13.02.2014, 19:04 7929

Икімдердің міндеті - әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасының көтерілуіне жол бермеу - Б.Сағынтаев

"Бүгінгі жергілікті атқарушы органдардың басты міндеті - әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасының өсуіне жол бермеу және өңірлердегі айырбас пункттерінде алыпсатарлық жағдайлардың алдын алу", - деді Б.Сағынтаев.

Алматы. 13 ақпан. Kazakhstan today. Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев селекторлық тәртіппен кеңес өткізді. Онда ұлттық валютаның айырбас курсының түзетілуіне байланысты өңірлердегі қазіргі жағдай талқыланды.

Министрлер кабинеті басшысының ресми порталының хабарлауынша, кеңес жұмысына орталық мемлекеттік орган жетекшілері, облыс пен Астана және Алматы қаласы әкімдері қатысты.

"Бүгінгі жергілікті атқарушы органдардың басты міндеті - әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасының өсуіне жол бермеу және өңірлердегі айырбас пункттерінде алыпсатарлық жағдайлардың алдын алу", - деді Б.Сағынтаев.

Осыған орай, Үкімет басшысының бірінші орынбасары әкімдіктерге сауда орындарындағы жұмыстарды күшейтуді, әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасына күнделікті мониторинг жүргізу, орын алған оқыс жағдайларға заңнамалық санкция қабылдамастан бұрын дер кезінде шара қолдануды тапсырды.

Сонымен қатар, әкімдіктерге Ұлттық банктің бөлімшелерімен бірігіп қаржы нарығындағы жағдайға мұқият мән беріп, Ұлттық банк тарапынан қойылған параметрлерден валюта айырбас курсының алынуына қарсы шара қолдануды тапсырды.

Жиында азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қоры қызметіне қатысты мәселелер талқыланды.

"Қазіргі жағдайда өңірлік тұрақтандыру қорлары азық-түлік тауарлары бағасын тұрақтандырудың басты құралы болып табылады", - деді вице-премьер.

Тұрақтандыру қорларының қызметі мәселелерінің жалпы координациясы ӨДМ-не тапсырылды. Министрлік өз кезегінде ЭБЖМ және БҚА-мен бірігіп әлеуметтік маңызы бар тұтыну тауарларының бөлшек бағасын реттеу мен мониторинг жасауды мойнына алды.

Ішкі нарықты азық-түлікпен қамту және өңірлердегі азық-түлік тауарлары өндірісі тепе-теңдігін бақылау Ауыл шаруашылығы министрлігіне тапсырылды.

Жиын қорытындысында Бақытжан Сағынтаев "біздің бірінші кезектегі міндетіміз Үкімет пен Ұлттық банк тарапынан қабылданған әлеуметтік маңызы бар тұтыну тауарлары бағасын тұрақтандыру шаралары бойынша халық арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту" екенін айтты.

Естеріңізге сала кетейік, ҚР Үкімет басшысы Серік Ахметовтың тапсырмасымен өңірлердегі жедел жағдайды бақылау ҚР Премьер-Министрінің біррінші орынбасары Бақытжан Сағынтаевқа жүктелген болатын.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны