01.09.2020, 23:36 5900

Тоқаев:Жергілікті бюджеттерді бекіту барысында бақылауды күшейту қажет

Инфрақұрылымдық және әлеуметтік бастамаларға аудандар мен елді мекендердің бюджетінен қаражат бөлу үшін қоғамдық сараптама жүргізілуге тиіс. Бұл ретте, онлайн сауалнаманы да қолданған жөн",- деді президент.

Алматы. 1 қыркүйек. Kazakhstan Today - Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Палаталарының бірлескен отырысында "Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі" атты Жолдауында жергілікті бюджеттерді бекіту барысында бақылауды күшейту қажеттігін, себебі, бөлінген қаражат көп жағдайда тұрғындардың шынайы қажеттілігіне жұмсала бермейтінін атап өтті.

"Біз "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" құруды қолға алдық. Бұған дейін айтқанымдай, бұл - мемлекеттік органдар тек азаматтардың күнделікті мәселесіне байланысты жауап қатуы тиіс деген сөз емес. Бұл, ең алдымен, билік пен қоғам арасындағы тұрақты диалог.

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі азаматтық диалогты дамыту ісіне тың серпін берді. Кеңес еліміздегі жалпыұлттық диалог үдерісін орнықтырып, өз миссиясын орындады. Соның нәтижесінде саяси реформалар топтамасы жүзеге асырылуда.

Атап айтқанда, "Бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы" демократиялық тұрғыдан мүлде жаңа заң қабылданды. "Саяси партиялар туралы", "Сайлау туралы", "Парламент және оның депутаттарының мәртебесі туралы" заңдарға өзгерістер енгізілді.

Сондай-ақ, Қылмыстық кодекстің 130-шы бабын қылмыс санатынан алып тастау және 174-ші бабын ізгілендіру үшін өзгерістер қабылданды.

Жұмысты сапалы әрі жедел атқарғаны үшін Парламентке ризашылығымды білдіремін.

Бұл - саяси саладағы реформаларымыздың бастамасы ғана. Оны жаңғырту ісі жалғаса береді. Мемлекеттік биліктің барлық дерлік институттарын реформалау керек.

Жаңғыртудың негізгі мақсаты - тұтас мемлекеттің тиімділігін арттыру.

Егер азаматтарымыздың әл-ауқатын шын мәнінде жақсартқымыз келсе, олардың өздерін осы іске белсенді түрде тартқан жөн. Алдағы саяси реформалардың барлығы халықты мемлекет басқару ісіне кеңінен қатыстыруға бағытталуы керек.

Мысалы, қоғамдық пікір сауалнамалары ауыл әкімдерінің сайлау арқылы қызметке келуіне қатысты сұраныстың артқанын көрсетіп отыр.

Бұл маңызды қадамды жан-жақты ойластырып, дәйекті түрде жүзеге асырған жөн. Мұндай жүйенің қалай жұмыс істейтінін нақты білуіміз керек.

Алайда, бұл мәселенің шешімін кейінге қалдыруға болмайды.

Келесі жылы бірқатар ауылдық округ әкімдерінің өкілеттік мерзімі аяқталады. Ауыл әкімдерінің тікелей сайлауын өткізуге болады деп ойлаймын.

Жергілікті билік өкілдерінің сайланбалы болуымен қатар, мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы құзыреттерді бөлу және жергілікті өзін-өзі басқару ісін айқындап алуымыз қажет.

Аса маңызды мәселенің бірі - аймақтарды бюджеттен қаржыландыру моделін әзірлеу.

Бұл ретте, "орталық пен өңір" арасындағы қарым-қатынастан бөлек, қаражаттың өңір ішінде бөлінуіне айрықша назар аудару керек.

Жергілікті бюджеттерді бекіту барысында бақылауды күшейту қажет. Себебі, бөлінген қаражат көп жағдайда тұрғындардың шынайы қажеттілігіне жұмсала бермейді.

Бір-екі көшені жыл сайын қайта-қайта жөндей беру, имидждік іс-шараларға жұмсалатын тиімсіз шығындар азаматтарымыздың наразылығын тудыруда. Бұл - орынды.

Инфрақұрылымдық және әлеуметтік бастамаларға аудандар мен елді мекендердің бюджетінен қаражат бөлу үшін қоғамдық сараптама жүргізілуге тиіс. Бұл ретте, онлайн сауалнаманы да қолданған жөн",- деді президент.

Ақпаратты пайдаланѓан жаѓдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігініњ материалдарына авторлық қ±қық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны