10.03.2010, 18:02 3596

Алматы метросын ағымдағы жылдың аяғына дейін іске қосу үшін 34 млрд теңге бөлу қажет - әкімдік

Алматы метросын ағымдағы жылдың аяғына дейін іске қосу үшін 34 млрд теңге бөлу қажет - әкімдік

Алматы. 10 наурыз. Kazakhstan Today - Алматы метросын ағымдағы жылдың аяғына дейін іске қосу үшін 34 млрд теңге бөлу қажет. Бұл туралы Алматы қалалық жолаушылар транспорты басқармасының бастығы Владимир Меренков бүгін өткен брифингте мәлім етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today.

"Егер біз 34 млрд теңге көлеміндегі қажетті қаржыны биыл алатын болсақ, онда жылдың аяғында құрылысты аяқтап, метроны іске қосамыз. Оған қажетті барлық алғышарттар бар", - деді В. Меренков.

"19 млрд 650 млн теңге көлеміндегі қаржы бөлініп, аванс алынды, жұмыстар қарқынды жүргізіліп жатыр. Барлық станцияларда жұмыстар жүргізіліп жатыр, оның үшеуін біз 95 - 98%-ға аяқтап келеміз, енді көркемдеу-безендіру жұмыстары қалып отыр. Наурыздан бастап біз кесте бойынша тамызға таман жұмыстарды аяқтау үшін шойын жолды төсеу секілді үстіңгі жұмыстарға кірісуге тиіспіз", - деді В. Меренков.

Оның айтуынша, басқа станцияларда "негізінен құрылыс- монтаж жұмыстары аяқталып келеді". "Станцияларды әрлеу, шойын жолдар мен шойын жолдардың түйісетін тұстарын жайластыру, сондай-ақ, басқа да қалған жұмыстар, атап айтсақ, энергетика мен автоматикаға қатысты үлкен шығынды талап ететін жабдықтар бар. Құрылыс- монтаж жұмыстарын іс жүзінде аяқтадық, енді аздаған ұсақ-түйек жұмыстар ғана қалды", - деді басқарма бастығы.

Оның айтуынша, бірінші жылжымалы құрам "мамыр айында жеткізілуге тиіс, ол дайын және Оңтүстік Кореяның Пусан қаласындағы Hyundai зауытында тұр, оны корей жағы таяу уақыттарда жіберге тиіс, тамызда қалған барлық жылжымалы құрам жеткізіледі".

Метродағы жолақы В. Меренковтың айтуынша 70 теңге болмақ деген жорамал бар. "Біз әзірге 70 теңге деп есептеп отырмыз. Метро - шығынды кәсіпорын дегенді түсіну керек. Екі желі іске қосылған кезде ғана біз рентабельділік және метроның өзін-өзі ақтауы туралы сөз қозғай аламыз", - деді ол.

Оның айтуынша, биылғы жылға "метроны іске қосуға 1 млрд 300 млн теңге және одан әрі метроны ұстауға 2 млрд теңгеге дейінгі көлемдегі дотацияға сұраным берілген".

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, Мәжіліс депутаты Амангелді Момышев Алматы метросының құрылысын салу жобасын тоқтатуды ұсынады. Бұл туралы ол бүгін өткен мәжілістің отырысында ҚР үкімет басшысы Кәрім Мәсімовқа қаратып айтқан сөзінде мәлімдеді, деп хабарлайды Kazakhstan Today.

"Алматы метросының мәселесіне келсек, құрылысты аяқтауға тағы да ақша сұрап отыр. Мен оның себебін түсіне алмаймын, неге? Осы метроның құрылысын біржола тоқтатқан жөн деп ойлаймын. Ол бір түпсіз тұңғиыққа айналды, жұтып жатыр, жұтып жатыр", - деді А. Момышев.

"Республикалық бюджеттен қаншама ақша жұмсалды, бірақ тындырылған іс шамалы", - деп мәлімдеді халық қалаулысы.

Алматы метросының бірінші кезегінің құрылыс жұмыстары тек қана 64%-ға аяқталды, деп хабарлайды Kazakhstan Today "Время" газетіне сілтеме жасап.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, "Алматы метросының бірінші кезегінің құрылыс жұмыстары тек 64%-ға ғана аяқталды. Ал метроны пайдалануға беру мерзімі төрт жылға кейінге шегерілген. 2009 жылдың қазан-қараша айларында бюджет қаржысының пайдаланылуына тексеру жүргізген Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті осындай тұжырымға келді ", - деп жазады басылым.

Есеп комитетінің ақпаратына сәйкес, "метро құрылысының барысын ұйымдастыруда жіберілген кемшіліктер анықталды. Алматы жолаушылар транспорты басқармасы 2009 жылы "Алматыметроқұрылыс" АҚ мен "Метропроект" ЖШС-іне жиынтық қаржыландыру жоспарында қарастырылғаннан да артық көлемде, тиісінше 191,5 млн теңге және 23,5 млн теңге көлемінде қаржы бөлген. Алайда байқау өткізілмеуге байланысты қаржы игерілмей қалды. Сөйтіп, жабдықтаушылар тарапынан міндеттемелер орындалмады".

"Бізге бөлінген қаржыдан артық көлемде қалай аудара аламыз? Бюджет жан-жақты есептеледі емес пе. Біз олармен (есеп комитетінің қызметкерлерімен) тәжікелесіп жатпау үшін қарсылық білдірмедік! Бұл -ақымақтық! Метроға аударатын мұндай ақшаны біз қайдан алар едік? Тапсырыс беруші - біз бен салынып жатқан метроның дирекциясы түрінде мердігер арасында шарт бар. Бұл шарт Қазақстан Республикасының Қазынашылық мекемесінде тіркеледі. Бірақ қазынашылық мекемесі ақша жоқ болса немесе ол артық болса шартты ешқашан тіркемейді. Сол себепті ондай тұжырымның қалай жасалғанын мен түсінбеймін. Ал қаржының игеруілуіне келсек, құрылыс басталған сәттен бастап 2010 жылдың 1 қаңтарына дейін 162 млрд теңгенің 108 млрд теңгесі игерілді. Бұл - жалпы көлемнің шамамен 70%-ы ", - деді Алматы қалалық жолаушылар транспорты басқармасының бастығы Владимир Меренков.

Метроның пайдалануға берілу мерзімі туралы сөз қозғаған ол : "құрылыс жұмыстары қаржыландыруға байланысты", деді. "Ақша соңғы үш жылда беріліп жатыр, ал оған дейін олай болған емес. 2006 жылға дейін мүлдем қаржыландырылған жоқ. Иманғали Тасмағамбетовтың тапсырмасына сәйкес, метроны 2008 жылы пайдалануға беру жоспарланды, одан кейін 2009-шы жылға шегердік", - деді ол.

"Егер бізге өзіміз сұраған 34 млрд теңгені жаздың ортасына дейін беретін болса, онда биыл бітеді. Егер бөлінбесе, онда келесі жылға қалады деген сөз. Есеп комитетінің отырысына мен тікелей қатыстым, олардың алдында есеп бердім. Іс жүзінде барлығы да бәрін түсінді. Олар үкімет тарапынан шара қолданылуы, қаржыландыру мерзімін созбауы үшін жазып жатырмыз деген. Неге десеңіз, құрылыс басталғалы тіпті 22 жыл өтті емес пе?", - деді В. Меренков.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны