01.08.2008, 18:05 3262

Ақмола облысында агроөнеркәсіп кешені саласындағы білім жетілдіретін алғашқы орталық ашылды

Ақмола облысында агроөнеркәсіп кешені саласындағы білім жетілдіретін алғашқы орталық ашылды

Астана. 1 тамыз. "Қазақстан Бүгін" - Ақмола облысы, Шортанды ауданы, Дамса ауылындағы "Научный" кентінде, "Шортанды" агроөнеркәсіп кешені саласындағы білім жетілдіру орталығы ашылды,- деп хабарлайды агенттік тілшісі ҚР ауыл шаруашылығы министрлігіне сілтеме жасап.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, ҚР ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты "ҚазАгроИнновация" АҚ-ның күшімен А.Бараев атындағы Қазақ ғылыми-зерттеу институтының негізінде құрылған оқу орталығы республикамыздағы алғашқы рет құрылып отыр. Орталық агроөнеркәсіп кешенінің өнімділігі мен тиімділігін арттыру мақсатында егін шаруашылығын механикаландыру, озық ғылыми жаңалықтарды жедел енгізу арқылы саланың дамуына ықпал етуге бағытталған. Орталық негізінен мынадай бағытта қызмет атқарады: мамандар мен ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерге арналған қысқа мерзімдік білім жетілдіру бағдарламаларын іске асыру; АӨК субъектілеріне ақпараттық-кеңес беру; ауыл шаруашылығы техникалары мен жабдықтарының үлгілерін таныстыру және оларды жаттықтыру.

Осы орталықтың базасында биылдың өзінде ауыл шаруашылық мамандарының кәсіби біліктілігін жетілдіруге арналған оншақты іс-шара өткізу жоспарланған. Атап айтқанда замануи технологияларды өндіріске енгізудің қыр-сырын оқып үйреніп, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің осы технологияларды пайдалану тәжірибесімен танысады.

Орталықта мынадай топтар білімін жетілдіреді: аумақтық ауыл шаруашылығы департаменттерінің мамандары; жаңа технологияларды өндіріске енгізуді жоспарлап отырған агроқұрылымдардың мамандары мен басшылары;

ғылыми-зерттеу ұйымдар, өндірістік-тәжірибелік шаруашылықтардың, сұрыптау-генетикалық орталықтардың және ғылыми-зерттеу жұмысын атқаратын тағы да басқа мекемелердің жетекшілері мен мамандары; жергілікті ауыл шаруашылығы құрылымдарының белгілі бір маман иелеріне деген қажеттілігіне орай сол ауылда тұратын жұмыссыздар.

Жалпы 2008 жылы елімізде агроөнеркәсіп кешені саласындағы білім жетілдіретін осындай екі орталық құрылады. Оның бірі осы "Шортанды" орталығы, екіншісін Алматы облысында ашу жоспарланып отыр. Бұл орталықтарда фермерлер жаңа жұмыс әдістерін оқып үйреніп, жаңа технологияларды игеретін болады. Ал, болшақта барлық облыста бір-бір осындай орталық ашу көзделген.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны