14.05.2008, 19:40 3398

Ақылы жолдар енгізілгенде азаматтардың бірқатар санатына жеңілдіктер беріледі

Ақылы жолдар енгізілгенде азаматтардың бірқатар санатына жеңілдіктер беріледі

Астана. 14 мамыр. "Қазақстан Бүгін" - Ақылы жолдар енгізілгенде азаматтардың бірқатар санатына жеңілдіктер беріледі. Бұл туралы бүгін ақылы автожолдарды енгізу мәселелері бойынша баспасөз конференциясында журналистердің сауалдарына жауап берген ҚР Көлік және коммуникация вице-министрі Дулат Көтербеков мәлімдеді, деп хабарлайды агенттік тілшісі.

Оның айтуынша, ҚР Көлік және коммуникация министрлігі "Концессия мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге толықтырулар және өзгертулерді енгізу туралы" Заң жобасының бірқатар баптары бойынша бастамашы болды.

2005 жылдың желтоқсанында ҚР Үкіметінің қаулысымен қабылданған 2006-2012 жылдарға арналған Автожолдар саласын дамыту бағдарламасына сәйкес, 42 мың км жалпы қолданыстағы автожолдарды жөндеудің барлық түрімен қамтамасыз ету жоспарланған. Оған 1,3 трлн. теңге немесе 10 млрд. АҚШ долларынан астам қаржы қарастырылған. 2012 жылдың аяғына қарай республикалық маңызы бар автожолдардың 86 пайызын және жергілікті жүйенің 70 пайызын қалпына келтіру күтілуде.

Алайда, автожолдар саласын қаржыландыру жеткілікті мөлшерде жүзеге асырылып отырған жоқ. Жол шаруашылығы қажеттіліктерінің 50 пайызы қанағаттандырылмай келеді.

Ал, сараптамаларға сәйкес, Қазақстандағы автожолдардың жедел қарқынмен дамуы және экономика қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін жыл сайын жол саласына шамамен 240 млрд. теңге (2 млрд. АҚШ доллары) көлемінде қаржы бөлу қажет. Мұндай қаражат көлемі бюджетке үлкен салмақ түсіреді. Ал, автомобиль жолдарын тұтынушылардан түсетін салық автожолдарды күтіп-ұстауға әзер жетеді.

Жол саласына бөлінетін бюджеттік қаржылар әлеуметтік-экономикалық тиімділігі жөнінен ең жоғары көрсеткішке ие. Автожолдарға жұмсалған бір доллардан кейін түсетін жалпы экономикалық пайда көлемі шамамен 3-5 долларды құрайды.

Оның үстіне Қазақстанда соңғы кездері автомобильдердің саны тұрақты (жылына 15-20 пайызға) өсуде.

Өкінішке қарай, еліміздің автожолдарында жол-көліктік оқиғалардың салдарынан қаза тапқан адамдардың да саны өсуде. Ақылы жолдар ретінде қарастырылып жатқан Астана - Бурабай, Астана - Қарағанды, Алматы - Қапшағай, Алматы - Шымкент, Алматы - Қорғас сияқты жолдар ең қауіптілердің қатарында. Бұл жолдар Қазақстандағы барлық жолдардың 2 пайызын құрағанымен, қайғылы оқиғалардың 15 пайызы осы жолдарға тиесілі.

ҚР Көлік және коммуникация министрлігі зерттеген халықаралық тәжірибе бұл проблемаларды шешу үшін мемлекеттік-жеке меншіктік серіктестікті қолдану мүмкіндігін айқындап берді.

Айта кету керек, жол саласында концессияларды қолдану тәсілі әлемнің көптеген елдерінде пайдаланылып келеді.

Концессия жобаны жүзеге асыруға бірден бөлінуге тиіс қаржы салмағын неғұрлым ұзақ уақытқа бөліп тастауға мүмкіндік береді.

Қаржыландырудың мұндай жүйесі аталған учаскелерде бір мезгілде жұмыстарды жүргізуге (техникалық-экономикалық негіздемеге сәйкес, тек құрылыс жұмыстарына 532 млрд. теңге қажет), сондай-ақ, мемлекеттік бюджеттен бөлінетін қаржыны басқа жолдар мен көпірлерге аударуға мүмкіндік береді.

Автожолдар саласында концессияларды дамыту үшін заң жобасы төмендегі жағдайларды қарастырады: концессионер жол тұтынушыларынан ақы алу мүмкіндігіне ие болады;кБаламалы тегін жолды салу міндеттілігінің жойылуы (20-дан астам мемлекеттің заңнамасы көрсеткендей, баламалы жолды салу туралы норма тек Жапония, Мексика, Индонезия және Италияның заңнамасында бар);

Азаматтардың бірқатар санатына жеңілдіктер беріп, осыған байланысты концессионердің шығынын бюджеттен өтеу; концессиялық міндеткерліктерді төлеу кепілдіктерін бере отырып, концессионердің инвестициялық шығынын бюджеттен өтеу.

Ең алғашқы концессиялық жобалардың қатарында көлік өте көп жүретін автожолдарды салу (Астана - Қарағанды, Алматы - Қапшағай, Алматы - Қорғас, Үлкен Алматы айналма жолы); Астана - Бурабай мемлекеттік ақылы жолын пайдалану көзделуде.

Ақы төлеудің қолма-қол жүйесін енгізу ұсынылып отыр. Жол ақысын шлагбаумдармен жабдықталған бекеттерде операторлар алатын болады. Бұл жүйені таңдауға келесі жағдайлар себеп болды: жоғары сенімділік, жабдықтарға бөлінетін инвестициялардың салыстырмалы аз көлемі, жүйені дайындап, пайдалануға берудің қысқа мерзімі, ақы төлеу бекеттерінде бақылаудың қосымша жүйесін қолдану мүмкіндігі, автоматтық жүйені енгізу үшін одан әрі жаңарту мүмкіндігі.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны