12.02.2014, 18:41 3398

Алматы облысының әкімі аймақтағы бағаны қалыпты ұстауды тапсырды

"Табиғи монополияларды реттеу агенттігі мен барлық тұрғын үй - коммуналды шаруашылық қызметтеріне тарифті тұрақты ұстау, әсіресе электр желісі мен суға бағаны көтермеу үшін барлық шараны қабылдау қажет", - деді ол.

Алматы. 12 ақпан. Kazakhstan today. ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметовтің тапсырмасына сәйкес бүгін Алматы облысының әкімі Аңсар Мұсаханов бағаны тұрақтандыру жөнінде аудан, қала әкімдерімен шұғыл түрде секторлық кеңес өткізді. Жиынға салалық басқарма басшылары да қатысты.

"Бірінші кезекте, ірі тауар өндірушілер және көтерме сауда орындары өкілдерімен кеңес өткізу қажет. Сондай-ақ, ет, сүт, ұн өнімдерін өндіретін өндірушілер және ұн таратушылар мен наубайханашыларға бұрынғы бағаны сақтау қажеттігін ескерту. Бірінші сорттағы нан да бұрынғы бағада қалуы тиіс. Қажетті жағдайда облыстық тұрақтандыру қорының қаражатын пайдалану керек", - деді облыс әкімі.

Біріншіден, әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарларының қымбаттауына жол бермеу мақсатында облыс әкімінің бірінші орынбасары Амандық Баталовтың төрағалығымен облыс көлемінде бағаны тұрақты ұстау жөніндегі штаб жұмысын барынша жандандыру керек.

"Қала, әкімдеріне өңірлердегі жағдайлар жайында күнделікті ақпарат беріп отыруды тапсырамын" - деді Аңсар Мұсаханов.

"Табиғи монополияларды реттеу агенттігі мен барлық тұрғын үй - коммуналды шаруашылық қызметтеріне тарифті тұрақты ұстау, әсіресе электр желісі мен суға бағаны көтермеу үшін барлық шараны қабылдау қажет", - деді ол.

Сондай-ақ, ол ауыл шаруашылығы басқармасы, кәсіпорын иелері, Табиғи монополияларды реттеу агенттігі ауылшаруашылығы тауарларын өндірушілері және сауда үйлерінің меншік иелерімен бірлесіп, баға саясатын түсіндіру жөнінде жиындар өткізу керек екендігін айтты.

"Облыс аумағында негізгі азық-түлік тауарларының бағасын өсірмеуге, жүктелген барлық тапсырмаларды тыңғылықты атқаруға күш жұмсау қажет", - деді Аңсар Мұсаханов.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны