жұмыстарды жандандыру керек.

Бай табиғатымыз бен мәдени әлеуетімізді пайдалану үшін сырттан келетін және ішкі туризмді дамытуға ерекше көӊіл бөлу қажет. Үкімет қысқа мерзімде салалық мемлекеттік бағдарлама қабылдауға тиіс.

БЕСІНШІ. Агроөнеркәсіп кешенініӊ әлеуетін толық іске асыру керек.

Негізгі міндет - еӊбек өнімділігін және қайта өӊделген ауыл шаруашылығы өнімініӊ экспортын 2022 жылға қарай 2,5 есе көбейту.

Мемлекеттік қолдаудыӊ барлық шараларын елімізге заманауи агротехнологияларды ауқымды түрде тартуға бағыттау қажет.

Біз икемді әрі ыӊғайлы стандарттарды енгізу және ауыл шаруашылығы саласындағы беделді шетелдік мамандарды - "ақылды адамдарды" тарту арқылы саланы басқарудыӊ үздік тәжірибесін пайдалануымыз керек.

Ауыл кәсіпкерлеріне шаруашылық жүргізудіӊ жаӊа дағдыларын үйрету үшін жаппай оқыту жүйесін қалыптастырған жөн.

Үкіметке алдағы 3 жыл ішінде осы мақсаттарға жыл сайын қосымша кемінде 100 миллиард теӊге қарастыруды тапсырамын.

АЛТЫНШЫ. Инновациялық және сервистік секторларды дамытуға ерекше көӊіл бөлген жөн.

Еӊ алдымен, "болашақтыӊ экономикасыныӊ" баламалы энергетика, жаӊа материалдар, биомедицина, үлкен деректер, заттар интернеті, жасанды интеллект, блокчейн және басқа да бағыттарын ілгерілетуді қамтамасыз ету қажет.

Еліміздіӊ жаһандық әлемдегі орны мен рөлі келешекте нақ осыларға байланысты болады.

Үкіметке Назарбаев Университетімен бірлесіп, нақты жобаларды анықтай отырып, әрбір бағыт бойынша арнайы бағдарламалар әзірлеуді тапсырамын.

Университет базасында жасанды интеллект технологиясын әзірлеумен айналысатын ғылыми-зерттеу институтын құру сондай жобалардыӊ бірі бола алады.

ЖЕТІНШІ. Нақты экономиканы өркендету үшін қаржы секторыныӊ рөлін күшейтіп, ұзақ мерзімді макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету қажет.

Бағаныӊ өсуі, қаржыландыруға қолжетімділік, банктердіӊ орнықтылығы - міне, осы мәселелер көбіне қазір жұрттыӊ қызығушылығын тудырып отыр.

Ұлттық банк Үкіметпен бірлесіп, қаржы секторын және нақты секторларды сауықтыру, инфляцияға қарсы кешенді саясат жүргізу мәселелерін жүйелі түрде шешуді бастауы керек.

Қалыптасқан жағдайда экономиканы, әсіресе, өӊдеу секторы мен шағын және орта бизнесті несиелендіруді ұлғайту өте маӊызды.

Сондай-ақ, зейнетақы активтері мен әлеуметтік сақтандыру жүйесініӊ ресурстарын басқару тиімділігін арттырып, баламалы қаржы құралдарын - құнды қағаз нарығы, сақтандыру және басқа да салаларды нақты дамыту керек.

Бизнесті шетел инвестициясымен, капиталға қолжетімділікпен қамтамасыз ету ісінде "Астана" халықаралық қаржы орталығы маӊызды рөл атқаруға тиіс.

Біз жеке сотты, қаржы реттеуішін, биржаны арнайы құрдық.

Барлық мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялар осы алаӊды белсенді пайдаланып, оныӊ тез қалыптасуына және дамуына атсалысуы керек.

* * *

Аталған шаралардыӊ тиімді жүзеге асырылуы жалақыныӊ өсуі мен жаӊа жұмыс орындарыныӊ ашылуы есебінен қазақстандықтардыӊ табысын арттырады.

Бұл үдерістер әрдайым Үкіметтіӊ басты назарында болуға тиіс.

II. ТҰРМЫС САПАСЫН АРТТЫРУ

Әл-ауқатымыздыӊ екінші бір сипаты - өмір сүру деӊгейініӊ артуы.

Білім берудіӊ, денсаулық сақтау саласыныӊ, тұрғын үйдіӊ сапасы мен қолжетімділігі, жайлы және қауіпсіз жағдайда өмір сүру мәселелері әрбір қазақстандық отбасына қатысты.

Осыған орай, Үкімет әлеуметтік секторға, қауіпсіздік пен инфрақұрылымға мән бере отырып, бюджет шығыстарыныӊ басымдықтарын қайта қарауға тиіс.

БІРІНШІ. 5 жыл ішінде білім, ғылым, денсаулық сақтау салаларына барлық көздерден жұмсалатын қаражатты ішкі жалпы өнімніӊ 10 пайызына дейін жеткізу қажет.

Қаржыландыруды халыққа қызмет көрсету сапасын елеулі түрде арттыруды қамтамасыз ететін тиісті реформаларды жүзеге асыру үшін бағыттау керек.

ЕКІНШІ. Мектепке дейінгі білім беру сапасын түбегейлі жақсарту керек.

Ойлау негіздері, ақыл-ой мен шығармашылық қабілеттер, жаӊа дағдылар сонау бала кезден қалыптасады.

Білім беру ісінде 4К моделіне: креативтілікті, сыни ойлауды, коммуникативтілікті дамытуға және командада жұмыс істей білуге басты назар аударылуда.

Бұл салада біліктілік талаптарын, оқыту әдісін, тәрбиешілердіӊ және балабақшадағы басқа да қызметкерлердіӊ еӊбегіне ақы төлеу жүйесін қайта қарау қажет.

Білім және ғылым министрлігі әкімдіктермен бірлесіп, биыл тиісті "Жол картасын" әзірлеуі керек.

ҮШІНШІ. Орта білім беру жүйесінде негізгі тәсілдер белгіленген, қазіргі кезеӊде солардыӊ орындалуына баса назар аударған жөн.

Назарбаев зияткерлік мектептерініӊ оқыту жүйесі мен әдістемесі мемлекеттік мектептер үшін бірыӊғай стандарт болуға тиіс. Бұл мектеп білімін реформалаудыӊ қорытынды кезеӊі болады.

Білім сапасын бағалау жүйесі халықаралық стандарттарға негізделуге тиіс.

Орта мектептердіӊ өзінде балаларды мейлінше сұранысқа ие мамандықтарға бейімдеп, кәсіби диагностика жүргізу маӊызды.

Бұл оқытудыӊ жеке бағдарын жасауға және оқушы мен мұғалімніӊ оқу жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді.

Балалар қауіпсіздігініӊ маӊыздылығын ескеріп, бүкіл мектептер мен балабақшаларды бейнебақылау жүйесімен қамтамасыз етуді, мектеп психологтарыныӊ жұмысын күшейтуді және басқа да дәйекті шараларды жүзеге асыруды тапсырамын.

Білім алудыӊ қолжетімділігін арттыру мақсатымен оқушыларға орын жетіспейтіні, мектептердіӊ үш ауысымда оқыту және апат жағдайында болу проблемалары мейлінше сезіліп отырған өӊірлер үшін Үкіметке 2019-2021 жылдарға арналған бюджеттен қосымша 50 миллиард теӊге қарастыруды тапсырамын.

ТӨРТІНШІ. Келесі жылы "Педагог мәртебесі туралы" заӊды әзірлеп, қабылдау қажет деп санаймын.

Бұл құжат мұғалімдер мен мектепке дейінгі мекемелер қызметкерлері үшін барлық игілікті қарастырып, жүктемені азайтуға, жөнсіз тексерістер мен міндеттен тыс функциялардан арашалауға тиіс.

БЕСІНШІ. Жоғары білім беру ісінде оқу орындарыныӊ маман дайындау сапасына қатысты талаптар күшейтіледі.

Біз гранттардыӊ санын көбейттік, енді жауапкершіліктіӊ кезеӊі келді.

Жоғары оқу орныныӊ табыстылығын бағалаудыӊ басты критерийі - оқу бітірген студенттердіӊ жұмыспен қамтылуы, жалақысы жоғары жұмысқа орналасуы.

Жоғары оқу орындарын ірілендіру саясатын жүргізу қажет.

Нарықта жоғары сапалы білім беруді қамтамасыз ететіндері ғана қалуға тиіс. Назарбаев Университетініӊ тәжірибесіне сүйеніп, үздік шетелдік топ-менеджерлерді жұмысқа тарту арқылы әлемніӊ жетекші университеттерімен әріптестік орнату маӊызды.

Қазіргі білім инфрақұрылымыныӊ базасында Назарбаев Университетініӊ үлгісімен өӊірлік жаӊа жоғары оқу орнын құру қажет деп санаймын.

АЛТЫНШЫ. Медициналық қызмет сапасы халықтыӊ әлеуметтік көӊіл-күйініӊ аса маӊызды компоненті болып саналады.

Еӊ алдымен, әсіресе ауылдық жерлерде алғашқы медициналық-санитарлық көмектіӊ қолжетімді болуын қамтамасыз ету қажет.

Алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін қызметкерлерді ынталандыру үшін 2019 жылдыӊ 1 қаӊтарынан бастап ауруларды емдеу ісін басқарудыӊ жаӊа тәсілдерін енгізген учаскелік медицина қызметкерлерініӊ жалақысын кезеӊ-кезеӊмен 20 пайызға көбейтуді тапсырамын.

Осы мақсаттарға келесі жылы 5 миллиард теӊге бөлінеді.

2019 жылдыӊ 1 қаӊтарынан бастап барлық емханалар мен ауруханалар медициналық құжаттарды қағазсыз, цифрлық нұсқада жүргізуге көшуге тиіс.

Бұл 2020 жылға қарай бүкіл тұрғындардыӊ электронды денсаулық паспорттарын жасауға, кезектерді, бюрократияны жоюға, қызмет көрсету сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

Осыған дейін жасалған кардиологиялық және нейрохирургиялық кластерлердіӊ тәжірибесін пайдаланып, 2019 жылы Астанада Ұлттық ғылыми онкологиялық орталықтыӊ құрылысын бастау керек.

Осылайша біз көптеген адам өмірін сақтап қаламыз.

ЖЕТІНШІ. Өӊірлік деӊгейдегі резервтерді тауып, бұқаралық спорт пен дене шынықтырудыӊ қолжетімділігін арттыру қажет.

Үкіметке және әкімдерге кем дегенде 100 дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салуды тапсырамын.

Сондай-ақ, қолданыстағы, әсіресе мектептердегі спорт ғимараттарын тиімді пайдаланып, дене шынықтырумен айналысу үшін аулаларды, парктерді, саябақтарды жабдықтау қажет.

СЕГІЗІНШІ. Ұлт саулығы - мемлекеттіӊ басты басымдығы. Бұл - қазақстандықтар сапалы азық-түлікті пайдалануға тиіс деген сөз.

Бүгінде халықты сапасыз әрі денсаулыққа және өмірге қауіп төндіретін тауарлар мен көрсетілетін қызметтерден қорғайтын тұтас саясат жоқ.

Үкіметке шаралар қабылдауды және осы жұмысты ретке келтіруді тапсырамын.

Келесі жылдан бастап Тауарлар мен көрсетілетін қызмет сапасын және қауіпсіздігін бақылау комитеті жұмысын бастауға тиіс.

Оныӊ қызметі, еӊ бастысы, азық-түлікке, дәрі-дәрмекке, ауыз суға, балалар тауарына, медициналық қызмет көрсетуге сараптама жүргізуді қамтитын болады.

Бұл үшін заманауи зертханалық базаны қамтамасыз етіп, білікті мамандар штатын қалыптастыру қажет.

Бұл орайда, тұтынушылардыӊ құқықтарын қорғайтын қоғамдық ұйымдарды институционалды тұрғыдан күшейтіп, оларды белсенді пайдаланған жөн.

Біз әрдайым бизнеске көмек көрсетеміз, бірақ адам, оныӊ құқықтары мен денсаулығы маӊыздырақ.

Мемлекет әкімшілік кедергілерді азайту барысында көптеген тексерістен, рұқсат беру және басқа да рәсімдерден бас тартты.

Сондықтан, ұсынылатын тауарлардыӊ, көрсетілетін қызметтердіӊ сапасы мен қауіпсіздігі үшін бизнес қоғамдастығы да жауап береді.

Жалпы, бизнес пайда табуды ғана емес, сондай-ақ, мемлекетпен бірлесіп азаматтарымыздыӊ қауіпсіздігі мен жайлы тұрмысын қамтамасыз етуді де ойлауы керек.

* * *

Халыққа сапалы әлеуметтік қызмет көрсету ісі тұрғын үй жағдайын жақсарту, еліміздегі кез келген елді мекенде жайлы әрі қауіпсіз өмір сүру сипатындағы мол мүмкіндіктермен үйлесімді түрде толыға түсуге тиіс.

III. ӨМІР СҮРУГЕ ЖАЙЛЫ ОРТА ҚАЛЫПТАСТЫРУ

Жайлылық дегеніміз - еӊ алдымен, тұрғын үйдіӊ қолжетімділігі, ауланыӊ әдемілігі мен қауіпсіздігі, тіршілікке және жұмыс істеуге қолайлы елді мекенніӊ және сапалы инфрақұрылымныӊ болуы.

БІРІНШІ. Сапалы әрі қолжетімді тұрғын үй.

Бүгінде біз тұрғын үй құрылысына зор серпін беріп отырған "Нұрлы жер" бағдарламасын табысты іске асырудамыз.

Тұрғын үй ипотекасыныӊ қолжетімділігін арттыратын жаӊа ауқымдағы "7-20-25" бағдарламасы қолға алынды.

Әкімдерге жергілікті бюджет есебінен жеӊілдетілген ипотека бойынша алғашқы жарнаны ішінара субсидиялау мәселесін пысықтауды тапсырамын.

Мұндай тұрғын үй сертификаттарын беру біліктілігі жоғары педагогтер, медицина қызметкерлері, полицейлер және өӊірге қажетті басқа да мамандар үшін ипотеканыӊ қол жетімділігін арттырады.

Сондай-ақ, халықтыӊ әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтары үшін ірі қалаларда жалдамалы тұрғын үй құрылысын ұлғайту қажет.

Бұл шаралар 250 мыӊнан астам отбасы үшін тұрғын үй жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді.

Бюджет есебінен салынатын жаппай құрылыс алаӊдарына арналған инженерлік инфрақұрылым жүргізуді қоса алғанда, мемлекет бес жыл ішінде 650 мыӊ отбасыға немесе 2 миллионнан астам азаматтарымызға қолдау көрсетеді.

ЕКІНШІ. Еліміздіӊ аумақтық дамуына жаӊа тәсілдер енгізуді қамтамасыз ету қажет.

Бүгінде жетекші елдердіӊ экономикасы, көбіне, жаһандық қалалар немесе мегаполистер арқылы танылады.

Әлемдік ішкі жалпы өнімніӊ 70 пайыздан астамы қалаларда түзіледі.

Біздіӊ өз тұрмыс салтымыз тарихи қалыптасты, моноқалалары мен шағын облыс орталықтары бар аграрлы экономика басымдыққа ие болды.

Сондықтан 18 миллион халқы бар ел үшін миллионнан астам тұрғыны бар 3 қаланыӊ болуы, соныӊ ішінде 2 қаланыӊ тәуелсіз Қазақстан дәуірінде осы қатарға қосылуы - үлкен жетістік.

Астана мен Алматы еліміздегі ішкі жалпы өнімніӊ 30 пайыздан астамын қазірдіӊ өзінде қамтамасыз етіп отыр.

Бірақ, қалалардыӊ инфрақұрылымы кәсіпорындар мен тұрғындардыӊ жедел өсіп келе жатқан қажеттіліктеріне сай бола бермейді.

Соӊғы жылдары біз "Нұрлы жол" бағдарламасы бойынша республикалық маӊызы бар инфрақұрылым қалыптастырдық.

2015 жылдан бастап 2400 шақырым автомобиль жолы салынды және қайта жөнделді. Бұл жұмыстар жалғасуда және 2020 жылға дейін қосымша 4600 шақырым жол пайдалануға беріледі.

Енді өӊірлік және қалалық инфрақұрылымды жүйелі түрде дамытқан жөн.

Осы мақсатқа орай биыл қаржыландыру көлемі арты: жергілікті маӊызы бар жолдарға 150 миллиард теӊгеге дейін, ауылдық жерлерді сумен қамтуға 100 миллиард теӊгеге дейін қаражат бөлінді.

Әкімдер осы қаражаттыӊ есебінен өӊірлердегі мейлінше өткір проблемаларды шешуге күш жұмылдыруы керек.

Үкімет бұл міндетті жүйелі қолға алып, қосымша инфрақұрылымдық мәселелер тізімін жасап, жобаларды бағалап, оларды қаржыландыру көздерін іздеп табуы қажет.

Жаӊа мектептер, балабақшалар, ауруханалар құрылысын елді мекендерді дамыту жоспарларымен ұштастыру қажет, сондай-ақ, бұл секторға жеке инвесторларды тарту үшін жағдай жасаған жөн.

Сонымен қатар, "инфрақұрылым адамдарға" моделінен "адамдар инфрақұрылымға" моделіне бірте-бірте көшу қажет.

Бұл елді мекендерді ірілендіру ісін ынталандырып, бөлінетін қаражатты пайдалану тиімділігін арттыратын болады.

Әрбір өӊір мен ірі қала бәсекеге қабілеттіліктіӊ қолда бар басымдықтарын ескеріп, өзіндік орнықты экономикалық өсу және жұмыспен қамту моделіне сүйене отырып дамуға тиіс.

Осыған орай, тірек саналатын ауылдардан бастап республикалық маӊызы бар қалаларға дейінгі түрлі елді мекендер үшін өӊірлік стандарттар жүйесін әзірлеу керек.

Бұл стандарт әлеуметтік игіліктер мен көрсетілетін мемлекеттік қызметтердіӊ тізімі мен қолжетімділігініӊ, көлік, мәдени-спорттық, іскерлік, өндірістік, цифрлық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілудіӊ нақты көрсеткіштерін және басқа да мәселелерді қамтуға тиіс.

Экологиялық ахуалды жақсарту, соныӊ ішінде зиянды заттардыӊ таралуы, топырақтыӊ, жердіӊ, ауаныӊ жағдайы, қалдықтарды жою, сондай-ақ онлайн түрінде еркін қолжетімді экологиялық мониторинг жүргізу жүйесін дамыту жөніндегі жұмыстарды күшейту қажет.

Мүмкіндігі шектеулі тұлғаларға арналған "кедергісіз орта" қалыптастыруға зор мән берілуге тиіс.

2019 жылдыӊ 1 қыркүйегіне дейін Еліміздіӊ басқарылатын урбанизациясыныӊ жаӊа картасына айналатын Еліміздіӊ 2030 жылға дейінгі аумақтық-кеӊістіктік дамуыныӊ болжамды схемасын әзірлеуді тапсырамын.

Практикалық шараларды жүзеге асыру үшін нақты іс-шараларды, жобаларды және қаржыландыру көлемін көрсете отырып, Өӊірлерді дамытудыӊ 2025 жылға дейінгі прагматикалық бағдарламасын әзірлеуді тапсырамын.

Өӊірлік дамудыӊ аталған аспектілері іске асырылу мерзімдері 2025 жылға дейін ұзартылуға тиіс "Нұрлы жол" және "Нұрлы жер" мемлекеттік бағдарламаларында ескерілуі керек.

Біріншісі көлік инфрақұрылымын дамытуға, екіншісі - коммуналды және тұрғын үй құрылысындағы міндеттерді шешуге бағытталуға тиіс.

Бұл бағдарламалардыӊ "екінші тынысын" ашу керек.

ҮШІНШІ. Құқық қорғау органдарыныӊ жұмысына тереӊ және сапалы өзгерістер қажет.

Қауіпсіздік тұрмыс сапасыныӊ ажырамас бөлігі болып саналады.

Ішкі істер органдарыныӊ қызметкерлері қылмыспен күресте "алдыӊғы шепте" жүріеді, көбіне өз басын қатерге тігіп, азаматтарды қорғайды.

Сонымен қатар, қоғам құқық қорғау органдарыныӊ, еӊ алдымен, полиция жұмысыныӊ түбегейлі жақсаруын күтіп отыр.

Үкіметке Президент Әкімшілігімен бірлесіп, "Ішкі істер органдарын жаӊғырту жөніндегі жол картасын" қабылдауды тапсырамын.

Реформалар 2019 жылдыӊ 1 қаӊтарынан бастап жүзеге асырыла бастауға тиіс.

Біріншіден, Ішкі істер министрлігініӊ штаттық санын оӊтайландырып, полицияны өзіне тиесілі емес функциялардан арылту қажет.

Үнемделген қаражатты полицейлердіӊ жалақысын көбейтуге, олардыӊ тұрғын үй және өзге де әлеуметтік мәселелерін шешуге бағыттаған жөн.

Екіншіден, полиция қызметкерініӊ жаӊа стандартын бекітіп, мансаптық ілгерілеу, сондай-ақ, полиция академиялары арқылы кадрларды даярлау мен іріктеу жүйесін өзгерту керек.

Қызметкерлердіӊ бәрі қайта аттестациялаудан өтуге тиіс. Тек үздіктері ғана қызметін жалғастырады.

Үшіншіден, халықпен жұмыс істеудіӊ жаӊа заманауи форматтарын енгізіп, полицияны бағалаудыӊ критерийлерін түбегейлі өзгерткен жөн.

Полицияныӊ жұмысын сервистік модельге көшіру қажет.

Азаматтар санасында полицейлер жазалаушы емес, керісінше, қиын жағдайда көмек көрсетуші деген түсінік орнығуы керек.

Қалалық және аудандық ішкі істер органдары жанында Халыққа қызмет көрсету орталықтарыныӊ қағидаты бойынша азаматтарды қабылдау үшін қолайлы жағдай жасау қажет.

Қазақстанныӊ бүкіл қалаларын қоғамдық қауіпсіздікке мониторинг жүргізу жүйелерімен жабдықтау керек.

Қоғам тарапынан білдірілген сенім деӊгейі және халықтыӊ өзін қауіпсіз сезінуі полиция жұмысын бағалаудыӊ негізгі өлшемдері болуға тиіс.

ТӨРТІНШІ. Сот жүйесін одан әрі жаӊғырту.

Соӊғы жылдары көп жұмыс атқарылды, дегенмен, басты міндет - соттарға деген сенімніӊ жоғары деӊгейін қамтамасыз ету шешімін таппай отыр.

Сонымен қатар, құқық үстемдігі - біздіӊ реформаларымыздыӊ табысты болуыныӊ негізгі факторы.

Біріншіден, сот жұмысыныӊ заманауи форматтарын және озық электронды сервистер енгізуді жалғастырған жөн.

Жыл сайын 4 миллион азаматымыз сотта қаралатын іске қатысады.

Бұған қаншама күш пен қаражат жұмсалады!

Уақыт пен ресурстардыӊ орынсыз шығынын талап ететін артық сот рәсімдері қысқаруға тиіс. Бұрын адамдардыӊ жеке өздерініӊ келуі талап етілсе, қазір оны алыстан жүзеге асыруға болады.

Екіншіден, сот жүйесініӊ сапалы дамуын және кадрларыныӊ жаӊаруын қамтамасыз етіп, үздік заӊгерлер судья болуға ұмтылатындай жағдай жасау керек.

Үшіншіден, әсіресе бизнес пен мемлекеттік құрылымдар арасындағы сот арқылы шешілетін дау-дамайды қарау кезінде түсінікті әрі болжамды сот тәжірибесі керек, сондай-ақ судьяларға заӊсыз ықпал ету мүмкіндіктерін жою қажет.

Жоғарғы сотқа Үкіметпен бірлесіп, жыл соӊына дейін тиісті шаралар кешенін әзірлеуді тапсырамын.

* * *

Кез келген реформаларды іске асыру барысында өзініӊ барлық іс-қимылын халықтыӊ әл-ауқатын арттыруға арнайтын жинақы әрі тиімді мемлекеттік аппарат маӊызды рөл атқаратын болады.

IV. АЗАМАТТАР СҰРАНЫСЫНА БЕЙІМДЕЛГЕН МЕМЛЕКЕТТІК АППАРАТ

Жаӊа кезеӊ жағдайында мемлекеттік аппарат қалай өзгеруге тиіс?

БІРІНШІ. Мемлекеттік органдар қызметініӊ тиімділігін түбегейлі арттыру.

"Сапа" - мемлекеттік қызметші өмірініӊ жаӊа стилі, ал өзін-өзі жетілдіру - оныӊ басты қағидаты болуға тиіс.

Жаӊа формацияныӊ мемлекеттік қызметшілері мемлекет пен қоғам арасындағы алшақтықты қысқартуға тиіс.

Бұл арқылы тұрақты кері байланыс орнығып, мемлекеттік саясаттыӊ нақты шаралары мен нәтижелері қызу талқыланып, жұртшылыққа түсіндіріледі.

Мемлекеттік басқару академиясы Назарбаев Университетімен бірлесіп, "Жаӊа формацияныӊ басшысы" бағдарламасын және басшылық қызметтерге тағайындау кезінде арнайы қайта даярлаудан өткізетін курстар әзірлеу қажет.

Үздік шетелдік компанияларда жұмыс тәжірибесі бар немесе әлемніӊ жетекші университеттерінде білім алған жеке сектордағы кәсіби мамандарды тарту маӊызды.

Биыл біз 4 мемлекеттік органға жалақы төлеудіӊ жаӊа моделін енгіздік.

Барлық пилоттық жобалар жақсы нәтижелер көрсетіп отыр.

Мемлекеттік қызметке қызығушылық артты, әсіресе өӊірлік деӊгейде оныӊ өзектілігі жоғары.

Тиімсіз шығындарды оӊтайландыру және басшылық құрамын қысқарту есебінен төменгі және орта буындағы қызметкерлердіӊ жалақысы 2 - 2,5 есе өсті.

Кадрлардыӊ жұмыстан кетуі 2 есе қысқарды.

Беделді жоғары оқу орындарын бітірген түлектерді қоса алғанда, біліктілігі жоғары кадрлардыӊ жеке сектордан келуі 3 есе артты.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінде орталық аппаратқа арналған конкурс бір орынға 28 адамға дейін, ал өӊірлік құрылымдарда бір орынға 60 адамға дейін өсті.

Маӊғыстау облысыныӊ әкімдігіндегі 1 бос орынға енді 16 адам, ал Әділет министрлігінде орта есеппен 13 адам үміткер болып отыр.

Астанада мемлекет-жекеменшік әріптестік аясында іске асырылып жатқан жобаларды қаржыландыруға қатысты жаӊа тәсілдер есебінен ғана 30 миллиардтан астам теӊге үнемделді.

Еӊбекақы төлеудіӊ жаӊа моделіне көшу үшін мемлекеттік органдардыӊ басшыларына "бюджеттік-кадрлық маневрді" жүзеге асыруға құқық бердім.

Олар үнемделген қаражатты қызметшілердіӊ жалақысын арттыруға бағыттау мүмкіндігін алды.

Қазіргі уақытта көптеген мемлекеттік органдар жаӊа модельге көшуді қалап отыр.

Еӊ бастысы - олар мұны тек жалақыны көбейту ғана емес, бәрінен бұрын, жұмыстарыныӊ тиімділігін арттыру деп түсінуі керек.

Еӊбекке төленетін қаржыныӊ өсімі бюджет шығысын, соныӊ ішінде бағынышты мекемелердіӊ шығыстарын оӊтайландыру және үнемдеу есебінен өтелуін бақылауда ұстауды тапсырамын.

Бұл жерде аталған жобаныӊ беделін түсірмес үшін формализм мен теӊгермешілікке жол бермеу қажет.

ЕКІНШІ. Осы күрделі кезеӊде бөлінетін әрбір теӊгеніӊ қайтарымыныӊ мол болуына қол жеткізу керек.

Тексерістер нәтижелері айқындап отырғандай, құрылыс құны кей жағдайда жобалық құжаттар әзірлеу кезеӊінде-ақ арттырылып көрсетіледі.

Соӊына дейін жеткізілмейтін немесе перспективасы жоқ екені әуел бастан белгілі болған жобалар бар.

Егер жүктелген іске жауапкершілік танытатын болсақ, бюджеттіӊ жүздеген миллиард теӊгесін үнемдеп, тұрғындардыӊ нақты қажетіне бағыттауға болады.

Үкімет тиімсіз әрі уақтылы емес шығындарды болдырмай, шығыстарды оӊтайландырып, қаражатты үнемдеу үшін жүйелі шаралар қабылдауы қажет.

ҮШІНШІ. Сыбайлас жемқорлықпен белсенді күрес жалғасатын болады.

Біріншіден, көрсетілетін мемлекеттік қызметтер аясында мемлекеттік қызметшілердіӊ тұрғындармен тікелей қарым-қатынасын азайтуға қол жеткізген жөн.

Жер қатынастары мен құрылыс саласындағы бюрократтық рәсімдер жұртшылықты мазалайтын мәселелердіӊ бірі болып саналады.

Бұл салада ашықтық жоқ, халық пен бизнес ақпаратқа толық қол жеткізе алмай отыр.

Жер қоры мен жылжымайтын мүлік нысандары туралы мәліметтердіӊ бірыӊғай ақпараттық базасын жасауды тапсырамын.

Осы мәселе бойынша тәртіп орнатып, жерді нақты инвесторларға беру керек!

Бұл - бір ғана мысал.

Жұрттыӊ және бизнес қоғамдастығыныӊ наразылығын туғызатын басқа да бағыттар бойынша тиісті жұмыстар жүргізу керек.

Жалпы, 2019 жылы көрсетілетін мемлекеттік қызметтердіӊ 80 пайызы, ал 2020 жылы кемінде 90 пайызы электронды форматқа көшірілуге тиіс.

Сол үшін Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы заӊды жедел жаӊарту керек.

Екіншіден, қарамағындағы қызметкерлер сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқықбұзушылық жасаған жағдайда бірінші басшылардыӊ жеке тәртіптік жауапкершілігін күшейту мәселесін пысықтау қажет.

Сонымен қатар, адал жұмыс істейтін қызметкер тексерушілерден қорықпауға тиіс.

Үшіншіден, "Сыбайлас жемқорлықтан ада өӊірлер" жобалары аясында елорданыӊ жемқорлыққа қарсы стратегияны жүзеге асыру жөніндегі тәжірибесін тарату керек.

ТӨРТІНШІ. Үкімет пен барлық мемлекеттік органдардыӊ жұмысында формализм мен бюрократияны азайту қажет.

Соӊғы кездері Үкіметтегі, мемлекеттік органдардағы ұзақ отырыстар мен кеӊестердіӊ саны еселеп артып, сондай-ақ құжат айналымы елеулі түрде көбейді.

Үкімет әкімдердіӊ және олардыӊ орынбасарларыныӊ қатысуымен күніне 7 кеӊес өткізетін кездері де болады.

Олар қай кезде жұмыс істейді?

Мұны доғарып, бұл мәселені ретке келтіру керек.

Өздеріне нақты міндеттемелер алуға және солар үшін жария түрде есеп беруге тиіс министрлер мен әкімдерге шешім қабылдау еркіндігін ұсыну қажет.

Еліміздіӊ 2025 жылға дейінгі дамуыныӊ стратегиялық жоспарыныӊ әзірленген көрсеткіштер картасы бұған негіз болуға тиіс.

БЕСІНШІ. Қойылған міндеттерді тиімді жүзеге асыру үшін реформалардыӊ жүргізілуіне бақылау механизмдерін күшейту қажет.

Үкімет пен мемлекеттік органдар жыл соӊына дейін дамудыӊ аталған барлық мәселелерін қамти отырып, нақты индикаторлар мен "жол карталарын" әзірлеуге тиіс, сондай-ақ реформаларды іске қосу үшін қажетті заӊ жобаларыныӊ бәрін Парламентке уақтылы енгізуі керек.

Өз кезегінде, Парламент оларды сапалы әрі жедел қарастырып, қабылдауға тиіс.

Реформалар мен негізгі стратегиялық құжаттардыӊ жүзеге асырылу барысына мониторинг жүргізіп, бағалау үшін қажетті өкілеттіктер бере отырып, Президент Әкімшілігінде Ұлттық жаӊғыру офисін құруды тапсырамын.

Бұл офис статистикалық көрсеткіштерге мониторинг жүргізуден бөлек, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымыныӊ тәжірибесіне сәйкес, тұрғындар үшін өзекті мәселелер жөнінде халық пен бизнес өкілдері арасында тұрақты түрде сауалнама жүргізуді қамтамасыз етеді.

Офис әрбір бағыт бойынша қалыптасқан жағдай жөнінде маған үнемі баяндап отырады.

Үкіметтіӊ әрбір мүшесі, мемлекеттік органдар мен компаниялардыӊ басшылары алға қойылған міндеттердіӊ орындалуына дербес жауап беретін болады.

V. ТИІМДІ СЫРТҚЫ САЯСАТ

Қазақстанныӊ табысты жаӊғыруын қамтамасыз ету үшін бастамашыл белсенді сыртқы саясатты одан әрі жүзеге асыру қажет.

Біздіӊ бейбітсүйгіш бағытымыз бен осы саладағы нақты айқындалған қағидаттарымыз өзін-өзі толық ақтап отыр.

Қазақстанныӊ Ресей Федерациясымен қарым-қатынасы мемлекетаралық байланыстардыӊ эталоны болып саналады.

Толыққанды интеграциялық бірлестік әрі әлемдік экономикалық қатынастардыӊ белсенді мүшесі ретінде қалыптасқан Еуразиялық экономикалық одақ табысты жұмыс істеуде.

Орталық Азия өӊірінде өзара ықпалдастықтыӊ жаӊа парағы ашылды.

Қытай Халық Республикасымен жан-жақты стратегиялық серіктестігіміз дәйекті түрде дамып келеді.

"Бір белдеу - бір жол" бағдарламасы Қытаймен қарым-қатынасымызға тыӊ серпін берді.

Меніӊ қаӊтар айындағы Вашингтонға ресми сапарым және Президент Дональд Трамппен жүргізген келіссөздерім барысында Қазақстан мен АҚШ-тыӊ XXI ғасырдағы кеӊейтілген стратегиялық серіктестігі жөніндегі уағдаластыққа қол жеткізілді.

Біз сауда және инвестиция саласындағы ірі серіктесіміз - Еуропа Одағымен қарқынды ынтымақтастығымызды жалғастыра береміз.

ТМД елдерімен, Түркиямен, Иранмен, Араб Шығысы және Азия елдерімен өзара тиімді екі жақты қатынастар дамып келеді.

Ақтау қаласындағы саммитте қабылданған Каспий теӊізініӊ құқықтық мәртебесі туралы конвенция Каспий маӊы елдерімен ынтымақтастықтыӊ жаӊа мүмкіндіктеріне жол ашады.

Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымыныӊ Қауіпсіздік Кеӊесіндегі миссиясын абыроймен аяқтап келеді.

Сирия жөніндегі Астана процесі бейбіт жолмен реттеу және осы елдіӊ дағдарыстан шығуы жөнінде тиімді жұмыс жүргізіп жатқан бірден-бір келіссөздер форматына айналды.

Сонымен қатар, қазіргі күрделі жағдайда Қазақстан Республикасыныӊ сыртқы саясаты бейімделуді және ұлттық мүддені прагматизм қағидаттарына сәйкес ілгерілетуді талап етеді.

* * *

Барлық кезеӊде де табысқа деген нық сенім мен халықтыӊ бірлігі ғана ел тағдырын шешкен.

Бірлескен күш-жігеріміздіӊ арқасында ғана біз ұлы асуларды бағындыра аламыз.

VІ. ӘРБІР ҚАЗАҚСТАНДЫҚТЫӉ ЕЛІМІЗДЕГІ ӨЗГЕРІСТЕР ҮДЕРІСТЕРІНЕ АТСАЛЫСУЫ

Әрбір қазақстандық жүргізіліп жатқан реформалардыӊ мәнін және олардыӊ Отанымызды өркендету жолындағы маӊызын жете түсінуге тиіс.

Реформаларды табысты жүзеге асыру үшін қоғамымыздыӊ ортақ мақсатқа жұмылуы аса маӊызды.

"Рухани жаӊғыру" бағдарламасы жаппай қолдауға ие болып, қоғамдағы жаӊғыру үдерістеріне зор серпін берді.

Бұл бастаманы әрі қарай жалғастырып қана қоймай, оныӊ аясын жаӊа мазмұнмен және бағыттармен толықтыру қажет.

Жастар мен отбасы институтын кешенді қолдау мемлекеттік саясаттыӊ басымдығына айналуға тиіс.

Жастардыӊ барлық санатын қолдауға арналған шараларды толық қамтитын әлеуметтік сатыныӊ ауқымды платформасын қалыптастыру керек.

Келесі жылды Жастар жылы деп жариялауды ұсынамын.

Біз ауылдық жерлердіӊ әлеуметтік ортасын жаӊғыртуға кірісуіміз қажет.

Бұған арнайы "Ауыл - Ел бесігі" жобасыныӊ іске қосылуы септігін тигізеді.

Бұл жоба арқылы өӊірлердегі еӊбекке қатысты идеологияны ілгерілетуді қолға алу керек.

Бойскаут қозғалысы сияқты "Сарбаз" балалар-жасөспірімдер бірлестігін құрып, мектептерде әскери-патриоттық тәрбиеніӊ рөлін күшейткен жөн.

"Өз жеріӊді танып біл" жаӊа бастамасы аясында еліміздіӊ өӊірлері бойынша жаппай мектеп туризмін қайта жаӊғырту керек.

Бүгінде халықтыӊ әлеуметтік көӊіл-күйін айқындайтын негізгі салаларда теӊдессіз шаралар ұсынылып отыр.

Бастамалардыӊ қаржылық көлемі

1,5 триллион теӊгеден асады, ал жиынтық әсері одан да көбірек. Бұл халықтыӊ өмір сүру деӊгейін арттыруға зор серпін береді.

Бұл - еӊ сенімді әрі тиімді инвестиция.

Қымбатты қазақстандықтар!

Халқымыздыӊ бақуатты өмір сүруі және еліміздіӊ озық дамыған 30 елдіӊ қатарына қосылуы - Тәуелсіз мемлекетіміздіӊ мәӊгілік мұраты.

Біз қашан да заман сынына тегеурінді іс-қимылмен төтеп беріп келеміз.

Бұл - еӊ алдымен, ел ынтымағыныӊ арқасы.

"Ынтымақты елдіӊ ырысы мол" дейді халқымыз.

Бүгінгі кезеӊніӊ де талабы оӊай емес.

Бірлігіміз мызғымаса, ынтымағымыз ыдырамаса, біз үшін алынбайтын асу, бағынбайтын белес болмайды.

Мен әрбір жолдауымда халықтыӊ әлеуметтік жағдайы мен тұрмыс сапасын жақсартуға ерекше мән беріп келемін.

Қазіргі "7-20-25", "Нұрлы жол", "Нұрлы жер" және басқа да мемлекеттік бағдарламалардыӊ басты мақсаты - халқымыздыӊ тұрмыс сапасын жақсарту.

Қазақстанныӊ бағындыратын биіктері әлі алда.

Осы жолда халық сенімі рухымызды жігерлендіріп, бойымызға күш-қайрат дарытады.

Сол сенімді ақтаудан артық мұрат жоқ!"
Просмотров: 16347

При использовании информации с сайта гиперссылка на информационное агентство Kazakhstan Today обязательна. Авторские права на материалы агентства.
Заметили ошибку на сайте? Выделите текст и нажмите Ctrl+Enter