15.02.2008, 18:43 2409

Ақмола облысы Астананың төңірегінде "азық-түлік белдеуін" құруға белсене атсалысуға тиіс - ауылшаруашылығы министрі

Ақмола облысы Астананың төңірегінде "азық-түлік белдеуін" құруға белсене атсалысуға тиіс - ауылшаруашылығы министрі

Астана. 15 ақпан. "Қазақстан Бүгін" - Ақмола облысы Астананың төңірегінде "азық-түлік белдеуін" құруға белсене атсалысуға тиіс . Бұл туралы Еліміздің ауылшаруашылығы министрі Ахметжан Есімов бүгін облыс әкімінің есебіне арналған қоғамдық жиналыста Көкшетауда мәлімдеді, деп хабарлайды агенттік тілшісі.

"Ауылшаруашылығы министрлігі, Ақмола облысы мен Астана қалалық әкімшіліктерінің алдында Астананың төңірегінде "азық-түлік белдеуін" құру жобасын жүзеге асыру бойынша ауқымды әрі жауапты жұмыстар тұр", - деді А. Есімов.

Оның айтуынша, бүгінгі күні Елордасының азық-түлік өнімдеріне деген сұранысы "импорт есебінен және еліміздің басқа өңірлерінен тасымалдау арқылы біршама деңгейде қанағаттандырылуда". Астананы азық-түлік тауарларымен қамтамасыз етуде Ақмола облысының үлесі, министрдің мәліметінше, "әлі де төмен деңгейде қалып отыр".

Атап айтсақ, 2007 жылы "облыстағы сүт өңдеу кәсіпорындары 10 мың тоннаға жуық сүт өнімдерін өндіріп, Астанаға жеткізген, Астанадағы өңдеу кәсіпорындарына облыстың өнім өндірушілері 30 мың тонна сүт берді.

"Олардың жиынтық көлемі Астана тұрғындарының жылдық тұтыну көлемінің небәрі 20% құрайды. Сүт бағытындағы мал шаруашылығын табысты дамытқан және сүт өңдеуді жолға қоя алған жағдайда сіздер Астана нарығындағы осынау ауқымды үлесті иемдене алар едіңіздер", - деді агроөнеркәсіптік кешен өкілдеріне қаратып айтқан сөзінде.

А. Есімовтың пікірінше, "облыс Астана нарығын өсімдік майымен толтыруға да қатыса алады".

"Астана нарығының жылдық өсімдік майы сыйымдылығы 8 мың тоннаны құрайды. Ал сіздер ауқымды резервтеріңіз бола тұра, бұл іске мүлдем атсалыспай отырсыздар", -деді ол.

"Өздеріңіздің географиялық орналасудағы артықшылықтарыңызды жан-жақты пайдалана алмай отырсыздар. Соның салдарынан Астана тұтынушыларының ауқымды ақшасы басқа елдер мен өңірлерге кетіп жатыр. Мұндай ахуалды жедел өзгерту керек", - деді ол.

А. Есімов сондай-ақ өзі басқаратын мекеменің бағдарламаға қатысушыларды іріктеу критерийлері анықталып, даму институттарының жобалар мен бизнес-жоспарларға қоятын талаптары жеткізілгенін хабарлады.

"Ендігі жерде жергілікті атқарушы билік органдары бағдарламаға қатысушыларды түпкілікті айқындап, оларға проблемаларды шешуге, сауатты әрі нақты бизнес-жоспарлар жасауға қолдау көрсетуге, даму институттары мен ауылшаруашылығы министрлігімен бірлесіп алға қойылған міндеттерді жүзеге асыруға тиіс", -деді министр.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны