22.12.2021, 17:17 37046

2021 жылдың қорытындысы бойынша мұнай өндіру көлемі 85,7 млн тонна деңгейінде күтілуде

Газ саласында осы жылдың қорытындысы бойынша шикі газ өндіру 54 млрд текше метр деңгейінде күтілуде.
2021 жылдың қорытындысы бойынша мұнай өндіру көлемі 85,7 млн тонна деңгейінде күтілуде
НҰР-СҰЛТАН. 22 ЖЕЛТОҚСАН - Еліміздің отын-энергетика кешенінің 2021 жылдың қорытындысы бойынша мұнай өндіру көлемі 85,7 млн тонна, мұнай экспорты 67,6 млн тонна деңгейінде күтілуде. Бұл туралы Үкімет отырысы барысында Қазақстан Республикасының Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев баяндады, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев баяндағандай, жоспарға сәйкес елімізде мұнай өндіру ұлғаятын болады. 2030 жылға қарай оның көлемі 104,2 млн тоннаға дейін жетеді.
 
Мұнай өндіру бойынша жоспарлы көрсеткішке қол жеткізу мынадай жобалар есебінен қамтамасыз етілетін болады: 
 
- Теңіз кен орнындағы Келешекте кеңейту жобасының арқасында мұнай өндіру жылына 12 млн тоннаға артады; 
 
- Қарашығанақ кен орнындағы өндіру деңгейін ұзарту жобасының арқасында мұнай өндіру жылына 11-12 млн тонна деңгейінде сақталатын болады; 
 
- Қашаған кен орнында газ өңдеу зауыттарын салу. Бұл жылына 3 млрд метр куб тауарлық газ өндіруге және мұнай өндіруді 16 млн тоннадан 20 млн тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді;
 
- Каспий теңізіндегі Хазар және Қаламқас-теңіз кен орындарын игеру жобасы бойынша жұмыстар басталды. Бұл кен орындарында 2028 жылдан бастап жылына 4 млн тонна мұнай өндіріледі деп жоспарланған.
 

Газ саласында осы жылдың қорытындысы бойынша шикі газ өндіру 54 млрд текше метр, тауарлық газ өндіру – 29,4 млрд текше метр, экспорт – 7,7 млрд текше метр деңгейінде күтілуде", - деді Энергетика министрі.

 
Оның айтуынша, 2030 жылға қарай шикі газ өндіруді сексен 87,1 млрд метр куб-қа дейін ұлғайту жоспарлануда. Бұл Қарашығанақ, Қашаған және Теңіз объектілерінде жобаларды іске асыру, сондай-ақ жаңа перспективалы кен орындарын уақтылы пайдалануға беру арқылы мүмкін болмақ. 
 
Шикі газ өндірудің ұлғаюымен қатар тауарлық газ өндірісінің ұлғаюы да күтілуде.
 

7 жаңа кен орнын игеру, сондай-ақ Қашаған мен Жанаөзенде газ өңдеу зауыттарын салу есебінен тауарлық газ өндірісі 2030 жылға қарай 42,2 млрд метр кубқа дейін ұлғаятын болады", - деді спикер.

 
М. Мырзағалиев атап өткендей, 2021 жылдың қорытындысы бойынша мұнай-газ-химия өнімдерін өндіру көлемі 190 мың тонна деңгейінде күтілуде. Өндіріс көлемінің төмендеуі Атырау мұнай өндеу зауытының жоспардан тыс тоқтауына байланысты болды.
 

Министрліктің жоспарына сәйкес мұнай-газ-химия өнімдерін өндіру көлемін 2025 жылға қарай 2 млн тоннаға дейін, ал 2030 жылға қарай 3,4 млн тоннаға дейін ұлғайту жоспарлануда", - деді Мырзағалиев.

 
Электр энергетикасы саласына келетін болсақ, 2021 жылдың қорытындысы бойынша электр энергиясын өндіру 112,3 млрд кВтсағ деңгейінде күтілуде. Тұтыну көлемі 2020 жылмен салыстырғанда 6,3%-ға өсті.
 

2030 жылға қарай электр энергиясын өндіруді 141,2 млрд кВтсағ-қа дейін ұлғайту жоспарланып отыр. Осылайша, экономиканың электр энергиясына деген қажеттілігін жабу мақсатында 11 ГВт өндіруші қуаттарды енгізу жоспарлануда. Бұған жұмыс істеп тұрған электр станцияларын жаңғырту және жаңа станциялар салу, сондай-ақ жаңартылатын энергия көздерін іске қосу арқылы қол жеткізілетін болады", - деп қосты министр.

 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны