12.02.2007, 14:59 2923

2006-жылдың қорытындысы бойынша Маңғыстау облысының сыртқы сауда айналымы 7,2 млрд доллардан асты

АҚТАУ. 12-ақпан. Kazakhstan Today. 2006-жылдың қорытындысы бойынша Маңғыстау облысының сыртқы сауда айналымы 7 млрд 246,2 млн долларды құрады, бұл 2005-жылғы көрсеткіштен $2 млрд 333,9 млн-ға артық. Бұл туралы Kazakhstan Today тілшісіне облыстық кедендік бақылау департаментінен хабарлады.

Есепті жылы экспорт айналымы 58,1%-ке артып, $5 млрд 487,1 млн-ға жетті, ал 2005-жылы ол $3 млрд 469,7 млн. құраған.

Облыстың экспортында шикізат дендейді. Басты экспорттық өнімдерге минералдық отын, мұнай және оны айдау өнімдері; битумды заттар, минералдық балауыз жатады. Бұлардың үлесі $5 млрд 199,3 млн (2005-жылғы тиісті мерзіммен салыстырғанда 94,7%) тең.

Маңғыстау өңірінен экспортталатын өнімдердің негізгі ағыны алыс шетелдерге, атап айтсақ, Швейцарияға - $2,8 млрд, бұл 2005-жылғы тиісті мерзіммен салыстырғанда 61,5%-ке артық; Италияға - $1,09 млрд (өсім38,6%); Иранға - $798,7 млн (өсім - 118,5%); Ұлыбританияға - $182,4 млн (өсім - 332,9%) және басқа да елдерге бағытталды. ТМД елдерінен экспорттың басым бөлігі Изербайжанға - $112,9 млн және Ресейге - $76,7 млн жіберілді.

Импорт айналымы $1,8 млрд болып, өсім $316,5 млн құрады, немесе 2005-жылғы тиісті мерзіммен салыстырғанда 21,9% жоғары.

Импорт құрылымы негізінен мұнай операцияларына арналған тауарлардан құралады. Жалпы импорт көлемінде олардың үлесі 82,7% құрайды.

Негізгі импорттаушы елдердің арасында ең жоғары үлес салмақ ТМД елдеріне тиесілі : Ресей - 30,1%, Изербайжан - 11%; алыс шетелдерден АҚШ - 6,1%, Ұлыбритания - 5,7%, Қытай - 5,4%, Германия - 5,1%, Италия - 4,3%, Біріккен Араб Имірліктері - 3,4%.

Есепті жылы 2005-жылғы тиісті мерзіммен салыстырғанда импорт көлемі мынадай елдермен арада азайды: Ираннан әкелінетін импорт көлемі 21,9%-ке, АҚШ импорты 70,9%-ке, Түркияның импорты 32,1%-ке, Францияныкі 10,5%-ке кеміді.

Сыртқы сауда айналымының біршама өсімі негізінен экспорт есебінен (47,5%-ке) қалыптасты. Қаңтар-желтоқсан айларында мұнайдың әлемдік нарықтағы бағасы тұрақты өсіп отырды. Соңғы мәліметке сәйкес, мұнай баррелінің бағасы орта есеппен $57,9 деңгейінде тіркелді. 2005-жылдың осы мерзімінде бір баррель мұнайдың орташа құны $49,7 болған. Санмен көрсеткенде өсім мынадай болды: 2006-жылдың 12 айында 12,3 млн тонна мұнай экспортталды, 2005-жылдың тиісті мерзімінде бұл көрсеткіш 11,2 млн тоннаны құраған, өсім 1 млн тоннадан асты, немесе 9,4%-ке өсті.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны