20.02.2012, 11:48 3700

Алдағы жылы 11 ірі индустриялық жоба жүзеге асырылатын болады

"Бұл жобалардың бәрі біздің экономикамыздың, біздің еліміздің бейнесін бүтіндей өзгертетін болады... Біз бүкіл Қазақстанды алып құрылыс алаңына айналдырып, мыңдаған жұмыс орнын құрамыз",- деп атап көрсетті Елбасы Қазақстан халқына Жолдауында.

Астана. 20-ақпан. Kazakhstan Today - Алдағы жылы 11 ірі индустриялық жоба жүзеге асырылатын болады, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігі.

Елбасы Н.Назарбаев "Илеуметтік-экономикалық жаңғырту - Қазақстан дамуының басты бағыты" атты Қазақстан халқына Жолдауында шикізат ресурстарының жоғары бөліністі саласында жаңа ірі индустриялық жобалардың басталатынын мәлім етті, деп хабаарлайды ҚР премьер-министрінің ресми сайты.

"Бұл жобалардың бәрі біздің экономикамыздың, біздің еліміздің бейнесін бүтіндей өзгертетін болады... Біз бүкіл Қазақстанды алып құрылыс алаңына айналдырып, мыңдаған жұмыс орнын құрамыз",- деп атап көрсетті Елбасы Қазақстан халқына Жолдауында.

Индустрияландыру мемлекеттік бағдардамасы іске асырыла бастаған екі жылдың ішінде жалпы сомасы 1,8 трлн. теңгенің 389 жобасы іске қосылды, 90 мың жаңа жұмыс орны құрылды.

2012 жылы салынып жатқан 220 жоба бойынша да жұмыстар күшейтілмек. Ағымдағы жылдың соңына дейін 130 индустриялық жоба іске қосылады деп жоспарлануда. Индустрияландыру картасының өзектілігін арттыруда инновацияларға, қазақстандық қамтудың үлесін арттыруға, энергия тиімділігін арттыруға және ақтық өнімдер шығаруға басымдық беріліп отыр.

Елбасының Жолдауында айтылған ірі индустриялық жобалардың құрылысы ағымдағы жылы басталады. Олар: "Батыс Еуропа - Батыс Қытай" халықаралық транзиттік дәлізін қайта жаңарту жобасы, Балқаш ЖЭС-ның құрылысы, Атырау облысындағы "KPI" ЖШС-нің ықпалдасқан газ-химиялық кешенінің құрылысы, Атырау мұнай өңдеу зауытындағы мұнайды терең өңдеу кешенінің құрылысы, "Бурабай" туристік орталығын құру жобалары.

"Батыс Еуропа-Батыс Қытай" жобасы бойынша 2012 жылы жұмысқа 35 мыңнан астам адам тартыла отырып, 700 шақырым жаңа жол пайдалануға берілмек.

Қуаты 1320 мегаватты құрайтын Балқаш ЖЭС-ның құрылысы энергия жетіспеушілігі проблемасын шешуге және еліміздің оңтүстік өңірлерінің энергия тәуелділігінен босатуға мүмкіндік береді.

Атырау облысындағы ықпалдасқан газ-химиялық кешеннің құрылысының арқасында Қазақстан жыл сайын 500 мың тонна пропилен және 800 мың тонна полиэтилен шығаратын болады. 2012 жылдың төртінші тоқсанында технологиялық жабдықтар орнатылатын құрылғыларды монтаждау басталады.

Ағымдағы жылдың екінші тоқсанында Атырау мұнай өңдеу зауытындағы мұнайды терең өңдеу кешенінің құрылысы басталады. Құны 1,7 млрд. долларды құрайтын бұл жоба бензин өндірісін 3 есеге - 1,7 млн. тоннаға дейін, дизельдік отын өндірісін -1,4 млн. тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік беріп, Қазақстанды отынның аталмыш түрлерімен қамтамасыз етеді.

Оған қоса, "Бурабай" туристік орталығын құру, Жамбыл облысында минералдық тыңайтқыштар зауытының құрылысы, Алматы таң шаңғысы курорты, Батыс Қазақстан облысындағы Қарашығанақ газ өңдеу зауытының құрылысы, Қазақстанның орталығына газ тартуға негізделген "Қарталы-Тобыл-Көкшетау-Астана" газ құбыры желісінің құрылысы, "Арқалық-Шұбаркөл" және "Жезқазған-Бейнеу" теміржолдарының құрылысы сияқты ірі жобалар іске асырылады.

Үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту бойынша мемлекеттік бағдарлама Қазақстан экономикасын жаңғыртудың басты бағдары болып қалуда. Индустрияландыру картасын орындау, жаңа индустриялық жобаларды іске қосу және оларды өндірістік қуатқа шығару -Үкіметтің бақылауындағы өзекті мәселелер.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны