16.08.2006, 15:00 2975

Ағымдағы айда республика ұлттық банкі Ұлттық қорды қалыптастыру мақсатында ішкі нарықтан 315,8 млн. доллар көлемінде шетел валютасын сатып алуға бағытталған үш операцияны жүзеге асырды

АЛМАТЫ. 16-тамыз. Kazakhstan Today. Ағымдағы айда республика ұлттық банкі Ұлттық қорды қалыптастыру мақсатында ішкі нарықтан 315,8 млн. доллар көлемінде шетел валютасын сатып алуға бағытталған үш операцияны жүзеге асырды. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Инуар Сәйденов бүгін еліміздің қаржы нарығындағы ахуалға арналған баспасөз мәслихатында құлағдар етті,- деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

"Қазір қаржы министрлігі бізге конвертациялап, Ұлттық қорға аударатын қаржыны тұрақты аударып отырады. Бізге келген 39 млрд. теңгені елдің ішкі нарығында толық көлемде долларға ауыстырдық. Ол 315,8 млн. доллар болды",- деп атап өткен И.Сәйденов шілде айынан бастап Ұлттық қорды қалыптастыру мен пайдаланудың жаңа тетіктері күшіне енгенін еске салды.

Республика Ұлттық банкі басшысының айтуынша, 2006-жылдың шілде айында ел ішіндегі валюта нарығында түрлі ағымдар байқалды. "Шілденің алғашқы екі онкүндігінде байқалған теңгенің нығаю ағымы үшінші онкүндікте оның арзандауына алмасты. Тамызда бұл ағым одан әрі жалғасты",- деді И.Сәйденов. Оның айтуынша, ұлттық валюта құнының арзандауына Ұлттық қорды пайдалану мен қалыптастырудың жаңа тетіктері енгізілумен бірге, 12-шілдедден бастап күшіне енген ең төменгі резервтік талаптарға қатысты жаңа ережелер де әсер етті.

"Ережелердегі өзгерістер ең төменгі резервтік талаптардың артуына алып келуге байланысты резервтегі активтер өсті. Сонымен бірге резервтік активтердің тізіміне банктердің Ұлттық банктегі корреспонденттік шоттарындағы шетел валютасындағы қалдықтар да енгізілді. Нәтижесінде банктердің аталмыш шоттағы қалдықтары 20-шілдеден бастап біршама артты",- деді И.Сәйденов. Оның айтуына қарағанда, шілде айында жалпы алғанда теңгенің АҚШ долларына шаққандағы биржалық номинал құны өзгерген жоқ. "Маусымның аяғындағы сияқты, шілденің аяғында ол 1 АҚШ долларына шаққанда 118,41 теңгені құрады. Жыл басынан бері теңгенің нығаюы 11,48 процентті құрады. Теңге бағамының АҚШ долларына шаққандағы бағамының ауытқуы 117,25 - 118,49 теңге аралығында байқалды. Жеті айда биржадағы орташа бағам 125,57 теңгені құрады",- дейді Ұлттық банктегілер.

Сонымен бірге, Ұлттық банк баспасөз қызметінің мәліметіне сәйкес, шілде айында Қазақстан қор биржасындағы операциялардың көлемі қосымша сауда-саттықтарды ескергенде маусым айындағымен салыстырғанда 15,5 процентке, немесе, 1728,3 млн. долларға дейін өсті. Биржадан тысқары валюта нарығында шілде айындағы операциялар көлемі шілде айында 7,7 процентке азайып, 5671,8 млн. теңгені құрады.

И.Сәйденовтың айтуынша, 2006-жылдың 1-11 тамыз аралығында ішкі валюта нарығында да теңге бағамының АҚШ долларына шаққанда 3,5 процентке біртіндеп төмендеу ағымы байқалды. 11-тамызда теңгенің биржалық құны 122,58 теңгені құрады. Қазақстан қор биржасындағы биржалық операциялардың жалпы көлемі 1398,5 млн. долларды құрады.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны