Система Orphus

2020 жылы жұмыспен қамтуға тікелей ықпал ету шаралары 1,2 миллион адамға жетеді

26.05.2020 7561

Алматы. 26 мамыр. Kazakhstan Today - Ақмәди Сарбасов "42 500 теңге" төлемін тағайындау жайын қорытындылады.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ақмәди Сарбасов, ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникация қызметінде, Төтенше жағдай (бұдан әрі - ТЖ) кезінде табыстан айырылуға байланысты Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (бұдан әрі - МӘСҚ) 42 500 теңге мөлшерінде төленетін төлемді тағайындау жайын қорытындылады. Сонымен қатар, ол, төлем тағайындалмаған өтініштерді қайта қарастыру мәселесіне тоқталып, шектеу шаралары жағдайында еңбек ету тұрғысында заңнама баптарын түсіндіріп берді.

Сөзінің басында, вице-министр, Төтенше жағдай кезінде жұмыс берушілердің өндірістік қызметі мен жұмысшылардың жұмыс орнына қолжетімділігі шектеулі болғанын атап өтті. Мұндай жағдайда, Үкімет, бірқатар дағдарысқа қарсы шараларды қабылдады.

Мәселен, Жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету және отандық кәсіпкерлерді қолдау мақсатында 2020-2021 жылдарға арналған Жұмыспен қамтудың жол картасы қабылданды. Үкіметтің дағдарысқа қарсы жоспары аясында, 2020 жылы, жұмыспен қамтуға тікелей ықпал ету шаралары 1,2 миллион адамға жетеді.

Сондай-ақ, мемлекет, табысынан айрылған кәсіпкерлер мен жұмысшыларды қолдау мақсатында, Төтенше жағдай туындаған кезде әлеуметтік төлем тағайындады. Оған келесі санаттар иек арта алды:

- ақысыз еңбек демалысына жіберілген ШОБ, ірі кәсіпкерлік субъектілері (карантин енгізілген өңірлерде), коммерциялық емес ұйымдар (мемлекеттік секторды қоспағанда) жұмысшылары;

- жеке кәсіпкерлер;

- жеке тәжірибемен айналысатын адамдар;

- Бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілер (оның ішінде БЖТ төлеген бейресми жұмыспен қамтылғандар);

- азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт бойынша табыс алатын жеке тұлғалар (бұдан әрі - АҚС).

"Біз өтініш беру үдерісін барынша жеңілдеттік. Ол үшін әртүрлі техникалық шешімдер іске асырылды: 42500.enbek.kz веб-порталы; "Электрондық үкіметтің" веб-порталы; 18 Telegram-бот; ұялы телефон нөмірі тіркелсе, өтінім берусіз (проактивті). Банктердегі ұзын-сонар кезектің пайда болу қаупін азайту мақсатында, банк деректемелерінсіз өтініш беру мүмкіндігі қарастырылды, есепшоттарды онлайн ашу бойынша шаралар қабылданды. Бұл шаралардың барлығы өтініштерді беру және қарау үдерісін тездетуге мүмкіндік берді. Барлығы 8 миллион адам өтініш берді, оның 4,6 миллионына тағайындалды. Төтенше жағдайдың тоқтатылуына байланысты 2020 жылдың 11 мамырынан бастап жаңа өтініштерді қабылдау аяқталды", - деді Ақмәди Сарбасов.

Оның айтуынша, алғаш рет 194,2 млрд теңге сомасындағы 4,6 млн төлем тағайындалды, оның ішінде бірінші айға 158,9 млрд теңге сомасында 3,7 млн, екінші айға 35,4 млрд теңгеге 834 мың тиесілі. Екінші айда 2,9 миллион адамға төлем ұзартылды, 122,2 млрд теңге төленді.

"Біз бұған дейін де айтқанымыздай тағы бір еске салғым келеді, жалдамалы қызметкерлерге әлеуметтік жәрдемақы тағайындаудың басты шарты - бұл ақысыз демалыста болу және әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтілі, басқа санаттар үшін - Төтенше жағдай кезінде толық кірістен айырылу және әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтілі болды. Ал АҚС шарттары бойынша жұмыс істейтін азаматтар үшін зейнетақы жарналарының болуы сұралды", - деді вице-министр.

Еңбекмині және басқа да мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелері арқылы өтініш берушілердің мәліметтерін тексеру кезінде жеке кәсіпкерлер мен қызметкерлердің жоғарыда аталған талаптарға сәйкес келмеуі жағдайлары анықталды. Осыған байланысты оларға әлеуметтік төлемдер төлеуден бас тартылды.

Біріншіден, төлемді тағайындамау келесі мәселелерге байланысты болды:

- зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдардың болмауы;

- Төтенше жағдай кезінде зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдардың өсуі (сәуірде);

- жеке кәсіпкерлердің кірісті жоғалтқанын растамауы;

- бірнеше кірістің болуы;

- өтініште көрсетілген жұмыс беруші зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдарды төлеушіге сәйкес келмеді.

Өтініш берушілердің мәртебесі бойынша да төлемдер тағайындалмады:

- жұмыссыздық мәртебесінің болуы;

- қайтыс болған адамдардың атынан жалған өтініш жолдау;

- шетелге шығып кеткен адамдардың атынан өтініштер;

- қамауда отырған адамдардың өтініштері;

- Төтенше жағдай кезінде жұмыс істеген мемлекеттік сектордың, квазимемлекеттік сектордың, екінші деңгейлі банктердің және басқа кәсіпорындардың қызметкерлерінің өтініштері;

- белсенді зейнетақы және жәрдемақы алушылардың өтініштері.

"Тағы да назарларыңызды аударғым келеді, Төтенше жағдайдың тоқтатылуына байланысты, 2020 жылдың 11 мамырынан бастап жаңа өтініштерді қабылдау аяқталды. Сонымен бірге, "42 500 теңге" төлемі тағайындалмаған жекелеген азаматтардың өтініштеріне байланысты, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мұндай төлемдерді тағайындаудың іс-қимыл сызбасын әзірледі. Бұдан бұрын бас тарту туралы шешім қабылданған "42 500 теңге" әлеуметтік төлемін тағайындау өтініштерін қайта қарау үшін, аудандық (қалалық) штабқа растайтын құжаттармен бірге тиісті өтініш беру керек ", - деді Ақмәди Сарбасов.

Өтініш беріледі:

Жұмыс беруші тарапынан - ШОБ, ірі кәсіпкерлік (карантин енгізілген өңірлерде), коммерциялық емес заңды тұлғалар үшін. Бұл ретте өтініш тек әлеуметтік төлем тағайындаудан бас тарту (оны тоқтату) туралы шешім қабылданған қызметкерлер үшін беріледі.

Өз бетінше - өздеріне қатысты әлеуметтік төлемді тағайындаудан бас тарту (оны тоқтату) туралы шешім қабылданған жеке кәсіпкерлер, жеке тәжірибемен айналысатын адамдар, БЖТ төлеушілер, азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар (бұдан әрі - АҚС) бойынша жұмыс істейтін адамдар.

"Ұсынылған құжаттарды қарағаннан кейін аудандық (қалалық) штаб "42 500 теңге" әлеуметтік төлемін тағайындауға құқығының бары немесе жоғы туралы қорытынды шығарады. Оң қорытынды "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы бөлімшесіне беріледі, ол "Өтініш берушінің электрондық іс макетін" қалыптастырады және деректерді МӘСҚ филиалына береді. МӘСҚ филиалы әлеуметтік төлем тағайындау немесе тағайындаудан бас тарту туралы шешім қабылдайды. Аудандық (қалалық) штабтың қорытындысымен немесе МӘСҚ филиалының шешімімен келіспеген жағдайда, өтініш беруші растайтын құжаттарымен аудандық (қалалық) штабтың жұмыс органы арқылы облыстық (қалалық) штабқа жүгінеді, содан кейін қайта қарау процедурасы қайталанады. Карантин талаптарын ескере отырып, адамдардың жаппай жиналуына жол бермеу мақсатында, өтініштер 2020 жылғы 1 желтоқсанға дейін қаралатын болады", - деп түсіндіріп өтті вице-министр.

Ақмәди Сарбасов, сондай-ақ, карантиндік шаралар жағдайында жұмысын қайта бастауына рұқсат етілмеген жұмыс берушілердегі қызметкерлердің жұмысын ұйымдастыруға және олардың еңбегіне ақы төлеуге қатысты мәселелер туындағанын атап өтті. Осыған байланысты, ол, қолданыстағы еңбек заңнамасында өндірістік қызметке қатысты толыққанды шектеулер болған жағдайда, еңбек қатынастарын ресімдеудің бірнеше нұсқалары қарастырылғанын атап өтті.

Бірінші, қашықтықтан жұмыс істеу тәртібі (Еңбек кодексінің 138-бабы). Қашықтағы жұмыс шарттары еңбек шартына қосымша келісімдерде белгіленеді, ал жұмыс беруші қызметкерді қажетті байланыс құралдарымен қамтамасыз етуі керек.

Екінші: толық емес жұмыс күні. Жұмыс беруші толық емес жұмыс күнін (күнделікті жұмыс (жұмыс ауысымы) ұзақтығының нормасын азайту, толық емес жұмыс аптасы не осы екі нұсқа да) белгілеуге құқылы.

Үшіншісі: ақысы төленбейтін демалыс. Оған қызметкердің бастамасы бойынша және жұмыс берушінің келісімімен ғана рұқсат етіледі (некені тіркеу, баланың тууы, жақын туыстарының қайтыс болуы жағдайында жұмыс берушінің келісімі талап етілмейді).

Төртінші: жұмыс беруші мен қызметкердің бақылауына жатпайтын жағдайларға байланысты тоқтап тұруды ресімдеу (Еңбек кодексінің 112-бабы). Тоқтап тұру 1 ең төменгі жалақыдан (42 500) кем болмайтын мөлшерде төленуі керек. Тоқтап тұру барлық ұйымдарға сай келмейтінін атап өткен жөн - тоқтап қалу себептері ұйымның жұмыс істеуін жалғастыруының мүмкін болмауына негізделуге тиіс (мысалы, егер Бас мемлекеттік санитариялық дәрігердің қаулысымен осы ұйымның қызметіне толық немесе ішінара тыйым салынған жағдайда).

"Біз шектеулердің бар екенін түсінеміз, бизнес толық көлемде өндірістік қызметін жүзеге асыра алмауда. Сондықтан, осы мүмкіндікті пайдалана отырып, барлық адал жұмыс берушілерге белсенді азаматтық ұстанымы, қызметкерлері үшін әлеуметтік жауапкершілігі мен жұмыс орындарын сақтап отырған үшін алғыс айтқым келеді", - деп түйіндеді Ақмәди Сарбасов.

Ақпаратты пайдаланѓан жаѓдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігініњ материалдарына авторлық қ±қық.

При использовании информации, гиперссылка на информационное агентство Kazakhstan Today обязательна.

Комментарии

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны