17.03.2020, 21:17 3154

2018 жылдың қорытындысы бойынша салық төлеушілер 4,5 трлн. теңгеге салықтан босатылған

Осыған орай төтенше жағдай кезінде салықтық міндеттемелер бойынша қарыз бен өсімпұлды кейінге шегеруді оңтайландыратын тетіктер қарастырылуда.

Алматы. 17 наурыз. Kazakhstan Today - Мемлекеттік кірістер комитеті төтенше жағдайға байланысты салық төлеушілерге қолдау көрсетеді.

Қазақстанда коронавирус індетінің тіркелуіне байланысты төтенше жағдай енгізілгендіктен, ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті бизнес субъектілеріне бірқатар мемлекеттік қолдау көрсетпек.

Олар инвестициялық салытық преференциялар, арнайы экономикалық аймақтар, арнайы салықтық режимдер. Бұл жеңілдіктер кәсіпкерлік субъектілері мен агроөнеркәсіп кешенін қолдауға арналған.

2018 жылдың қорытындысы бойынша салық төлеушілер 4,5 трлн. теңгеге салықтан босатылған. 2019 жылдың қорытындысы бойынша да осындай мөлшерде салықтық жеңілдіктер жасалады.

Биылғы жылдан бастап арнайы салық режимі бойынша есеп айырысатын микро және шағын кәсіпкерлік субъектілері 3 жылға салық төлеуден босатылды.

Бұл субъектілерді тексеруге мораторий жарияланды.

Бұған қоса елімізде төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты, қарым-қатынасты азайту үшін заңды және жеке тұлғаларға декларация тапсыру мерзімі төтенше жағдайдың уақытына сәйкес келгендіктен, оны 30 күнтізбелік күнге кейінге шегеру туралы шешім қабылданды.

Сондай-ақ, Салық кодексінде төтенше жағдай кезінде қарыз кейінге шегерілсе, оған өсімпұл есептелмейді.

Алайда ондай жеңілдікті алу үшін кепілзат немесе банктік кепілдік қажет.

Осыған орай төтенше жағдай кезінде салықтық міндеттемелер бойынша қарыз бен өсімпұлды кейінге шегеруді оңтайландыратын тетіктер қарастырылуда.

Төтенше жағдай кезінде қамералды бақылау қорытындысы бойынша хабарламалар жіберу тоқтатылады. Нысандарға барып, кедендік және салықтық тексерістер жүргізу азайтылады. Әкімшілік жауапкершілікке тарту мәселесі төтенше жағдай мерзімі аяқталғаннан кейін қарастырылады.

Бұдан өзге қолдау көрсету шаралары қарастырылмаған.

Жұмыс берушілер наурыз айында төлеген жалақының салығын 25 сәуірге дейін төлеуі керек.

Ал егер еңбекақы есептелмеген немесе төленбеген болса, салықтық міндеттемелер қарастырылмайды.

Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің Баспасөз қызметі

Ақпаратты пайдаланѓан жаѓдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігініњ материалдарына авторлық қ±қық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны