Имя
E-mail
Тема
Текст
Логин     Пароль
14 қараша 2018
  • 02
  • :
  • 11
17:00

Шымкент Орталық Азияныӊ мықты экономикалық орталығына айналуы керек - Мемлекет басшысы01.10.2018
Государство  13:12
Шымкент. 1 қазан. Kazakhstan Today - Оӊтүстік өӊірде сапармен болған Елбасы өткен аптада алдымен Шымкентке ат басын тіреді.

Елбасы "ПетроҚазақстан Ойл Продактс" жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне барды. Мемлекет басшысы Шымкент мұнай өӊдеу зауытыныӊ жұмысымен танысты, деп хабарлайды Ақорда.

Кәсіпорын К-4 және К-5 экологиялық стандарттарына сай мұнай өнімдерін өндіруге маманданған. Зауыт жаӊғырту жұмыстарыныӊ нәтижесінде мұнай өӊдеу көлемін жылына 6 миллион тоннаға дейін көбейтті.

Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаевқа Атырау және Павлодар мұнай өӊдеу зауыттарыныӊ жұмысы жөнінде мәлімет беріліп, Қазақстанныӊ мұнай нарығындағы қазіргі жағдай туралы баяндалды.

Баяндаманы тыӊдаған соӊ Қазақстан Президенті экологиялық тұрғыдан таза жанармай түрлерін пайдаланудыӊ және оныӊ тұрғындар үшін қол жетімді болуын қамтамасыз етудіӊ маӊызды екенін атап өтті.

- Біз газбен жүретін автобустар шығарып жатырмыз. Солардыӊ өндіріс көлемін ұлғайту қажет. Бұл ұлттық экономиканы ынталандырып, экологияға келетін зиянды азайтады. Сонымен қатар, көлікті газбен жүруге көшіру оныӊ иелері үшін де тиімді, - деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев Шымкент қаласыныӊ әлеуметтік қызмет көрсету орталығына барды. Мемлекет басшысы Халыққа қызмет көрсету орталығы, Жұмыспен қамту орталығы, Көші-қон қызметі және Азаматтардыӊ хал актілерін жазу бөлімі (АХАЖ) орналасқан әлеуметтік қызмет көрсету орталығын аралап көрді.

Орталық қала тұрғындарымен қатар шетелдік инвесторлар үшін цифрлық форматта мемлекеттік қызмет көрсетуге бағытталған.

Қазақстан Президентіне экономиканыӊ түрлі секторларын, соныӊ ішінде агроөнеркәсіп кешені, білім, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, денсаулық сақтау, көлік және қауіпсіздік салаларын цифрландыру жобаларыныӊ іске асырылуы жөнінде баяндалды.

Баяндаманы тыӊдаған соӊ Нұрсұлтан Назарбаев халыққа мемлекеттік қызмет көрсету ісініӊ сапасын арттыру және жеделдету үшін цифрландыру бағдарламасын жүзеге асырудыӊ маӊызды екенін ерекше атап өтті.

- Шымкент ірі мегаполиске айналады. Мұнда жаӊа жобалар іске асырылуда. Шымкенттіктердіӊ еӊбекқорлығы - қаланы дамытудыӊ кепілі. Жұмыстыӊ еӊ маӊызды бағыты - шағын және орта бизнес. Оны дамыту үшін тиісті қолдау көрсету қажет, - деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы Шымкент қаласын одан әрі дамыту жоспарымен танысты. Қазақстан Президенті мегаполистіӊ тұрғын үй құрылысыныӊ және әлеуметтік инфрақұрылымыныӊ жоспарымен танысты.

Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаевқа қала нысандарыныӊ құрылысы және қайта жөндеу жұмыстары жөнінде мәлімет берілді.

Бұдан кейін Қазақстан Президенті Шымкент қаласыныӊ әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөнінде кеӊес өткізді. Қала активі алдында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы республикалық мәртебеге ие болған қаланыӊ алдында заманауи әдістер мен жетілдірілген стратегияны талап ететін жаӊа міндеттер тұрғанын атап өтті.

- Еліміздіӊ бір миллионнан астам халқы бар үшінші мегаполисіне айналған Шымкент Астана мен Алматы қалалары сияқты өзініӊ даму моделін өзгертуге тиіс. Қалада болашағы бар бірқатар жобалар жүзеге асырылып жатыр және жоспарланғандары одан да көп. Сондықтан, Шымкенттіӊ одан әрі даму жолдарын талқылап, стратегиясын айқындауымыз қажет, - деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев кеӊеске қатысушылардыӊ назарын Шымкенттіӊ жаӊа мәртебесіне қатысты жекелеген мәселелерге аударды.

- Шымкент Орталық Азияныӊ мықты экономикалық орталығына, тұрғындары мен қонақтары үшін қолайлы жағдай жасалған үлкен әрі тартымды мегаполиске айналуы керек. Қаланы дамытудыӊ жаӊа стратегиясы осы өӊірде ірі өнеркәсіптік, инновациялық, туристік, сауда және логистикалық орталық қалыптастыруға бағытталуы қажет, - деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті қалада шағын және орта бизнеске қолдау көрсетудіӊ, сондай-ақ жеӊіл өнеркәсіп, құрылыс, фармацевтика және медициналық қызмет көрсету саласындағы кластерлер мен кәсіпорындарды дамытудыӊ маӊызды екенін айтты.

Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев қаланыӊ жоғары оқу орындарындағы білім сапасын арттырып, Назарбаев Университетініӊ және Инновациялық технологиялар паркініӊ үлгісімен заманауи инновациялық орталықтар құру қажеттігін атап өтті.

Мемлекет басшысы мегаполистіӊ туристік әлеуетін өркендету үшін қаланыӊ халықаралық байланыстарын нығайту мәселелеріне де тоқталды.

- Шымкент туристер үшін тартымды орталыққа айналуға тиіс. Сондықтан шаһар барлық бағыттар бойынша жүйелі дамуы керек. Халықаралық ықпалдастықты да ілгерілету қажет. Ресей Федерациясымен бірлесіп өткізілетін өӊіраралық форумдар сияқты Өзбекстанмен де осындай іс-шараларды жоспарлап, тұжырымдамасын пысықтау керек. Үкімет қала әкімдігімен бірлесіп, Шымкентте халықаралық деӊгейдегі іс-шараларды өткізу жоспарын әзірлеуге тиіс, - деді Қазақстан Президенті.

Кеӊес барысында қаланы "ақылды технологияларды" қолдану арқылы концептуалды түрде дамыту мәселесіне ерекше назар аударылды.

- Сәулет және қала құрылысы нормаларыныӊ бұзылуына жол бермеу, ретсіз құрылысты тоқтату және бір қабатты үйлердіӊ құрылысын азайту маӊызды болып отыр. Сонымен қатар, тозығы жеткен ескі үйлерді бұзып, босаған жерлерді тиімді пайдаланып, орнына заманауи саябақтар, спорт алаӊдарын, көп қабатты тұрғын үй кешендерін, бизнес орталықтарын салу қажет, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Соӊында Мемлекет басшысы қалада әлеуметтік инфрақұрылым, соныӊ ішінде балабақшалар мен мектептер, медициналық мекемелер мен тұрғын үйлер салу мәселелеріне тоқталды. Осыған орай, Қазақстан Президенті мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігін пайдаланып, "7-20-25" бағдарламасы бойынша кеӊ көлемде түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды.
Просмотров: 14345

При использовании информации с сайта гиперссылка на информационное агентство Kazakhstan Today обязательна. Авторские права на материалы агентства.
Заметили ошибку на сайте? Выделите текст и нажмите Ctrl+Enter