12.08.2026, 10:39 9966

«Болашақ ойындары»-нан Comic Con-ға дейін: халықаралық іс-шаралар Қазақстанның «жұмсақ күш» құралына қалай айналып келеді

«Болашақ ойындары»-нан Comic Con-ға дейін: халықаралық іс-шаралар Қазақстанның «жұмсақ күш» құралына қалай айналып келеді
Қазақстан бүгінде технология, спорт және мәдениетті тоғыстырған ірі халықаралық іс-шаралар өтетін алып алаңға айналып келеді. Соңғы айларда елде, соның ішінде Астанада ондаған мемлекеттің өкілдері мен мыңдаған қатысушылардың  басын қосқан бірқатар іс-шара өтті. Олардың қатарында жасанды интеллект саласындағы жарыстардан бастап, ірі спорттық және мәдени жобаларға дейін бар.

Атап айтқанда, елордада классикалық және цифрлық сайыстарды біріктіретін фиджитал-спорт саласындағы көрнекті жобалардың бірі - "Болашақ ойындары - 2026" халықаралық мультиспорттық турнирі аяқталды.

Турнирдің басты ерекшелігі - шынайы және виртуалды кезеңдердің үйлесуі. Халықаралық командалар спорт пен цифрлық технологияларды ұштастыратын сегіз сайыс түрі бойынша бақ сынады. Жалпы жүлде қоры 4,65 млн долларды құрады.

Жарыстар Астанадағы төрт спорт нысанында өтті. 528 ойын құрылғысы мен 500-ден астам ойын орны пайдаланылып, іс-шараны ұйымдастыруға 800 волонтер қатысты.

Ұйымдастырушылардың мәлімдеуінше, турнирді өткізу қазақстандық мамандарға киберспорт, IT, телевизиялық хабар тарату, инженерия, логистика және қауіпсіздік салаларында тәжірибе жинауға мүмкіндік берді.

Сонымен қатар, Қазақстан ғылыми-білім беру саласындағы ұстанымын да нығайтып келеді. 2-8 тамыз аралығында Астанада 100-ден астам елдің қатысушыларын біріктірген жасанды интеллект бойынша 2026 жылғы халықаралық олимпиада (IOAI) өтті. Ол білім мен технологиялық әзірлемелер алмасуға арналған алаңға айналды.

Telegram негізін қалаушы Павел Дуровтың мәлімдемесі олимпиадаға қосымша назар аудартты. Ол үздік нәтиже көрсеткен қатысушыларға жүлде ретінде 106,5 мың доллардан астам қаражат бөлетінін хабарлаған болатын. Оның айтуынша, ұйымдастырушылар жеңімпаздарға ақшалай сыйлықтарды табыстау үшін Telegram өкілдерімен байланыс орнатқан.

Саясаттанушы Ғазиз Әбішев мұндай халықаралық жобалардың Қазақстанның имиджіне қаншалықты ықпал етіп, оның әлемдік аренадағы ұстанымын нығайта алатыны туралы айтты. Оның пікірінше, бұл ретте "жұмсақ күш" құралдары да сөз болып отыр.

"Гуманитарлық және техникалық олимпиадаларға қарапайым адамдар немесе қатардағы мектеп оқушылары мен студенттер емес, өз мамандығының болашақ көшбасшылары келуі ықтимал. Өз елдеріндегі үздік мектептердің ең дарынды өкілдері Қазақстанға келіп, мұнда бірнеше күн болып, елмен танысқан кезде Қазақстан олар барған мемлекеттердің тізіміне енеді. Әрине, өзі болған елдерге бейжай қарайтын адамдар бар. Бірақ сол мемлекеттерді жылы сезіммен еске алатындар да кездеседі. Тіпті өздерін бейжаймын деп ойлайтындардың жадында да қандай да бір белгі қалады", - деді саясаттанушы.


Әбішевтің пікірінше, мұндай іс-шаралардың әсері бірнеше жылдан кейін байқалуы мүмкін. Саясаттанушы Қазақстанда болған кездегі жеке тәжірибе болашақта өз салаларында жетекші орындарға ие болатын қатысушылардың елге деген көзқарасына ықпал ете алады деп есептейді.

"Олар кейін саясаттың, технологиялық корпорациялардың немесе стартаптардың көшбасшысына айналады. Барлығы емес, бірақ белгілі бір бөлігі. Сонда олар Қазақстаннан шыққан жаңа стартаптарға оң көзқарас танытады. Корпоративтік саясатты айқындау кезінде Қазақстанды жақсырақ түсініп, оған ықыласпен қарайды. Олар Қазақстанға деген жағымды көзқарас таратады", - деп есептейді сарапшы.


Сонымен қатар Ғазиз Әбішев жеке бір олимпиада елдің халықаралық имиджіне айтарлықтай әсер ете алмайтынын атап өтті. Алайда осындай іс-шаралар топтамасы Қазақстанның басқа мемлекеттер секілді халықаралық аренадағы ұстанымын нығайту үшін пайдаланатын кең ауқымды "жұмсақ күш" архитектурасының бір бөлігіне біртіндеп айналып келеді.

Мәдени күн тәртібі де серпінді дамып жатыр. Comic Con Astana 2026 халықаралық деңгейдегі айтулы оқиғалардың бірі болды. Қатысушылар географиясы жыл сайын кеңейіп келе жатқан фестиваль кино, ойын және заманауи поп-мәдениет жанкүйерлерін біріктіріп, Астанаға шетелдік аудиторияны да тартуда.

Биыл фестиваль алғаш рет бірден төрт халықаралық хедлайнерді - Николай Костер-Вальдау, Пол Андерсон, Иньяки Годой және Таз Скайларды қабылдады. Актерлер жанкүйерлерімен кездесіп, сұрақ-жауап сессияларына, сондай-ақ қолтаңба тарату және фотосессияларға қатысты.

"Тақтар ойынының" жұлдызы Николай Костер-Вальдау Қазақстанда өзін жылы қарсы алғанын атап өтіп, Маңғыстауды көру үшін елге қайта оралғысы келетінін айтты.


Ал "Өткір күнқағарлар" телехикаясындағы Артур Шелби рөлімен танымал Пол Андерсон Comic Con Astana фестивалін өзі қатысқан Comic Con фестивальдерінің ішіндегі ең үздігі деп атады.

Бағдарламада жүлде қоры 20 млн теңгені құраған халықаралық косплей байқауына ерекше орын берілді. Сонымен қатар фестиваль аясында концерттер, блогерлермен, суретшілермен, косплейшілермен және контент жасаушылармен кездесулер өтті.

Іс-шараның ауқымы келушілер санынан да көрінді. Comic Con Astana 2026 фестиваліне алғашқы күні ғана 16 мыңнан астам адам келді. Бұл фестиваль тарихындағы рекордтық көрсеткіш болды.

Осы оқиғалар аясында тұрақты үрдіс қалыптасып келеді: Қазақстан жаһандық күн тәртібіндегі орнын экономика мен саясат арқылы ғана емес, жаңа индустрияларды, халықаралық коммуникацияларды және кәсіби қауымдастықтардың өзара іс-қимыл алаңдарын дамыту арқылы да нығайтуда.

Ірі спорттық, технологиялық, білім беру және мәдени іс-шаралар елге түрлі мемлекеттердің қатысушылары мен қонақтарын тартып, халықаралық байланыстарды кеңейтеді және шетелдік аудиторияға Қазақстанмен танысуға мүмкіндік береді. Мұндай жобалар жиынтығында елді ілгерілетудің және оның шетелдегі бейнесін қалыптастырудың қосымша құралына айналып келеді.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны