25.03.2022, 17:39 30411

Ақшолақов КҚК апаты туралы: диверсия нұсқасын қарастырмаймыз

Ақшолақов КҚК апаты туралы: диверсия нұсқасын қарастырмаймыз
Сурет: cpc.ru
НҰР-СҰЛТАН. 25 НАУРЫЗ - Каспий құбыр консорциумындағы апат туралы неге Ресей тарабы ғана ақпарат таратып, Қазақстан тарабы растап қана отырды? Бұл оқиға бойынша диверсия ықтималдығын қарастырасыздар ма? Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақовқа осындай сұрақ қойылды.
 

Каспий құбыр консорциумы бойынша диверсия нұсқасын мүлде қарастырмаймыз. Техникалық астардан басқа ештеңе көріп тұрған жоқпыз. Қойып отырған сұрағыңыздың орынды тұсы бар. Мұндай нысандар дауыл сияқты шетін жағдайларға дайын болуы керек екені рас. Өйткені Қара Теңіз мазасыз. Ол жерде порт салған кезде осының бәрі ескеріледі. "Ескіні жамағанның есі кетеді" деген жақсы сөз бар. 10 жыл бойы 7 балдық дауылдарға төтеп берсе де, уақыт өтке келе тозуы мүмкін. Адам да жылдар өте қартаяды. Қондырғылар да уақыт өткен сайын жаңармайды. Кейде техникалық бөлікте ақау болу үшін кішігірім оқиға да жетіп жатады. Қазір бұл туралы айту маған қиын. Өйткені порт өзге елдің юрисдикциясында орналасқан. Өз сарапшыларымды, қадағалаушыларымды ол жаққа жібере алмаймын", - деді министр.

 
Ведомство басшысы Каспий құбыр консорциумы жекелеген бір мемлекеттің меншігіндегі кәсіпорын емес екенін еске салды.
 

Порт пен оның айлақтары Каспий құбыр консоциумының меншігінде. Оны түрлі азаматтар басқарады. Арасында біздің азаматтар да, Ресейдің азаматтары да бар. Бірақ бұл компания құрамына көптеген Батыс компаниялары кіретін консорциумның мүддесіне жұмыс істейді. Яғни, қазақстандық және ресейлік компаниялармен бірге көптеген еуропалық, америкалық компаниялар қатысып отыр. Сондықтан, онда жалданып жұмыс істейтін персонал қандай да бір елге емес, Каспий құбыр консорциумына жұмыс істейді. Қандай да бір елдің мүдедсіне емес, жобаның мүддесіне жұмыс істейді. Консорциум басшылығының мәліметіне сенбеуге менде ешқандай негіз жоқ. Бірнеше күн болды тығыз байланыстамыз. Дегенмен нақты көрініс белгісіз. Өйткені кеше дауыл болғандықтан сүңгуірлер түсе алмады. Олардың зерттеуі болған жоқ. Кеше кешке дауыл басылып, сүңгуірлер бүгін түсті. Енді солардан мәлімет күтіп отырмын", - деді Болат Ақшолақов.

 
Ақпарат көзі: inform.kz
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны