20.04.2010, 11:13 2452

2010 жылдың бірінші тоқсанында Жалпы ішкі өнімнің нақты өсімі 6,5 процентті құрады (толықтырылған)

2010 жылдың бірінші тоқсанында Жалпы ішкі өнімнің нақты өсімі 6,5 процентті құрады (толықтырылған)

Астана. 20 сәуір. Kazakhstan Today - 2010 жылдың бірінші тоқсанында Жалпы ішкі өнімнің нақты өсімі 6,5 процентті құрады. Бұл туралы бүгін ҚР үкіметінің отырысында үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанындағы еліміздің әлеуметтік экономикалық дамуын қорытындылаған Экономикалық даму және сауда министрі Жанар Айтжанова мәлім етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today.

"Экономиканың негізгі алты саласында, атап өткенде өнеркәсіп, ауыл шаруашылық, сауда айналымы, байланыс, көлік және құрылыс саласында шығарылған өнімдердің және қызметтің көлеміне сәйкес қысқа мерзімді экономикалық индикатор анықталады. Осы жылдың бірінші тоқсанында, статистикалық мәліметтер бойынша, бұл индикатор 108,3 пайызды құрады. Осы индикатордың негізінде жасалған прогноздық Жалпы ішкі өнімнің нақты өсімі 6,5 пайыздық шамасында болып табылады",- деді Ж.Айтжанова.

"Біріншіден өнеркәсіп өндірісі саласында үстіміздегі жылдың қаңтарынан бастап өсу қарқыны байқалады. Жалпы өнеркәсіп өнімдерінің көлемі былтырғы жылдың бірінші тоқсанмен салыстырғанда 11,5 пайызға ұлғайды.

Бірінші тоқсандағы ең үлкен өсу қарқынын, яғни 18,7 пайызды өңдеу өнеркәсібі көрсетті. Атап айтқанда, машина жасау өндірісінің көлемі - 1,8 есе, химия өнеркәсібі - 1,5 есе, мұнайды қайта өңдеу өндірісі - 25 пайызға, азық-түлік өнімдері - 11 пайызға, металургия өнеркәсібінің көлемі - 10,5 пайызға өсті.

Тау-кен өндіру мен карьерларды өңдеу өнеркәсібіндегі өсім 7,8 пайызды құрды. Темір рудасын өндіру - 27,6 пайызға, шикі мұнай - 8,4 пайызға және табиғи газды өндіру - 8,2 пайызға артты.

Өнеркәсіп өндірісінің өсуі республиканың барлық облыстарында байқалады.

Екіншіден, ауыл шаруашылық саласында өндірілген өнімдерге келсек. Бірінші тоқсанда ауыл шаруашылығының өсуі 2,4 пайызға өсті. Бұған, ең алдымен, мал шаруашылығы көрсеткіштерінің 2,5 пайызға артуы есебінен қол жеткізілді.

Жалпы республикамыздың барлық облыстарында ет пен сүт өндірісінің өсуі байқалады.

Үшіншіден, жыл басынан бері құрылыс жұмыстары 8,7 пайызға азайды. Бұл жерде атап өтетін жай, ол жөндеу жұмыстарын жүргізетін компаниялардың қызметінің көлемі былтырғы жылдың бірінші тоқсанымен салыстырғанда 1,5 есе ұлғайды. Осы жылдың бірінші тоқсанында 1,4 млн. шаршы метр тұрғын үй қолданысқа берілді.

Негізгі капиталға жасалған инвестициялар туралы айта кететін болсақ, үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанында бұл көрсеткіштің төмендегеніне қарамастан, наурыз айындағы көрсеткіш ақпан айына қарағанда 50,5 пайызға ұлғайды. Инвестициялардың басым көзі кәсіпорындардың жеке қаражаты есебінен жасалынды.

Төртіншіден, қызмет көрсететін салаға келетін болсақ, халықтың тұтыну сұранысы мен бизнестің іскерлік белсенділігінің қалпына келуі ішкі сауда тауар айналымының өсуінен айқын көрінеді. Мысалы бiрiншi тоқсанда ішкі сауданың тауарайналым көлемі 10,5 пайызға өсті. Атап өткенде бұл көрсеткішке дүкендердің сауда айналымының 13,8 пайызға өсуі есебінен және жеке кәсіпкерлердің сауда айналымының 60 пайызға өсуі есебінен қол жеткізілді.

Бүгін есеп беріп отырған кезеңде пошта және курьерлік қызмет 5 пайызға, байланыс қызметтері 4,5 пайызға өсті. Байланыс қызметінің көлемінің өсуі ұялы байланыс қызметі табысының 11,8 пайызға артуы себебінен болып отыр. Ал ұялы байланыс қызметі жалпы байланыс қызметінің көлемінің 54,3 пайызын құрайды.

Үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанында жүк тасымалдау көлемі былтырғы жылдың сәйкес кезеңіне қарағанда 13,3 пайызға ұлғайды. Транспорттағы көлемнің өсуі негізінен жолаушыларды тасымалдау көлемінің 12,1 пайызға артуы есебінен қамтамасыз етіліп отыр. Жүк тасымалдау көлемі 2,5 пайызға артты.

Бесіншіден, сауда балансының позитивтік сальдосы үстіміздегі жылдың екі айдың қорытындысы бойынша 5,4 млрд. АҚШ долларын құрады.

Бұл көрсеткіш әлемдік нарықтардағы қолайлы баға конъюнктурасымен қоса әлемдегі іскерлік белсенділігінің артуы Қазақстан тауарлары экспортының 60 пайызға өсуіне себеп болды. Ал шетелден келетін тауарлардың импорты 17,7 пайызға қысқарды

Алтыншыдан, жалпы халықаралық резервтер мен Ұлттық қор активтері наурыз айының соңында 52,5 миллиард АҚШ долларын құрады. Бұл өткен жылдың соңғы айымен салыстырғанда 10,3 пайызға жоғары. Жалпы Ұлттық қор қаражаты шетелдік валютада 25,4 млрд. долларды және ұлттық валютада 750 млрд. Теңгені құрады. Былтырғы жылғы дағдарысқа қарсы шараларды Ұлттық қор қаражаты есебінен іске асырылғанына қарамастан осындай көрсеткішке қол жеткізілді.

Жетіншіден, әлеуметтік саланың дамуының қорытындыларына тоқтайтын болсақ, үстіміздегі жылдың екі айының қорытындылары бойынша халықтың жан басына шаққандағы таза орташа табыстары 5 пайызға артып, 71,8 мың теңгені құрады. Орташа айлық жалақы көлемі 66,4 мың теңгені құрады. Үстіміздегі жылдың бірінші қаңтарынан бастап пенсия мен әлеуметтік төлемдердің өсуі байқалады. Үстіміздегі жылдың бірінші сәуірінен бастап, Елбасы тапсырмасына сәйкес, бюджеттік саладағы жұмысшылардың жалақысы 25 пайызға көтерілді.

Жол картасының іске асыру жұмыстары үстіміздегі жылы да жалғастырылып жатыр. Барлық инвестициялық бағыттар бойынша объектілерді жөндеу мен қайта құру жұмыстарына 2010 жылы 132 млрд. теңге бөлінді. 1 сәуірге дейінгі мерзімде бұл қаражаттың 12 пайызы игерілді.

Жұмыссыздықты қолға алу мақсатымен жергілікті әкімшіліктер жұмыс берушілермен жұмысшылардың еңбек құқықтарын қамтамасыз ету мәселелері бойынша Меморандумға қол қойды. Жол картасын іске асыру осы жылдың бірінші тоқсанында халықты жұмыспен қамтудың өсуі мен жұмыссыздар санын төмендетуге мүмкіндік берді. Жұмыссыздар саны 2009 жылдың 1-ші тоқсанына қарағанда 57 мың адамға азайды. Жұмыссыздық деңгейі 6,2 пайызды құрады",- деді Ж.Айтжанова.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны