Имя
E-mail
Тема
Текст
Логин     Пароль
22 қаңтар 2019
  • 10
  • :
  • 12
17:00

Нұрсұлтан Назарбаев: Ұлы даланыӊ жеті қыры23.11.2018
Государство  18:48
Астана. 23 қараша. Kazakhstan Today - 2018 жылғы 21 қарашада "Егемен Қазақстан" газетінде президент Нұрсұлтан Назарбаевтыӊ "Ұлы даланыӊ жеті қыры" атты мақаласы жарияланды.

Кеӊістік - барлық нәрсеніӊ, ал уақыт - бүкіл оқиғаныӊ өлшемі. Уақыт пен кеӊістіктіӊ көкжиегі тоғысқан кезде ұлт тарихы басталады. Бұл - жай ғана әдемі афоризм емес. Шын мәнінде, немістердіӊ, италиялықтардыӊ немесе үнді халықтарыныӊ жылнамасына көз жүгіртсек, олардыӊ мыӊдаған жылды қамтитын төл тарихындағы ұлы жетістіктерініӊ дені осы елдер қазір мекен етіп жатқан аумақтарға қатыстылығы жөнінде сұрақ туындайтыны орынды. Әрине, ежелгі Рим деген қазіргі Италия емес, бірақ италиялықтар өздерініӊ тарихи тамырымен мақтана алады. Бұл - орынды мақтаныш. Сол сияқты, ежелгі готтар мен бүгінгі немістер де бір халық емес, бірақ олар да Германияныӊ мол тарихи мұрасыныӊ бір бөлшегі. Полиэтникалық бай мәдениеті бар ежелгі Үндістан мен бүгінгі үнді халқын тарих толқынында үздіксіз дамып келе жатқан бірегей өркениет ретінде қарастыруға болады. Бұл - тарихқа деген дұрыс ұстаным. Сол арқылы түп тамырымызды білуге, ұлттық тарихымызға тереӊ үӊіліп, оныӊ күрмеулі түйінін шешуге мүмкіндік туады. Қазақстан тарихы да жеке жұрнақтарымен емес, тұтастай қалпында қазіргі заманауи ғылым тұрғысынан қарағанда түсінікті болуға тиіс. Оған қажетті дәйектеріміз де жеткілікті. Біріншіден, қосқан үлестері кейінірек сөз болатын протомемлекеттік бірлестіктердіӊ дені қазіргі Қазақстан аумағында құрылып, қазақ ұлты этногенезініӊ негізгі элементтерін құрап отыр. Екіншіден, біз айтқалы отырған зор мәдени жетістіктер шоғыры даламызға сырттан келген жоқ, керісінше, көпшілігі осы кеӊ-байтақ өлкеде пайда болып, содан кейін Батыс пен Шығысқа, Күнгей мен Теріскейге таралды. Үшіншіден, кейінгі жылдары табылған тарихи жәдігерлер біздіӊ бабаларымыздыӊ өз заманындағы еӊ озық, еӊ үздік технологиялық жаӊалықтарға тікелей қатысы бар екенін айғақтайды. Бұл жәдігерлер Ұлы даланыӊ жаһандық тарихтағы орнына тыӊ көзқараспен қарауға мүмкіндік береді. Тіпті, қазақтыӊ кейбір ру-тайпаларыныӊ атаулары "қазақ" этнонимінен талай ғасыр бұрын белгілі болған. Осыныӊ өзі біздіӊ ұлттық тарихымыздыӊ көкжиегі бұған дейін айтылып жүрген кезеӊнен тым әріде жатқанын айғақтайды. Еуропацентристік көзқарас сақтар мен ғұндар және басқа да бүгінгі түркі халықтарыныӊ арғы бабалары саналатын этностық топтар біздіӊ ұлтымыздыӊ тарихи этногенезініӊ ажырамас бөлшегі болғаны туралы бұлтартпас фактілерді көруге мүмкіндік берген жоқ. Сонымен бірге ұзақ уақыттан бері біздіӊ жерімізде өмір сүріп келе жатқан көптеген этностарға ортақ Қазақстан тарихы туралы сөз болып отырғанын атап өткеніміз жөн. Бұл - түрлі этностардыӊ көптеген көрнекті тұлғалары өз үлестерін қосқан бүкіл халқымызға ортақ тарих. Бүгінде төл тарихымызға оӊ көзқарас керек. Бірақ қандай да бір тарихи оқиғаны таӊдамалы және конъюнктуралық тұрғыдан ғана сипаттаумен шектелуге болмайды. Ақ пен қара - бір-бірінен ажырамайтын ұғымдар. Бұлар өзара бірлескенде жеке адамдардыӊ да, тұтас халықтардыӊ да өміріне қайталанбас реӊк береді. Біздіӊ тарихымызда қасіретті сәттер мен қайғылы оқиғалар, сұрапыл соғыстар мен қақтығыстар, әлеуметтік тұрғыдан қауіпті сынақтар мен саяси қуғын-сүргіндер аз болмады. Мұны ұмытуға хақымыз жоқ. Көпқырлы әрі ауқымды тарихымызды дұрыс түсініп, қабылдай білуіміз керек. Біз басқа халықтардыӊ рөлін төмендетіп, өзіміздіӊ ұлылығымызды көрсетейін деп отырғанымыз жоқ. Еӊ бастысы, біз нақты ғылыми деректерге сүйене отырып, жаһандық тарихтағы өз рөлімізді байыппен әрі дұрыс пайымдауға тиіспіз. Сонымен, Ұлы даланыӊ жеті қырына тоқталайық.

І. ҰЛТ ТАРИХЫНДАҒЫ КЕӉІСТІК ПЕН УАҚЫТ

Біздіӊ жеріміз материалдық мәдениеттіӊ көптеген дүниелерініӊ пайда болған орны, бастау бұлағы десек, асыра айтқандық емес. Қазіргі қоғам өмірініӊ ажырамас бөлшегіне айналған көптеген бұйымдар кезінде біздіӊ өлкемізде ойлап табылған. Ұлы даланы мекен еткен ежелгі адамдар талай техникалық жаӊалықтар ойлап тауып, бұрын-соӊды қолданылмаған жаӊа құралдар жасаған. Бұларды адамзат баласы жер жүзініӊ әр түкпірінде әлі күнге дейін пайдаланып келеді. Көне жылнамалар бүгінгі қазақтардыӊ арғы бабалары ұланғайыр Еуразия құрлығындағы саяси және экономикалық тарихтыӊ беталысын талай рет түбегейлі өзгерткені туралы сыр шертеді.

1. АТҚА МІНУ МӘДЕНИЕТІ

Атқа міну мәдениеті мен жылқы шаруашылығы жер жүзіне Ұлы даладан тарағаны тарихтан белгілі. Еліміздіӊ солтүстік өӊіріндегі энеолит дәуіріне тиесілі "Ботай" қонысында жүргізілген қазба жұмыстары жылқыныӊ тұӊғыш рет қазіргі Қазақстан аумағында қолға үйретілгенін дәлелдеді. Жылқыны қолға үйрету арқылы біздіӊ бабаларымыз өз дәуірінде адам айтқысыз үстемдікке ие болды. Ал жаһандық ауқымда алсақ, шаруашылық пен әскери саладағы теӊдессіз революцияға жол ашты. Жылқыныӊ қолға үйретілуі атқа міну мәдениетініӊ де негізін қалады. Бес қаруын асынған салт атты сарбаз айбарлы көшпенділер империялары тарих сахнасына шыққан дәуірдіӊ символына айналды. Ту ұстаған салт атты жауынгердіӊ бейнесі - батырлар заманыныӊ еӊ танымал эмблемасы, сонымен қатар атты әскердіӊ пайда болуына байланысты қалыптасқан көшпенділер әлемі "мәдени кодыныӊ" айрықша элементі. Автокөлік қозғалтқыштарыныӊ қуаты әлі күнге дейін аттыӊ күшімен өлшенеді. Бұл дәстүр - жер жүзінде салт аттылар үстемдік құрған ұлы дәуірге деген құрметтіӊ белгісі. Біз әлемніӊ барлық түкпіріне ежелгі қазақ жерінен тараған осынау ұлы технологиялық революцияныӊ жемісін адамзат баласы ХІХ ғасырға дейін пайдаланып келгенін ұмытпауға тиіспіз. Қазіргі киім үлгісініӊ базалық компоненттері Дала өркениетініӊ ерте кезеӊінен тамыр тартады. Атқа міну мәдениеті салт атты жауынгердіӊ ықшам киім үлгісін дүниеге әкелді. Ат үстінде жүргенде ыӊғайлы болуы үшін бабаларымыз алғаш рет киімді үстіӊгі және астыӊғы деп екіге бөлді. Осылайша кәдімгі шалбардыӊ алғашқы нұсқасы пайда болды. Бұл салт атты адамдардыӊ ат құлағында ойнауына, ұрыс кезінде еркін қимылдауына мүмкіндік берді. Дала тұрғындары теріден, киізден, кендір мен жүннен, кенептен шалбар тікті. Содан бері мыӊдаған жыл өтсе де, киімніӊ осы түрі өзгере қоймады. Қазба жұмыстары кезінде табылған көне шалбарлардыӊ қазіргі шалбардан еш айырмасы жоқ. Сонымен қатар бүгінгі етіктердіӊ барлық түрі көшпенділер атқа мінгенде киген жұмсақ өкшелі саптама етіктіӊ "мұрагерлері" екені белгілі. Ат үстінде жүрген көшпенділер тақымына басқан сәйгүлігіне неғұрлым еркін мініп жүруі үшін биік ер-тұрман мен үзеӊгіні ойлап тапты. Бұл жаӊалық салт атты адамныӊ ат үстінде қаққан қазықтай мығым отыруына, сонымен бірге шауып бара жатып, қолындағы қаруын еш қиындықсыз және неғұрлым тиімді қолдануына мүмкіндік берді. Бабаларымыз шапқан аттыӊ үстінен садақ тартуды барынша жетілдірді. Соған байланысты қарудыӊ құрылымы да өзгеріп, күрделі, ыӊғайлы әрі қуатты бола түсті. Масағына қауырсын тағылып, металмен ұшталған жебе берен сауытты тесіп өтетін көбебұзарға айналды. Қазақстан аумағында өмір сүрген түркі тайпалары ойлап тапқан тағы бір технологиялық жаӊалық - қылыш. Оныӊ оқтай түзу немесе иілген жүзі - ерекше белгісі. Бұл қару еӊ маӊызды әрі кеӊ таралған соғыс құралына айналды. Сарбаз бен оныӊ мінген атын қорғауға арналған сауытты да алғаш рет біздіӊ бабаларымыз жасаған. Еуразия көшпенділерініӊ айрықша маӊызды әскери жаӊалығына баланған мұздай темір құрсанған атты әскер осылайша пайда болды. Отты қару пайда болып, жаппай қолданысқа енгенге дейін атты әскердіӊ дамуы біздіӊ дәуірімізге дейінгі І мыӊжылдық пен біздіӊ дәуіріміздіӊ І ғасыры арасында көшпенділердіӊ ұзақ уақыт бойы бұрын-соӊды болмаған жауынгерлік үстемдік орнатуын қамтамасыз еткен жасақтыӊ ерекше түрі - айбарлы атты әскердіӊ қалыптасуына ықпал етті.

2. ҰЛЫ ДАЛАДАҒЫ ЕЖЕЛГІ МЕТАЛЛУРГИЯ

Металл өндірудіӊ амал-тәсілдерін табу тарихтыӊ жаӊа кезеӊіне жол ашып, адамзат дамуыныӊ барысын түбегейлі өзгертті. Сан алуан металл кендеріне бай қазақ жері - металлургия пайда болған алғашқы орталықтардыӊ бірі. Ежелгі заманда-ақ Қазақстанныӊ Орталық, Солтүстік және Шығыс аймақтарында тау-кен өндірісініӊ ошақтары пайда болып, қола, мыс, мырыш, темір, күміс пен алтын қорытпалары алына бастады. Ата-бабаларымыз жаӊа, неғұрлым берік металдар өндіру ісін дамытып, олардыӊ жедел технологиялық ілгерілеуіне жол ашты. Қазба жұмыстары барысында табылған металл қорытатын пештер мен қолдан жасалған әшекей бұйымдары, ежелгі дәуірдіӊ тұрмыстық заттары мен қару-жарақтары бұл туралы тереӊнен сыр шертеді. Осыныӊ бәрі ежелгі замандарда біздіӊ жеріміздегі дала өркениеті технологиялық тұрғыдан қаншалықты қарқынды дамығанын көрсетеді.

3. АӉ СТИЛІ

Біздіӊ ата-бабаларымыз қоршаған ортамен етене өмір сүріп, өздерін табиғаттыӊ ажырамас бөлшегі санаған. Бұл басты тұрмыс қағидаты Ұлы даланы мекендеген халықтардыӊ дүниетанымы мен құндылықтарын қалыптастырды. Өз жазуы мен мифологиясы бар Қазақстанныӊ ежелгі тұрғындарыныӊ озық мәдениеті болды. Олардыӊ мұрасыныӊ жарқын көрінісі, көркем болмысы мен рухани байлығыныӊ айшықты белгісі - "аӊ стилі" өнері. Жануарлар бейнесін тұрмыста пайдалану адам мен табиғаттыӊ өзара байланысыныӊ символына баланып, көшпенділердіӊ рухани бағдарын айқындап отырған. Олар жыртқыштардыӊ, негізінен мысық тұқымдас аӊдардыӊ суретін көбірек қолданған. Егемен Қазақстанныӊ символдарыныӊ бірі - жергілікті жануарлар әлемінде сирек кездесетін тұрпаты текті қар барысы екені кездейсоқ емес. Бұл ретте, аӊ стилі бабаларымыздыӊ айрықша жоғары өндірістік тәжірибесі болғанын көрсетеді. Олар оюлап кескіндеуді, металмен жұмыс істеудіӊ техникасын, соныӊ ішінде, мыс пен қоладан балқымалар жасаудыӊ және құймалар құюдыӊ, жайма алтын дайындаудыӊ күрделі әдістерін жақсы меӊгерген. Жалпы, "аӊ стилі" феномені әлемдік өнердегі биік белестердіӊ бірі саналады.

4. АЛТЫН АДАМ

Біздіӊ түп-тамырымызға жаӊаша көзқараспен қарауға жол ашып, әлемдік ғылым үшін сенсация саналған жаӊалық - 1969 жылы Қазақстанныӊ Есік қорғанынан табылған, өнертанушы ғалымдар арасында "қазақстандық Тутанхамон" деген атқа ие болған "Алтын адам". Бұл жауынгер талай тылсым құпияныӊ бетін ашты. Біздіӊ бабаларымыз әлі күнге дейін өзініӊ асқан көркемдігімен тамсандыратын аса жоғары деӊгейдегі көркем дүниелер жасаған. Жауынгердіӊ алтынмен апталған киімдері ежелгі шеберлердіӊ алтын өӊдеу техникасын жақсы меӊгергенін аӊғартады. Сонымен бірге бұл жаӊалық Дала өркениетініӊ зор қуаты мен эстетикасын әйгілейтін бай мифологияны паш етті. Дала халқы өз көсемдерін осылайша ұлықтап, оныӊ мәртебесін күн секілді құдірет деӊгейіне көтеріп асқақтатқан. Қорымдағы сән-салтанатты жасау-жабдықтар ежелгі бабаларымыздыӊ зияткерлік дәстүрлерінен де мол хабар береді. Жауынгердіӊ жанынан табылған күміс кеселердіӊ бірінде ойып жазылған таӊбалар бар. Бұл - Орталық Азия аумағынан бұрын-соӊды табылған жазу атаулыныӊ ішіндегі еӊ көнесі.

5. ТҮРКІ ӘЛЕМІНІӉ БЕСІГІ

Қазақтардыӊ және Еуразияныӊ басқа да халықтарыныӊ тарихында Алтайдыӊ алар орны ерекше. Осынау асқар таулар ғасырлар бойы Қазақстан жерініӊ тәжі ғана емес, күллі түркі әлемініӊ бесігі саналды. Дәл осы өӊірде біздіӊ дәуіріміздіӊ І мыӊжылдығыныӊ орта шенінде Түркі дүниесі пайда болып, Ұлы дала төсінде жаӊа кезеӊ басталды. Тарих пен география түркі мемлекеттері мен ұлы көшпенділер империялары сабақтастығыныӊ айрықша моделін қалыптастырды. Бұл мемлекеттер ұзақ уақыт бойы бірін-бірі алмастырып, орта ғасырдағы Қазақстанныӊ экономикалық, саяси және мәдени өмірінде өзініӊ өшпес ізін қалдырды. Орасан зор кеӊістікті игере білген түркілер ұланғайыр далада көшпелі және отырықшы өркениеттіӊ өзіндік өрнегін қалыптастырып, өнер мен ғылымныӊ және әлемдік сауданыӊ орталығына айналған ортағасырлық қалалардыӊ гүлденуіне жол ашты. Мәселен, орта ғасырдағы Отырар қаласы әлемдік өркениеттіӊ ұлы ойшылдарыныӊ бірі - Әбу Насыр Әл-Фарабиді дүниеге әкелсе, түркі халықтарыныӊ рухани көшбасшыларыныӊ бірі Қожа Ахмет Ясауи Түркістан қаласында өмір сүріп, ілім таратқан.

6. ҰЛЫ ЖІБЕК ЖОЛЫ

Еліміздіӊ географиялық тұрғыдан ұтымды, яғни Еуразия құрлығыныӊ кіндігінде орналасуы ежелден әртүрлі мемлекеттер мен өркениеттер арасында транзиттік "дәліздердіӊ" пайда болуына септігін тигізді. Біздіӊ дәуірімізден бастап бұл құрлық жолдары Үлкен Еуразияныӊ Шығысы мен Батысы, Солтүстігі мен Оӊтүстігі арасындағы сауда және мәдениет саласындағы байланыстардыӊ трансконтинентальды желісіне - Ұлы Жібек жолы жүйесіне айналды. Бұл жол халықтар арасындағы жаһандық өзара тауар айналымы мен зияткерлік ынтымақтастықтыӊ қалыптасып, дамуы үшін орнықты платформа болды. Керуен жолдарын мінсіз ұйымдастырып, қауіпсіздігін қамтамасыз еткен Ұлы дала халқы ежелгі және орта ғасырлардағы аса маӊызды сауда қатынасыныӊ басты дәнекері саналды. Дала белдеуі Қытай, Үнді, Парсы, Жерорта теӊізі, Таяу Шығыс және славян өркениеттерін байланыстырды. Алғаш пайда болған сәттен бастап, Ұлы Жібек жолы картасы, негізінен, Түрік имерияларыныӊ аумағын қамтыды. Орталық Еуразияда түркілер үстемдік құрған кезеӊде Ұлы Жібек жолы гүлдену шегіне жетіп, халықаралық ауқымда экономиканы өркендетуге және мәдениетті дамытуға септігін тигізді.

7. ҚАЗАҚСТАН - АЛМА МЕН ҚЫЗҒАЛДАҚТЫӉ ОТАНЫ

Асқақ Алатаудыӊ баурайы алма мен қызғалдақтыӊ "тарихи отаны" екені ғылыми тұрғыдан дәлелденген. Қарапайым, бірақ бүкіл әлем үшін өзіндік мән-маӊызы зор бұл өсімдіктер осы жерде бүр жарып, жер жүзіне таралған. Қазақстан қазір де әлемдегі алма атаулыныӊ арғы атасы - Сиверс алмасыныӊ отаны саналады. Дәл осы тұқым еӊ көп таралған жемісті әлемге тарту етті. Бәріміз білетін алма - біздегі алманыӊ генетикалық бір түрі. Ол Қазақстан аумағындағы Іле Алатауы баурайынан Ұлы Жібек жолыныӊ көне бағыты арқылы алғашқыда Жерорта теӊізіне, кейіннен бүкіл әлемге таралған. Осы танымал жемістіӊ тереӊ тарихыныӊ символы ретінде еліміздіӊ оӊтүстігіндегі еӊ әсем қалалардыӊ бірі Алматы деп аталды. Қазақстан аумағындағы Шу, Іле тауларыныӊ етегінен әлі күнге дейін жергілікті өсімдіктер әлемініӊ жауһары саналатын Регель қызғалдақтарын бастапқы күйінде кездестіруге болады. Бұл әсем өсімдіктер біздіӊ жерімізде Тянь-Шань тауларыныӊ етегі мен шөлейт даланыӊ түйісер тұсында пайда болған. Қазақ топырағындағы осынау қарапайым, сондай-ақ ерекше гүлдер өз әдемілігімен көптеген халықтыӊ жүрегін жаулап, біртіндеп бүкіл әлемге тарады. Бүгінде жер жүзінде қызғалдақтыӊ 3 мыӊнан астам түрі бар, олардыӊ басым көпшілігі - біздіӊ дала қызғалдағыныӊ "ұрпағы". Қазір Қазақстанда қызғалдақтыӊ 35 түрі өседі.

ІІ. ТАРИХИ САНАНЫ ЖАӉҒЫРТУ

Көтерілген мәселелер жан-жақты ой елегінен өткізіп, тереӊ зерделеуді талап етеді. Сондай-ақ біздіӊ дүниетанымымыздыӊ, халқымыздыӊ өткені мен бүгінініӊ және болашағыныӊ іргелі негіздеріне тікелей қатысты. Бұл жұмысты бірнеше ірі жобалар арқылы бастауға болады деп ойлаймын.

1. АРХИВ - 2025

Тәуелсіздік жылдарында халқымыздыӊ өткенін зерттеуге қатысты ауқымды жұмыстар атқарылды. Еліміздіӊ тарихи жылнамасындағы ақтаӊдақтарды қайта қалпына келтіруге жол ашқан "Мәдени мұра" бағдарламасы табысты іске асырылды. Бірақ, бабаларымыздыӊ өмірі мен олардыӊ ғажап өркениеті жөніндегі көптеген деректі құжаттар, әлі де болса, ғылыми айналымға түскен жоқ. Олар әлемніӊ бүкіл архивтерінде өз іздеушісі мен зерттеушісін күтіп жатыр. Сондықтан ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейінгі кезеӊді қамтитын барлық отандық және шетелдік мұрағаттар дүниесіне елеулі іргелі зерттеулер жүргізу үшін "Архив - 2025" жеті жылдық бағдарламасын жасауымыз қажет деп санаймын. Бұл жобаны жүзеге асыру барысында тарихшылардан, деректанушылар мен мәдениеттанушылардан құрылған арнайы топтардыӊ отандық және шетелдік ірі архивтермен өзара жүйелі әрі ұзақ мерзімді ықпалдастықта болып, іздеу-зерттеу жұмыстарын жүргізуіне баса мән беру керек. Қай жағынан болсын, бұл маӊызды жұмыс мемлекет есебінен атқарылатын "академиялық туризмге" айналмауға тиіс. Архив деректерін тек жинақтап қана қоймай, барлық мүдделі зерттеушілер мен қалыӊ жұртшылыққа қолжетімді болуы үшін оларды белсенді түрде цифрлық форматқа көшіру қажет. Өз тарихына деген мақтаныш сезімін ұялатып, отаншылдық тәрбие беру мектеп қабырғасынан басталуға тиіс. Сондықтан мектептер мен барлық өӊірлердегі өлкетану музейлерініӊ жанынан тарихи-археологиялық қозғалыстар құру маӊызды. Ұлт тарихын санаға сіӊіру барша қазақстандықтардыӊ бойында өз бастауларына деген ортақтық сезімін қалыптастырады.

2. ҰЛЫ ДАЛАНЫӉ ҰЛЫ ЕСІМДЕРІ

Көпшіліктіӊ санасында тарихи үдерістер, негізінен, тұлғаландыру сипатына ие болатыны белгілі. Көптеген халықтар өз елініӊ ерекше елшісі сынды ұлы бабаларыныӊ есімдерін мақтан тұтады. Мысалы, өткен дәуірлердегі Тутанхамон, Конфуций, Ескендір Зұлқарнайын, Шекспир, Гете, Пушкин және Джордж Вашингтон сияқты дүние жүзіне белгілі тұлғалар бүгінде "өз мемлекеттерініӊ" баға жетпес символдық капиталы саналады әрі сол елдердіӊ халықаралық аренада тиімді ілгерілеуіне септігін тигізіп отыр. Ұлы дала Әл-Фараби мен Ясауи, Күлтегін мен Бейбарыс, Әз-Тәуке мен Абылай, Кенесары мен Абай және басқа да көптеген ұлы тұлғалар шоғырын дүниеге әкелді. Сондықтан, біз біріншіден, атақты тарихи тұлғаларымыз бен олардыӊ жетістіктерініӊ құрметіне ашық аспан астында ескерткіш-мүсіндер қойылатын "Ұлы даланыӊ ұлы есімдері" атты оқу-ағарту энциклопедиялық саябағын ашуымыз керек. Екіншіден, мақсатты мемлекеттік тапсырыс ұйымдастыру арқылы қазіргі әдебиеттегі, музыка мен театр саласындағы және бейнелеу өнеріндегі ұлы ойшылдар, ақындар және ел билеген тұлғалар бейнесініӊ маӊызды галереясын жасауды қолға алу қажет. Сондай-ақ бұл жерде классикалық қалыптан тыс, баламалы жастар өнерініӊ креативті әлеуетін де пайдаланудыӊ мәні зор. Осыған орай, бұл іске тек отандық қана емес, сонымен бірге шетелдік шеберлер мен шығармашылық ұжымдарды да тартқан жөн. Үшіншіден, еліміздіӊ тарихи кезеӊдерін кеӊінен қамти отырып, "Ұлы Дала тұлғалары" атты ғылыми-көпшілік серияларды шығарып, тарату жұмыстарын жүйелендіру және жандандыру қажет. Бұл бағытта қазақстандық ғалымдармен қатар шетелдік мамандар да тартылатын халықаралық көпбейінді ұжым құруға болады. Нәтижесінде, біздіӊ қаһармандарымыздыӊ өмірі мен қызметі жөнінде тек еліміздегілер ғана емес, сондай-ақ шет елдегілер де білетін болады.

3. ТҮРКІ ӘЛЕМІНІӉ ГЕНЕЗИСІ

Қазақстан - күллі түркі халықтарыныӊ қасиетті "Қара шаӊырағы". Бүгінгі қазақтыӊ сайын даласынан әлемніӊ әр түкпіріне тараған түркі тектес тайпалар мен халықтар басқа елдер мен өӊірлердіӊ тарихи үдерістеріне елеулі үлес қосты. Осыған байланысты, "Түркі өркениеті: түп тамырынан қазіргі заманға дейін" атты жобаны қолға алу қажет. Бұл жоба аясында 2019 жылы Астанада Түркологтардыӊ дүниежүзілік конгресін және әртүрлі елдер музейлерініӊ экспозицияларына ежелгі түркі жәдігерлері қойылатын Түркі халықтарыныӊ мәдени күндерін ұйымдастыру керек. Сондай-ақ, Википедияныӊ үлгісінде Қазақстанныӊ модераторлығымен Түркі халықтарына ортақ туындылардыӊ бірыӊғай онлайн кітапханасын ашу да маӊызды. Сонымен қатар жаӊа облыс орталығы ретінде Түркістанды дамыту барысында оныӊ халықаралық аренадағы беделін жүйелі түрде арттыру қажет. Қазақстанныӊ ежелгі астанасы халқымыздыӊ рухани орталығы ғана емес, сондай-ақ, бүкіл түркі әлемі үшін киелі орын болып саналады.

4. ҰЛЫ ДАЛАНЫӉ ЕЖЕЛГІ ӨНЕР ЖӘНЕ ТЕХНОЛОГИЯЛАР МУЗЕЙІ

"Ұлы дала" атты ежелгі өнер және технологиялар музейін ашуға толық мүмкіндігіміз бар. Оған озық өнер мен технология үлгілерін - аӊ стилінде жасалған бұйымдарды, "Алтын адамныӊ" жарақтарын, жылқыны қолға үйрету, металлургияны дамыту, қару-жарақ, сауыт-сайман дайындау үдерісін көрсететін заттарды және басқа да жәдігерлерді жинақтауға болады. Онда Қазақстан жерінен табылған құнды археологиялық ескерткіштер мен археологиялық кешендердіӊ экспозициялары қойылады. Бұл заттар тарихи дәуірлердіӊ қандай да бір кезеӊіндегі әртүрлі шаруашылық салаларыныӊ даму үдерісін көрсетеді. Сонымен қатар "Ұлы даланыӊ ұлы өркениеттері" атты жалпыұлттық тарихи реконструкциялар клубын құрып, соныӊ негізінде Астанада және Қазақстанныӊ өзге де өӊірлерінде ежелгі сақтар, ғұндар, ұлы түркі қағандарыныӊ дәуірі және басқа да тақырыптар бойынша фестивальдар өткізуге болады. Бұған қызығушылық білдірген адамдарды тарта отырып, осы тақырыптар аясындағы жұмыстарды бір мезгілде жүргізуге болады. Ежелгі Отырар қаласыныӊ бірқатар нысандарын - үйлері мен көшелерін, қоғамдық орындарын, су құбырларын, қала қамалыныӊ қабырғалары мен тағы да басқа жерлерін ішінара қалпына келтіретін туристік жоба да қызықты болмақ. Осыныӊ негізінде білімді дәріптеуге және туризмді дамытуға баса мән берілуі қажет.

5. ДАЛА ФОЛЬКЛОРЫ МЕН МУЗЫКАСЫНЫӉ МЫӉ ЖЫЛЫ

Бұл жоба аясында бізге "Дала фольклорыныӊ антологиясын" жасау керек. Мұнда Ұлы дала мұрагерлерініӊ өткен мыӊжылдықтағы халық ауыз әдебиетініӊ таӊдаулы үлгілері - ертегілері, аӊыз-әфсаналары, қиссалары мен эпостары жинақталады. Сонымен қатар қазақтыӊ қобыз, домбыра, сыбызғы, сазсырнай және басқа да дәстүрлі музыкалық аспаптарымен орындауға арналған маӊызды туындылар топтамасын - "Ұлы даланыӊ көне сарындары" жинағын басып шығару қажет. Ұлы Даланыӊ фольклоры мен әуендері заманауи цифрлық форматта "жаӊа тыныс" алуға тиіс. Бұл жобаларды жүзеге асыру үшін көшпенділердіӊ бай мұрасын жүйелеуге қабілетті ғана емес, сондай-ақ оныӊ өзектілігін арттыра алатын отандық және шетелдік кәсіби мамандарды тарту маӊызды. Біздіӊ мәдениетіміздіӊ негізгі сюжеттерінде, кейіпкерлері мен сарындарында шекара болмайды, сол себепті оны жүйелі зерттеп, бүкіл Орталық Еуразия кеӊістігі мен барша әлемде дәріптеуге тиіспіз. Ауызша және музыкалық дәстүрді жаӊғырту қазіргі заманғы аудиторияға жақын әрі түсінікті форматта болуы керек. Атап айтқанда, көнерген сөздер мен мәтіндерді суреттерімен қоса беруге, айқын видеоматериалдар формасында ұсынуға болады. Музыкалық дыбыстар мен әуендер табиғи аспаптармен ғана емес, олардыӊ заманауи электронды нұсқалары арқылы да шығарылады. Сонымен қатар фольклорлық дәстүрдіӊ ортақ тарихи негіздерін іздеу үшін Қазақстанныӊ түрлі өӊірлері мен өзге елдерге бірнеше іздеу-зерттеу экспедицияларын ұйымдастыру қажет.
6. ТАРИХТЫӉ КИНО ӨНЕРІ МЕН ТЕЛЕВИЗИЯДАҒЫ КӨРІНІСІ

Қазіргі замандағы халықтардыӊ тарихи таным-түйсігінде кино өнері ерекше орын алады. Жалпы халықтыӊ санасында фильмдердегі жарқын кинообраздар іргелі ғылыми монографиялардағы деректі портреттерден гөрі маӊыздырақ рөл атқарады. Сондықтан тез арада Қазақстанныӊ өркениет тарихыныӊ үздіксіз дамуын көрсететін деректі-қойылымдық фильмдердіӊ, телевизиялық сериалдар мен толықметражды көркем картиналардыӊ арнайы циклін өндіріске енгізу керек. Аталған жобалар кеӊ халықаралық ынтымақтастық аясында отандық және шетелдік үздік сценаристерді, режиссерлерді, актерлерді, продюсерлерді және заманауи кино өндірісініӊ басқа да мамандарын тарту арқылы жүзеге асырылуға тиіс. Қызықты әрі мелодрамалық сарындармен қатар, көрермендер үшін танымал фэнтези және шытырман оқиғалы блокбастерлердіӊ элементтерін қоса отырып, жаӊа тарихи теле-кино туындылардыӊ жанрларын барынша кеӊейту қажет. Осы мақсатпен Ұлы даланыӊ бай мифологиялық және фольклорлық материалдарын пайдалануға болады. Ұлт қаһармандарын үлгі тұту үрдісін қалыптастыруға жол ашатын сапалы балалар фильмдері мен мультипликациялық сериалдарды аса қажет ететін өскелеӊ ұрпақтыӊ да талғамына ерекше назар аудару керек. Біздіӊ даӊқты батырларымыз, ойшылдарымыз бен ел билеушілеріміз - тек Қазақстан ғана емес, сондай-ақ бүкіл әлем бойынша еліктеуге лайықты тұлғалар. ҚОРЫТЫНДЫ Осыдан бір жарым жыл бұрын меніӊ "Болашаққа бағдар: рухани жаӊғыру" атты бағдарламалық мақалам жарыққа шықты. Жоғарыда аталған жобаларды "Рухани жаӊғыру" бағдарламасыныӊ жалғасы ретінде қарастырамын. "Рухани жаӊғыру" жалпыұлттық бағдарламасыныӊ жаӊа компоненттері ата-бабаларымыздыӊ көп ғасырлық мұрасыныӊ цифрлық өркениет жағдайында түсінікті әрі сұранысқа ие болуын қамтамасыз ете отырып, оны жаӊғыртуға мүмкіндік береді. Төл тарихын білетін, бағалайтын және мақтан ететін халықтыӊ болашағы зор болады деп сенемін. Өткенін мақтан тұтып, бүгінін нақты бағалай білу және болашаққа оӊ көзқарас таныту - еліміздіӊ табысты болуыныӊ кепілі дегеніміз осы.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасыныӊ Президенті
Просмотров: 42247

При использовании информации с сайта гиперссылка на информационное агентство Kazakhstan Today обязательна. Авторские права на материалы агентства.
Заметили ошибку на сайте? Выделите текст и нажмите Ctrl+Enter