21.05.2008, 20:37 3565

Алматы қаласының әкімі шыққан жылына байланысты көлік салығын ұлғайтуды ұсынады

Алматы қаласының әкімі шыққан жылына байланысты көлік салығын ұлғайтуды ұсынады

Алматы. 21 мамыр. "Қазақстан Бүгін" - Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов шыққан жылына байланысты көлік салығын ұлғайтуды ұсынады. Мұндай мәлімдеме Алматыдағы экологиялық тыңдалымдар барысында жасалды, деп хабарлайды "Қазақстан Бүгін" агенттігінің тілшісі.

"Биыл біз үкіметке бірқатар ұсыныстар жолдадық. Атап айтар болсақ, Қазақстан Республикасының "Икімшілік құқық бұзушылықтар туралы" кодексіне өзгертулер мен толықтырулар енгізу. Оған сәйкес, көліктің ластайтын заттар құрамының нормасынан артқан автокөлік құралдарын пайдалануға әкімшілік жауапкершілікті қатайту керек. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының "Салық және бюджетке өзге де міндетті төлемдер туралы" кодексіне өзгертулер енгізу. Ал оған сәйкес, шығарылған жылына байланысты көлік құралдарына салынар салықты ұлғайту керек", - деп хабарлады А. Есімов.

Өзінің баяндамасында қала әкімі ауа бассеинінің ластануын Алматының ең өткір экологиялық проблемасы деп атады. "2006 жылы атмосфераның ластану индексі 12,1 болса, былтыр ол 12,6-ға жеткен. Формальдегид пен азот диоксиді артып келе жатыр", - деп атап көрсетті А. Есімов.

Ол сондай-ақ, 2007 жылы атмосфераға шығарылған зиянды заттардың жалпы көлемі 185 мың тоннаны құраған. Оның 15 мың тоннасы стационарлық көздерден болса, 170 мыңы автокөліктердің үлесінде. Биылғы жылдың 1 сәуірінде Алматыда 514 мың автокөлік тіркелген. Ал 2010 жылға қарай бұл сан 855 мыңға дейін ұлғаяды деп күтіліп отыр. "Тиісінше, автокөліктердің зиянды қалдықтарының мөлшері 265 мың тоннаға дейін өседі", - деді А. Есімов.

Статистика көрсетіп отырғандай, қалада пайдаланылатын көліктердің 78 пайызы жеті жылдан бұрын шыққан көліктер және олар моральдық, техникалық тұрғыдан ескірген. "Тексерілген 100 көліктің ішінен 70-тен астам машинадан улылық деңгейі белгіленген нормадан 3-5 есе жоғары екені байқалады", - деп атап көрсетті әкім.

Автомотор жанармайы көптеген жағдайларда сапасыз болғандықтан проблема одан әріге шиеленісіп отыр. Икімнің хабарламасына сүйенсек, тексерілген 583 нұсқа көлік жанармайының 40 нұсқасы белгіленген стандарттарға сай емес.

А. Есімов мойындағандай, қолданылып жатқан шараларға қарамастан, әзірге, автокөліктен шығатын зиянды қалдықтарды айтарлықтай азайту мүмкін болмай отыр. Сондықтан ол құзырлы органдарға проблеманың ең тиімді шешу жолын көрсететін әлемдік тәжірибеге сүйенуге шақырды.

Сондай-ақ, А. Есімов биылғы жылдың маусымынан бастап Алматыда бензин мен биоэтанолдың қоспасы биоотынды пайдалана бастайтынын хабарлады.мамандар бұл атмосфераға шығып жатқан зиянды қалдықтарды азайтуға мүмкіндік береді деп есептейді.

А. Есімов сондай-ақ, заң нормаларын қатайту халыққа кері әсерін тигізбеуі керектігін атап көрсетті. Халықтың көпшілігі ескі көліктерді пайдаланады. "Біз қоғамдық көлік жұмысын Еуропалық стандарттарға дейін жеткізуіміз керек. Бұл ескі жолаушылар көлігін ЕВРО-2 стандарттарына сай келетіндерімен алмастыру. Заманауи автобустар мен жолаушылар тасымалының жоғары деңгейде ұйымдастырылған жүйесі алматылықтар үшін күн сайын жеке көлікте жүргенге лайықты балама болуға тиісті", - деп мәлімдеді әкім.

Сондай-ақ, А. Есімов жылу энергетикасының кәсіпорындары ауаны ластау проблемасын қалай шешіп жатқанын әңгімеледі. Жылу энергетикасы кәсіпорындарының ішінде ең ласы деп №1 жылу энергетикалық орталығы танылған. Онда жылу энергетикалық қондырғыларды жаңа шаңгазтазалау құралдарымен жабдықтау жұмыстары басталып кеткен. Бұл ретте қатты отынды газға алмастыру жұмыстары жүріп жатыр. Ол жылу энергетикалық орталықтарымен қатар, жеке секторда да іске асырылуда.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны