02.10.2020, 21:24 19927

Қазақстан халқының 27% - дан астамы несие алған

Жалпы берешек сомасы барлық тұтынушылық кредиттерді қоса есептегенде 4 трлн теңгеден асады.

Алматы. 2 қазан. Kazakhstan Today - Қазақстан азаматтары өздерін банкрот деп жариялай алмайды. Себебі, ондай құқығы жоқ! Сондықтан, көбіне қарызын қайтара алмай немесе несиесін төлей алмай жүрген жандар коллекторлардың тұзағына түсіп жатады. Сондықтан амалсыз мойнындағы несиелерін жабу үшін тағы кредит алады. Оның соңы не болады? Әрине, осылайша қарызға белшеден батады. Бұл көбіңізге таныс жағдай деп ойлаймын.

Сандарды сөйлетсек. 2019 жылғы статистика былай дейді. Жалпы берешек сомасы барлық тұтынушылық кредиттерді қоса есептегенде 4 трлн теңгеден асады. Қазақстан халқының 27% - дан астамы несие алған, мойындарында қарызы бар. Ол елдің экономикалық белсенді халқының 55% - дан астамын құрайды. Яғни жұмыс істейтін он адамның әрбір алтыдан біреуінде кредит бар. Ол: ипотекалық қарыз, автокредит бойынша алынған несие, бизнес-кредитті есептемегендегі көрсеткіш. Бірақ бүгінгі күні бұл көрсеткіш еш азайған жоқ, қайта көбейді.

Коллекторлардың борышкерлерді жиі мазалайтыны жайлы қазақтандықтар көп айтады. Соның салдарынан қарыз алушының да тіпті кейде кепіл болған адамның да мазасы кетеді. Тіпті өмірі күл - талқанға айналады. Коллекторлардың мақсаты: қорқыту ма? қорғау ма? Ол жағы түсініксіз. Бір анығы біздегі барлық кредиттік жүйе банктің мүддесін қорғауға бағытталған.

Барлық дамыған елдерде "жеке тұлғалардың банкроттығы" туралы заң бар. Ол заңдар барынша азаматтардың құқықтарын қорғайды және тек пайда табуға бағытталған банктердің мүдделерін шектеуге мүмкіндік береді.

Бұл идея негізінен, ең алдымен - Америка Құрама Штаттарында жүзеге асырылды, онда банкроттық туралы алғаш рет XIX ғасырдың өзінде айтыла бастаған. Бір ғасырдан кейін бұл процедураны Еуропа елдері де қабылдады. Банкроттық туралы заңнаманың негізгі мақсаты: адал борышкердің мүлкін несие берушілер арасында әділ бөлу, борышкерді қарыздан босату және оған бизнесін қайтадан бастауға мүмкіндік беру.

Сонымен, АҚШ - та жеке тұлғаның банкроттығы өте кең таралған құбылыс. Банкроттық деп жариялауға мәлімдемені борышкердің өзі (ерікті банкроттық) немесе несие беруші арыз бере алады, бұл жағдайда ол мәжбүрлі банкроттық болып табылады. Мұндай іс жергілікті федералды банкроттық сотында қаралады және банкроттық туралы кодекспен реттеледі.

Егер борышкердің тұрақты табысы бола тұра бірақ оның көлемі барлық қарыздарын өтеу үшін жеткіліксіз болса, онда оның бар мүлкін тартып алмайды. Ол өз мүлкіне билік ету еркіндігіне ие болады. Бірақ шарт бойынша ол қарызын тез арада төлеуге міндеттеледі.

Егер банкрот деп жарияланған тұлға қарызын өтеуге еш мүмкіндігі болмаса онда оның мүлкі жазып алынады да артынша сатылады, ал содан түскен табыс кридиторларға қайтарылады.

Жалпы, АҚШ-та заңның негізгі қағидасы "freshstart" ("жаңа бастама") деп аталады және адамды мүмкіндігінше тез қарыздардан босатып, оған өз ісін қайта бастауға мүмкіндік береді.

Бірақ, бір теріс тұсы: банкроттық туралы жазба несие тарихында 10 жыл бойы сақталады. Ал, ол жаңа несие алу мүмкіндігін айтарлықтай төмендетеді.

Ұлыбританияда жеке тұлға үш жағдайда банкрот болуы мүмкін: борышкер сотқа өзі жүгінген кезде, кредитор сотқа жүгінсе немесе борышкер кемінде 750 фунт (шамамен 485 мың теңге) берешегі болған кезде, сондай-ақ борышкердің кредиторлармен бітімгершілік келісім талаптарын бұзуы себебінен конкурстық басқарушы сотқа жүгінсе банкроттық жарияланады.

Банкроттық рәсімі аяқталғаннан кейін борышкер тұрмыстық заттарды, киім-кешектерді, жиһаздарды жалпы өзіне қажетті құралдар мен арзан көлікті қалдыра алады. Сондай - ақ банкрот зейнетке шығу құқығын сақтайды. Зейнетақы жинақтарын төрелік басқарушы ала алмайды.

Ал Қазақстан Республикасында заң бойынша кредиторларға банкроттың зейнетақы жинақтарынан 50% - на дейін алуға болатын норма бар!

Ресейде жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заңның оң тұстары да бар: несиелер мен қарыздар бойынша қарыздарды есептен шығару; мүлікке тыйым салуды алып тастау; атқарушылық іс жүргізуді тоқтата тұру; айыппұлдар мен пайыздардың есептелмеуі; барлық қарыздарды үмітсіз деп тану. Сондай-ақ, заңмен өндіріп алынбайтын мүлік қорғалған: жеке қаражат есебінен сатып алынған, сыйға немесе мұраға алынған, банкроттық туралы өтініш берілгенге дейін өтелген ипотека арқылы сатып алынған жалғыз тұрғын үй; үйге арналған заттар, тамақ, киім, аяқ киім; борышкердің кәсіби қызметіне қажетті мүлік; борышкерге және асырауындағыларға күнкөріс минимумы; жүріп-тұруға қажетті мүгедектің мүлкі; наградалар, сыйлықтар; Мүгедектігі бойынша зейнетақылар мен жәрдемақылар, әскери зейнетақы, балаға төленетін жәрдемақы.

Ақпаратты пайдаланѓан жаѓдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігініњ материалдарына авторлық қ±қық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны