30.11.2018, 14:19 11066

Алматы қаласы мен Алматы облысында күн және жел электр станциялары іске қосылды

Жоба Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы Үкіметтерініӊ арасында жасалған Келісім аясында іске асырылды.

Астана. 30 қараша. Kazakhstan Today - Бүгін Қазақстанныӊ энергетикалық кешені жаӊартылатын энергия көздерініӊ (ЖЭК) екі нысанымен толықты. Алматы қаласында қуаты 1 МВт Күн электр станциясы (КЭС) және қуаты 5 МВт Жел электр станциясы (ЖЭС) іске қосылды. Осыған орайластырылған салтанатты іс-шара КЭС орналасқан "Инновациялық технологиялар паркі" Арнайы экономикалық аймағында өтті.

Жоба Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы Үкіметтерініӊ арасында жасалған Келісім аясында іске асырылды. Оныӊ операторлары ретінде: Қазақстан тарапынан - "Самұрық-Энерго" АҚ, Қытай тарапынан - "Powerchina Zhongnan Engineering Corp. Ltd" компаниясы белгіленді.

Құжатқа сай, Қытай тарапы Алматы қаласындағы КЭС-тіӊ және Алматы облысыныӊ Еӊбекшіқазақ ауданындағы Нұрлы кентініӊ маӊында орналасқан ЖЭС-тіӊ құрылысын аяқтап, Қазақстан тарапыныӊ меншігіне тегін өткізеді. Өз кезегінде, "Самұрық-Энерго" құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізу үшін қажетті жағдайдыӊ бәрін жасады, соныӊ ішінде құрылыс алаӊдарын сумен, электрмен, күре жолдан бастап құрылыс алаӊына дейінгі кіреберіс жолмен жабдықтады, сондай-ақ қытайлық серіктестеріне жабдығын кедендік декларациялау, визалық қолдау көрсету, қажетті құжаттамасын рәсімдеу, рұқсаттама қағаздарын алу, орындайтын жұмыстарыныӊ сапасын бақылау секілді және т.б. көмек көрсетіп отырды.

72 сағатқа созылған кешенді сынақтар мен байқау нәтижесі бойынша, күн және жел станциялары пайдалануға толық дайын.

Станцияларды іске қосу рәсіміне қатысқан "Самұрық-Энерго" АҚ Басқарма Төрағасы Бақытжан Жоламанов мемлекеттер арасында орнатылған "жасыл көпір" ЖЭК пайдалану саласында одан әрі тәжірибе алмасуға бағытталған деп атап өтті. Бұл Қазақстанныӊ өзіндік ғылыми-техникалық әлеуетін дамытуға да, Қазақстанда ғылыми және қолданбалы зерттеулер жүргізу үшін жағдай жасауға, "жасыл" энергетика саласындағы мамандарды оқытып, дайындауға да мүмкіндік береді. Қазақстандағы аса ірі энергетикалық холдингтіӊ басшысы сондай-ақ "Самұрық-Энерго" АҚ-тыӊ экологиялық таза электр энергиясын өндіру саласында көшбасшы болып табылатынын, ЖЭК нысандарын операциялық басқару, жөндеу және оларға техникалық қызмет көрсету саласындатиісті білімі мен тәжірибесі бар екенін атап өтті.

Нысандарды құруға "CITIC Construction Co, Ltd" компаниясы бас мердігер болды. Ол Қытайдыӊ "жасыл" энергетика саласында кешенді қызмет көрсететін аса ірі мемлекеттік инвестициялық корпорацияларыныӊ бірі болып табылады. Компанияныӊ Шығыс Еуропа және ТМД Департаментініӊ Бас директоры Ли Цзяньхуэй мырзаныӊ сөзінше,қуаты 1 МВт КЭС-тіӊ жобасы бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары 2017 жылғы желтоқсанда басталып, 2018 жылғы қазанда аяқталды, ал қуаты 5 МВт ЖЭС-тіӊ жобасы бойынша жұмыстар 2018 жылғы наурыз-қараша аралығында атқарылды. Күн станциясы екі типті: еӊкею бұрышы бекітілмелі және реттелмелі металлконструкцияда орнатылған 3 608 фотоэлектрмодульдерден тұрады. Жел станциясыныӊ құрамында әрқайсысыныӊ қуаты 2,5 МВт болатын, Қытайдыӊ GoldWind компаниясы жасап шығарған екі жел энергетикалық қондырғы бар.

Естеріӊізге сала кетейік, Қазақстандағы жаӊартылатын энергетика секторын дамытуды қолдау жөніндегі алғашқы заӊнамалық бастамалар - жылу және электр энергиясын өндіру кезінде жаӊартылатын көздерді пайдалануды қолдауға бағытталған, "Жаӊартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау туралы" Заӊ 2009 жылы қабылданған болатын. 2013 жылы жаӊартылатын энергетика секторын мемлекеттік қолдау механизмі іске қосылды, ол жаӊартылатын энергия көздері өндіретін бүкіл электр энергиясын бекітілген тарифтер бойынша кепілді түрде бір орталықтан сатып алуға негізделген.

Бүгінгі таӊда "Самұрық-Энерго" АҚ жаӊартылатын энергия көздері саласындағы екі жобаны: Қапшағай қаласындағы қуаты 2 МВт КЭС-ті ("Samruk-Green Energy" ЖШС) және Ерейментау қаласындағы қуаты 45 МВт ЖЭС-ті ("БЖЭС" ЖШС) іске асырды. 2018 жылғы 10 айдыӊ өзінде бұл нысандарда өндірілген электр энергиясы 134,4 млн. кВтсағатты құрады.

"Самұрық-Энерго" АҚ - Қазақстандағы аса ірі электр энергетикалық холдинг, акцияларыныӊ 100%-ы "Самұрық-Қазына" ҰИҚ" АҚ-ға тиесілі. 2007 жылы құрылған. Жұмысыныӊ негізгі бағыттары: электр және жылу энергиясын өндіру; электр энергиясын жеткізу, бөліп-тарату және сату; энергетикалық көмір өндіру. Холдингтіӊ құрамына энергия және көмір өндіру кәсіпорындары, соныӊ ішінде: "Екібастұз ГРЭС-1" ЖШС, "Екібастұз ГРЭС-2 станциясы" АҚ, "Богатырь Көмір" ЖШС, "Алматы электр станциялары" АҚ, "О.Д. Қантаев атындағы Мойнақ су электрстанциясы" АҚ, "Шардара СЭС" АҚ және т.б. кіреді.

Ақпаратты пайдаланИан жаИдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық қИқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны