30.05.2012, 13:08 3303

2020 жылға қарай тұрғын үй құрылысының көлемі 10 млн. шаршы метрге дейін артады

Бүгін "Нұр Отан" Халықтық-демократиялық партиясының Орталық аппаратында дөңгелек үстел өтті. Жиында Елбасының "Илеуметтік-экономикалық жаңғырту - Қазақстан дамуының басты бағыты" атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауындағы тапсырмасын орындау аясында ҚР Үкіметі әзірлеген "Қолжетімді баспана-2020" бағдарламасының жобасы талқыланды.

Астана. 30-мамыр. Kazakhstan Today - 2020 жылға қарай тұрғын үй құрылысының көлемі 10 млн. шаршы метрге дейін артады, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

Бүгін "Нұр Отан" Халықтық-демократиялық партиясының Орталық аппаратында дөңгелек үстел өтті. Жиында Елбасының "Илеуметтік-экономикалық жаңғырту - Қазақстан дамуының басты бағыты" атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауындағы тапсырмасын орындау аясында ҚР Үкіметі әзірлеген "Қолжетімді баспана-2020" бағдарламасының жобасы талқыланды.

Бағдарламаның жобасын таныстыра отырып, Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігінің төрағасы Серік Нокин мемлекеттік қолдау аясында тұрғын үй аумағы 35 шаршы метрден 75 шаршы метрді, 1 шаршы метр үшін ең шекті баға 80 мың теңгеден 100 мың теңгені, баспана үшін төленетін бір айдағы орташа сома 50 мың теңгені құрайтынын жеткізді. Бағдарлама арқылы 2014 жылға қарай жалға берілетін тұрғын үй аумағының көлемін 1 млн. шаршы метрге, ал 2020 жылға қарай тұрғын үй құрылысының көлемін 10 млн. шаршы метрге жеткізу көзделген.

"Бағдарламаның төрт бағыты бойынша бір айдағы орташа төлем 30 мыңнан 50 мың теңге аралығында болады, бұл қазір баспана үшін төленіп отырған ипотекалық жүйедегі 86 мың теңгеден әлдеқайда арзан. Жоғарыда көрсетілген баға табысы төмен халықтың негізгі үлесі үшін қолжетімді", - деді С.Нокин.

Агенттік төрағасының айтуынша, қазақстандық ипотекалық компаниялар желісі бойынша жалға берілетін үйлердің құрылысын дамыту Бағдарламадағы ең басымдыққа ие бағыттардың бірі болуы керек. Бұл тетікті жүзеге асыру үшін құрылыс индустриясы саласындағы ең үздік құрылыс компанияларымен және кәсіпорындармен ынтымақтастық орнататын құрылыс корпорациясын құру көзделген.

Бағдарламаның келесі бағыты - кезекте тұрған адамдар үшін жалға берілетін тұрғын үй салу. Жоспар бойынша, 2014 жылдан бастап жыл сайын 275 мың шаршы метр тұрғын үй аумағы немесе 4500 пәтер салынады. "Қазір бұл көрсеткіш шамамен 2-2,5 мың пәтерді құрап отыр",- деп атап өтті Агенттік төрағасы.

Бағдарлама тұрғын үй саласындағы басқа да бағыттардан тұрады. Олардың арасында апатты жағдайда тұрған үйлерді бұзып, олардың орнына жаңа баспана салу жөніндегі ілкі жобаларды орындау бағыты бар. Бұндай жобаларды Астана қаласы мен Маңғыстау облысында жүзеге асыру жоспарлануда.

Жеке тұрғын үй салуды қолдау да Бағдарламадағы маңызды бағыттардың бірі болып табылады. 2011 жылы тұрғын үй құрылысындағы жер үйлердің үлесі 55 пайызды құрады. Бұл көрсеткішті сақтап қалу үшін мемлекет жер телімдерін бағалау мен мониторинг жүргізетін болады, сондай-ақ осы жер телімдеріне инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым тартылып, жеке тұрғын үйлер үшін типтік жобалар әзірленеді. Бағдарлама аясында 2020 жылға дейін 28 млн. шаршы метр жеке тұрғын үй аумағын пайдалануға беру немесе жыл сайын 30 мың жер үй тұрғызу көзделген.

Бағдарламаның келесі бөлімі -тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту бағыты болып табылады. Бағдарламаның бұл бағыттағы ілкі жобалары 2011 жылдан бастап іске асырылып келеді.

Сонымен қатар, Бағдарлама инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамытуға бөлінетін қаржы көлемін арттыруды көздейді. Биыл инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамытуға бөлінген қаражат 57 млрд. теңгеге дейін артты. 2014 жылдан бастап бұл көрсеткішті 100 млрд. теңгеге дейін жеткізу жоспарда бар.

"Қолжетімді баспана-2020" бағдарламасын жүзеге асыру нәтижесінде 2013 жылдан бастап 2020 жылға дейінгі аралықта 63 млн. шаршы метр аумақтағы жаңа тұрғын үй пайдалануға беріліп, бір миллионға жуық отбасы баспаналы болады, 35 млн. шары метр аумақтағы екінші кезекті тұрғын үйлер жаңғыртылып, ішкі нарықтағы отандық құрылыс материалдар үлесі 65 пайыздан 90 пайызға жетеді", - деп түйіндеді С.Нокин.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны