04.02.2020, 19:33 5304

113 мыңнан астам қазақстандық тұрғын үй сатып алу үшін зейнетақы жинақтарын пайдалана алады - ҚР ЕХӘҚМ

Аталған тапсырманы қарау үшін Үкімет жанынан ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен 25 адамнан тұратын жұмыс тобы құрылды.

Алматы. 4 ақпан. Kazakhstan Today - ҚР Үкіметінің баспасөз орталығында өткен баспасөз конференциясында ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов Қазақстанда зейнетақы жүйесін одан әрі жетілдіруге қатысты түсініктеме берді.

Мемлекет басшысы 2019 жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына арнаған Жолдауында Үкіметке 2019 жылдың соңына дейін жұмыс істейтін азаматтардың өздерінің зейнетақы жинақтарының бір бөлігін мақсатты пайдалану мүмкіндігі туралы ұсыныс енгізуге тапсырма берген болатын.

Аталған тапсырманы қарау үшін Үкімет жанынан ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен 25 адамнан тұратын жұмыс тобы құрылды.

Жұмыс тобының мүшелері жинақтаушы зейнетақы жүйесінің ағымдағы жай-күйі мен даму перспективаларын, ықтимал сын-тегеуріндерді, халықаралық тәжірибені зерделеді, БЖЗҚ тұрақтылығы бойынша алдын ала актуарлық есептер назарға алынды.

Әзірленген тәсілдерді жұмыс тобы мүшелерінің көпшілігі қолдады, Экономикалық саясат жөніндегі кеңес мақұлдады және "осы маңызды мәселені шешудегі алғашқы қадам" ретінде Мемлекет басшысының мақұлдауын алды.

"Бүгінгі таңда БЖЗҚ-да 1,4 млрд теңге жинақтар мен 9,9 млн зейнетақы шоттары бар. Өкінішке орай, оның 53%-ының көлемі 500 мың теңгеден аз соманы құрайды, 16%-ы - 500 мыңнан 1 млн теңгеге дейін, 15%-ы 1 млн теңгеден 2 млн теңгеге дейінгі сома. Осылайша, салымшылардың 84%-ында жинақ көлемі 2 млн теңгеден аз", - деді Б. Нұрымбетов.

Осыны ескере отырып, Үкімет жинақтаушы зейнетақы жүйесін одан әрі жетілдіруді ұсынды. Ол үшін бірқатар мәселелерді шешу қажет. Біріншіден - Қазақстанның жинақтаушы зейнетақы жүйесі өте жас. Бар болғаны 21 жыл толды. Жалпы алғанда, дамыған елдерде зейнетақы жүйесін қалыптастыру үшін 35-40 жыл қажет. Екіншіден - халық табысының төмен деңгейі. Үшіншіден - зейнетақы жарналарының төленбеуі. Бүгінгі таңда шамамен 100 мың кәсіпкер өз қызметкерлері үшін зейнетақы жарналарын төлемейді. 2,7 млрд теңге қарыз бар. Төртіншіден - инвестициялық кірістер тиісінше ұлғайып жатқан жоқ.

Жұмыс тобы зейнетақы жинақтарының бір бөлігін пайдаланудың бірнеше нұсқасын ұсынды.

Бірінші санат - тұрғын үй сатып алуға немесе қымбат емге (жеке тізбе бойынша) зейнетақы жинақтарының бір бөлігін пайдалану құқығын беру ұсынылатын жұмыс істейтін азаматтар - бұл "жеткіліктілік шегінен" асатын зейнетақы жинақтары бар БЖЗҚ салымшылары.

Бұл ретте БЖЗҚ "жеткіліктілік шегін" әрбір жас үшін, ерлер мен әйелдер бойынша жеке есептеген. Жастау адамдардың жинақтауды жалғастыру үшін болашақ еңбек қызметінің кезеңі (зейнеткерлік жасқа жеткенге дейін) неғұрлым ұзақ болатыны назарға алынды. БЖЗҚ ұсынған "жеткіліктілік шегі" жинақтаушы зейнетақы жүйесіне тұрақты қатысып келетін орташа статистикалық салымшыда (яғни зейнетақы жарналарын тұрақты түрде төлеп отыратын адамда) жаңа жарналар мен инвестициялық табыс есебінен өмір бойғы төлемдерді қамтамасыз ету үшін қажетті сомаға дейін кейіннен толықтыруы арқылы жиналуға тиіс зейнетақы жинақтарының ең төменгі шегі болып табылады. Салымшының жасы кіші болған сайын, "жеткіліктілік шегі" соғұрлым төмен болады.

Мысалы, 40 жастағы салымшы үшін (орташа еңбек өтілі 18-20 жылды құрайтын) жинақтаудың ең төменгі шегі: ерлер үшін 6,9 млн теңгені және әйелдер үшін 9,8 млн теңгені құрайды. 63 жастағы салымшы, яғни, зейнеткерлік жасқа жеткен адам үшін бұл шек ерлер үшін 8,2 млн теңгені және әйелдер үшін шамамен 10,1 млн теңгені құрайды.

Екінші санат - бұл зейнеткерлер, оларға тұрғын үй сатып алу немесе қымбат ем үшін өзінің зейнетақы жинақтарының 50%-ын пайдалану мүмкіндігі ұсынылады. Осы ретте міндетті шарт - жоғалған табысты 40%-дан төмен емес деңгейде алмастыруды қамтамасыз ететін зейнетақының (базалық, ынтымақты және жинақтаушы) мөлшері болып табылады, бұл халықаралық стандарттарға сәйкес келеді.

"Бұл ұсыныстар Мемлекет басшысының қатысуымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтылды. Президент "бұл маңызды мәселені шешудегі алғашқы қадам" жасалғанын атап өтіп, осы мәселеге қатысты өз пікірін жеткізді. Біздің мақсатымыз - жинақтаушы зейнетақы қорынан барлық жинақтарды үлестіру емес, өйткені олар азаматтарымыздың қарттығын лайықты қамтамасыз ету үшін қажет. Мемлекет басшысы "көлеңкелі экономикаға қарсы күрес, қолма-қол ақшасыз есеп айырысу үлесін арттыру мәселелері Ұлттық банк пен Үкіметтің басымдығында қалуы тиіс" екенін айтты", - деді Б. Нұрымбетов.

Жұмыс берушінің 5% міндетті зейнетақы жарналарын енгізу

Бүгінгі күні Қазақстан Республикасында зейнетақы жүйесін одан әрі дамыту жөніндегі 2020-2024 жылдарға арналған Жол картасы әзірленуде. Президенттің тапсырмасы бойынша сондай-ақ зейнетақы жинақтарының бір бөлігін мақсатты пайдалану мүмкіндігі берілетін азаматтар тобын біртіндеп кеңейту жөніндегі жұмыс жалғасатын болады.

Жұмыскердің пайдасына төленуге тиіс жұмыс берушінің 5% міндетті зейнетақы жарналарын енгізу мерзімі 2020 жылдан 2023 жылға ауыстырылды. Осылайша, Қазақстанда мемлекеттің, жұмыс беруші мен қызметкердің ортақ жауапкершілігіне негізделген зейнетақы жүйесі құрылатын болады.

"Бүгінде мемлекет 2,2 млн адамға төлейді. Бұл шамамен 2,4 трлн теңге. Мемлекет жинақтаушы зейнетақы жүйесімен шығатын және инвестициялық табысы инфляциядан аспайтын адамдарға кепілдік төлейді. Қызметкердің өзі өз жалақысының 10% төлейді. Тұжырымдамада жұмыс берушілер де қызметкерлерге жинақтаушы зейнетақы қорына 5% жинақтаушы жарналар түрінде жауапкершілік алғаны айтылған. Заң қабылданды және 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енуі тиіс еді. Алайда Президент өз Жолдауында бизнес-қауымдастықтың пікірі мен үндеулерін ескере отырып, заңның қабылдануын 2023 жылға ауыстырды", - деді Б. Нұрымбетов.

Жол картасының жобасында ең төменгі кепілдіктер жүйесін одан әрі жетілдіру (ең төменгі зейнетақы мөлшерін және басқа да әлеуметтік маңызды көрсеткіштерді айқындау әдістемесін қоса алғанда) және ең төменгі кепілдік берілген зейнетақыны енгізу жөнінде ұсыныстар көзделген.

"Ең төменгі кепілді зейнетақыны енгізу де Зейнетақы жүйесін жаңғырту тұжырымдамасында жазылған. Бұл өте маңызды. 1998 жылдан бастап біз жинақтаушы зейнетақы жүйесіне көштік. Бүгінгі күні мемлекет төлейтін ынтымақты немесе еңбек зейнетақысын 1998 жылғы қаңтарға дейін кемінде 6 ай жұмыс өтілін жинаған азаматтар алады. Мұндай адамдар жыл өткен сайын азаюда. Қазіргі таңда зейнетке 1957 жылы туылған ер азаматтар шығып жатыр және бүгінде олардың толық талап етілген өтілі, сәйкесінше, толық зейнетақысы жоқ", - деді Б. Нұрымбетов.

Осылайша, министрдің айтуынша, зейнетақы жүйесінің ортақ құрамдас бөлігі біртіндеп тоқтатылады. 2043 жылы еңбек зейнетақысы тағайындалатын адамдар теориялық түрде болмайды. Тек базалық зейнетақы болады. Сондықтан Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2028 жылдан бастап Қазақстанда ең төменгі кепілдік берілген зейнетақыны енгізуді ұсынды. Ол бүгінгі базалық зейнетақы төлемін ауыстырады. Егер бүгінде 10 жылдан аз жұмыс өтілі бар адамдар үшін базалық зейнетақы төлемі ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54%-ын құраса, тәжірибе ескеріледі. ҚР ЕХӘҚМ ең төменгі кепілдендірілген зейнетақы 5 жылдан аз жұмыс өтілі бар адамдарға беріліп, ең төменгі күнкөріс деңгейінің кем дегенде 70%-ын құрауы керек екенін, әрі қарай 1,5 ең төменгі күнкөріс деңгейіне дейін көтерілуін ұсынады.

Қазақстанда шетелдік жұмыс күшін тартуға бөлінетін квота 40%-ға қысқартылды - Б. Нұрымбетов

ҚР Үкіметінің алаңында өткен баспасөз конференциясында ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов еңбек заңнамасын, оның ішінде шетелдік жұмыс күшін тарту бойынша бұзуға жол бермеу бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы айтып берді.

2020 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша жергілікті атқарушы органдардың рұқсаты бойынша Қазақстан аумағында 19 145 шетелдік азамат еңбек қызметін жүзеге асырады. Олардың ішінде бірінші санатта (менеджерлер мен олардың орынбасарлары) 770 адам (4%), екінші (бөлім меңгерушілері) - 445 (23%), үшінші (мамандар) - 9 632 (50%) және төртінші (білікті) жұмысшылар) - 1818 (9%), маусымдық жұмыстарға 767 (4%), корпоративті ауыстыру аясында 1 744 адам (9%) тартылды.

"Екінші жартыжылдықта Бас прокуратурамен бірлесіп 30-дан аса шетелдік маманды тартқан 95 ірі кәсіпорында тексеру жүргізілді. Тексеру қорытындысы бойынша көші-қон заңнамасына қатысты мыңнан аса заң бұзушылық анықталды, бұл ретте 27 компания нақты жалақы төлеу бойынша 470-ке жуық теңсіздік фактісіне жол берген", - деді министр.

Б. Нұрымбетовтің айтуынша, шұғыл шаралар қабылдау аясында 397 әкімшілік іс қозғалды, 100 млн теңгеден астам сомаға айыппұл салынды, бұрын берілген 703 рұқсат кері қайтарып алынды, 507 шетелдік маман елден шығарылды, оның ішінде 250 Қытай, 43 Ұлыбритания, 40 Албания, 30 Сербия азаматы т.б. бар.

"Бұл тұста бұдан әрі жүйелі шаралар қабылдаудың маңызы зор, сондықтан бүгінде Мәжілісте заң жобасының бірінші оқылымы өтіп жатыр. Қосымша жалақы төлеу және еңбек жағдайларын жасау бойынша тең жағдайлар тудыруға қатысты жұмыс берушілердің міндеттері мен жауапкершілігі белгіленуде. Сонымен қатар біз тәуекелдерді бағалау критерийлерін қарастырамыз. Компанияларды тексеру жиілігін реттейтін құжат бүгінде Әділет министрлігінің қарауында. Ол қабылданған соң еңбек инспекциясы шетелдік жұмыс күшін тартатын ірі компанияларды жыл сайын тексеру мүмкіндігіне ие болады", - деді министр.

Шетелдіктердің басым бөлігі құрылыс саласында жұмыс істейді - 8623 адам (45%). Тау-кен өнеркәсібінде 2 213 (12%), ауыл, орман және балық шаруашылығы саласында - 55 (0,3%), кәсіптік, ғылыми және техникалық қызметте 1 557 (8%), өңдеу өнеркәсібінде - 1 397 (7%) шетелдік жұмыс істейді.

Сонымен қатар, ішкі еңбек нарығын қорғау мақсатында ҚР Үкіметі жыл сайын елімізге шетелдік мамандарды тартуға квота белгілейді. 2020 жылға Үкімет 29 мың бірлік көлемінде квота бекітті. Салыстыру үшін, өткен жылы 49 мың адам болған еді.

"Квота өткен жылдың көрсеткішіне байланысты болмайды, ол жұмыс берушілердің берген өтініштеріне сәйкес болады. Бүгінде заңнама бойынша тәртіп мынадай - барлық компаниялар мен кәсіпорындар жергілікті атқарушы органға келесі жылы өздерінің қанша және қандай мамандарды тартқысы келетіні туралы өтінім береді. 1 тамыздан бастап 1 қазанға дейін жергілікті атқарушы органдар жанындағы комиссия заңнама талаптарына ескерумен жұмыс берушілердің барлық өтінімдерін қарастырады да, басқа орталық мемлекеттік органдармен бірге өз өтінімдерін еңбек министрлігіне тапсырады. Еңбек министрлігі Үкіметке өз ұсыныстарын жеткізеді", - деді министр.

Оның ақпаратынша, жергілікті атқарушы органдар мен орталық мемлекеттік органдар 2020 жылға 43 мың шетелдік жұмыс күші адамын тартуға өтінім берген, бірақ министрлік бұл мәселені қайта қарап, адамдар санын 29 мың адамға дейін қысқартуды ұсынды.

Ол қолданыстағы заңнама бойынша кез келген санаттағы шетелдік маманды тартқаны үшін оны тартқан компания жергілікті бюджетке алым төлеуі тиіс екенін еске салды, мұндай алым мөлшері әрбір маман үшін 346 мың теңгеден 631 мың теңгеге дейінгі соманы құрайды. Өткен жылы 8 млрд 230 млн теңге көлемінде осындай алым төленді.

Айта кетейік, қабылданған квоталар ішкі еңбек нарығын біліксіз шетелдік жұмыс күшінен қорғап, қазақстандық кадрларды көбірек еңбекке орналастыруға, сондай-ақ білікті шетелдік жұмыс күшіне деген жұмыс берушілердің сұранысын қанағаттандыруға мүмкіндік береді.

Ақпаратты пайдаланѓан жаѓдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігініњ материалдарына авторлық қ±қық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны