Система Orphus

2020 жыл Алматы облысында газдандыру жылы болмақ

12.12.2019, 15:24 26542

Алматы. 12 желтоқсан. Kazakhstan Today -Бүгін облыс әкімі Амандық Баталовтың қатысуымен облыстық мәслихаттың кезекті LV сессиясы өтті. Онда депутаттар облыстың 2020-2022 жылдарға арналған бюджеттің жобасын талқылап, бекітті. Осы жиында облыс әкімі 2020 жылды облыста газдандыру жылы болады деп мәлімдеді, - деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Сессияда облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Жомарт Әмірханов баяндама жасады. Ол өз баяндамасында облыстың алдағы үш жылға арналған бюджетінің жалпы көлемі 1,8 триллион теңгені құрайтын шығыс бөлігінің жобасын қарастыруға ұсынды.

2020 жылға арналған бюджет жобасы 579 млрд. теңге сомасында анықталды, бұл 2019 жылдың бекітілген бюджетінен 27,9 пайызға немесе 126 млрд. теңгеге артық. Баяндамашының айтуынша,жоспарланған қаражаттың ең көп үлесі әлеуметтік салаға - 23,2%, тұрғын үй және инженерлік коммуникацияға -18,6%, сумен қамтамасыз ету - 4,1%,газбен қамтамасыз етуге - 2,7% және басқаларына - 51,4% көлемінде бөлінген.Жалпы алдымыздағы үш жылда әлеуметтік саланы дамытуға 1,2 триллион теңге көзделуде, бұл облыс бюджеті көлемі 60 %-дан астамын құрайды.

Бюджет жоспарының жобасымен танысқан депутаттар, оны бірауыздан қолдап, дауыс берді.

Сонымен қатар осы басқосуда келесі сессияның төрағасы сайланып, оған депутат Мұхит Үмбетов бекітілді.

Сессия жұмысын қорытындылаған облыс әкімі Амандық Баталов облыс бюджетінің жобасына қолдау білдіріп, сенім артқандары үшін депутаттарға ризашылық білдірді. 2019 жылдың облыс үшін оңай болмағанын еске алды. Мәселен, атаулы әлеуметтік көмекке бұған дейін 4 млрд. теңге бағытталып келсе, осы жылда бұл сома бірден 28 млрд. теңгеге көтеріліп, алушылар саны 40 мың адамға жеткен. Сол сияқты Арыс қаласындағы біздің облысқа бөлінген үлкен учаскені қалпына келтіру де өз деңгейінде жасалды. Түркістан облысын қолдау шараларының ауқымды көлемі биылғы жылдың бюджетінен атқарылған.

- Ертеректе республикадан бөлінетін қаржыдан облыстың меншікті кірісі әлдеқайда төмен болған жылдар да болды. Ал қазір біздің облыстың меншікті кірісі - 248 млрд. теңгеге жетті. Бұған біз инвестиция тарту арқылы, жаңа өндірістер ашу арқылы қол жеткізіп отырмыз. Елбасы шет елдермен іскерлік байланыс орнатып, өңірлерге инветиция тартуға жол ашып берді. Күні кеше Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың шетелдік ірі инвесторлармен кездесулерінде Алматы облысындағы екі ірі "Бауманн" және "Лукойл" инвестициялық жобаларының талқыланғаны да бізді ерекше қуантады. Келесі жылдың бюджетін қалыптастырудың алдында аудан, қала әкімдерінің, облыстық басқарма басшыларының жобаларымен таныстық, ұсыныстарын тыңдадық. Келесі жылы елді мекендерді газдандыруға ерекше назар аударылады. Ең бастысы, өткен жылы магистралды газ құбырын тарттық, АТРС-тер салдық, енді аудан, қала ішілік газ тарту жұмыстарын қузау керек. 2020 жылы осы мақсатқа бағытталған қаржыға қосымша тағы да қаражат бөлеміз. Алматы облысында 2020 жылды газдандыру жылы деуге болады. Қазір Қапашағай қаласында бұл жұмыста алға жылушылық бар. Инвесторлар өз қаржысына Заречный ауылына газ жеткізді. Кейбір аудандарда бұл жұмыс мүлде жүрмей жатыр. Орынбасарым Бағдат Манзоров пен облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасына осы іспен түбегейлі айналысуды тапсырамын. Әкімдердің, тиісті басқарманың келесі жылғы жұмыстарын дәл осы газдандырудағы аяқ алысына қарап бағалаймын, - деді А. Баталов.

Оған қоса облыста тұрғын үй салу да қарқын алатын болды. Мәселен, келесі жылы Талдықорғанда 22 үй салына бастайды. Облыс басшысы тұрғын үйге сұраныс көп Қарасай, Іле, Талғар аудандарында да тұтас шағын аудандар салу керектігін де айтты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында үш ауысымды мектептерді жою туралы айтылғанын еске сала отырып, өңірде 38 мектеп үш ауысымды санатында екенін тілге тиек етті. Соған сәйкес облыста келесі жылы 32 мектеп салынады. Қалғанын мектепті кеңейту, яғни жапсаржай салу арқылы шешуге болады. Сол сияқты инженерлік инфрақұрылымдарды дамыту, мектептерге балаларды тасымалдауға және Талдықорған қаласының қоғамдық көліктерін жаңалауға заманауи автобустар сатып алу, "Өңірлерді дамыту" және "Ауыл - ел бесігі" бағдарламалары бойынша елді мекендерді көркейту, шағын және орта бизнесті қолдау сияқты маңызды жұмыстарды атқару одан әрі де жалғастырылатынын жеткізді.

- Осы істердің барлығын біз депутаттармен бірлесіп атқарып келеміз. Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында да жақсы жаңалықтарымыз көп. Мерекеге орай еңбек сіңірген бірқатар азаматтарды мемлекеттік наградалармен марапаттаймыз, қалалықтарға жаңа пәтер кілттерін береміз. Осындай қуанышты күндеріміз көп болсын! Баршаңызды Тәуелсіздік мерекесімен құттықтаймын, - деді А. Баталов.

Ақпаратты пайдаланѓан жаѓдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігініњ материалдарына авторлық қ±қық.

При использовании информации, гиперссылка на информационное агентство Kazakhstan Today обязательна.

Комментарии

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны