11.07.2014, 20:47 3586

Алматыда Қазақстандық тұңғыш жол талғамайтын көліктің тұсаукесері өткізілді

Алматыда бүгін Қазақстанның тұңғыш SsangYongNomad жол талғамайтын көлігінің ресми тұсаукесері болды. Бұл көлік шанағын дәнекерлеу мен бояудан тұратын CKD әдісімен өндірілген.

Алматы. 11 шілде. Kazakhstan today. Алматыда бүгін Қазақстанның тұңғыш SsangYongNomad жол талғамайтын көлігінің ресми тұсаукесері болды. Бұл көлік шанағын дәнекерлеу мен бояудан тұратын CKD әдісімен өндірілген.

"SsangYongNomad жобасын іске қосу - Қазақстан көлік өнеркәсібі тарихында еліміздің машина жасау өнеркәсібі белгілі бір кезеңнен өтіп, жаңа деңгейге көтерілгенін білдіреді, ал жобаның өзі автокөлік индустриясын әрі қарай дамытуға серпін берді",- деді тұсаукесер шарасында AllurGroup КТ Президенті Андрей Лаврентьев.

Қазақстан аумағында бірегей өнімді шығару идеясынан бастап, іске асыруға дейін 2 жылдан аса уақыт өтті. Кореялық және қазақстандық мамандар жоба бойынша жұмыс істеу барысында бірқатар зерттеулер мен талдаулар жүргізді, солардың негізінде қай жобаны Қазақстанда іске қосу керектігі туралы шешім қабылданды. Таңдау шағын SsangYongNomad жол талғамайтын көлігін өндіру еншісіне бұйырды.

Мұндай жобаны қолға алуға аталған үлгінің Қазақстанның шағын жол талғамайтын көліктер сегментінде анағұрлым сұраныста әрі танымал болуы себеп. АКАБ ұсынған нарық нәтижелері бойынша шағын жол талғамайтын көліктер санатының үлесі сатылған жол талғамайтын көліктер санының шамамен 40%-ын құрайды және болжамға сәйкес жол талғамайтын көліктер сегментіндегі, сондай-ақ атап айтқанда, осы санаттағы көліктердің үлесін арттыру үрдісін жалғастыру күтілуде.

SsangYongNomad үлгісінде де тұтынушылардың автокөліктерді ҚР пайдалануға қатысты қалауларының бәрі ескерілген, жанармай қозғалтқышының көлемі 2,3 л, қуаты 150 ат күшіне тең, 5 сатылы механикалық қорабы немесе 6 сатылы автомат қорабы бар, құны 23 700 доллардан 28 300 долларға дейінгі төрт жабдықтамасы бар.

Автокөліктің ерекшелігі әрі ең басты артықшылығы - жиектемелі құрылымы, лицензиялы Mercedes-Benz қозғалтқышы, толық жетек, заманауи қауіпсіздік жүйесі және осы санаттағы үлгілер үшін қолжетімді бөлшек сауда бағасы болып табылады.

2014 жылы 2400 бірлік SsangYongNomad көлігін өндіру жоспарланып отыр. Бұл нарықтағы ахуалға және аталмыш үлгіге деген жоспарланып отырған сұранысқа сәйкес келеді. Қазіргі таңда зауытта осы желі бойынша 600 маман жұмыс істейді, ал 2017 жылға дейін қызметкерлер саны 2 000 адамға дейін артуы тиіс.

Қостанай зауыты Басқарма төрағасы Алексей Сидоренконың айтуынша, "бүгінгі таңда жергілікті үлес 30%-ды құрап отыр, 2018 жылға дейін КО өндірілген жабдықтар санын көбейту есебінен бұл үлесті 50%-ға дейін арттыру жоспарланып отыр".

"SsangYongNomad жобасы Қазақстан үшін ерекше жоба болып табылады. Біріншіден, бұл ұсақ торапты тәсілмен өндірілген еліміздегі алғашқы үлгі. Екіншіден, тілге тиек етіп отырған SsangYongNomad үлгісін өндіруге Қазақстанның ғана арнайы құқы бар. Сондықтан да қазіргі таңда 2015 жылы үлгілерді алғаш рет ел шекарасынан тыс шығару туралы мәселе қарастырылуда. Бастапқы кезеңдерде экспорт үшін болашағы бар елдер - таяу шетел, яғни Ресей, Изірбайжан, Беларусь болып отыр",- деп хабарлады тұсаукесер спикерлері.

Компания үшін де, жалпы көлік индустриясы үшін де SsangYongMotorCompany басшылығының Оңтүстік Корея шекарасынан тыс орындалатын SsangYong ұсақ торабын құрау бойынша жобаны іске асырып жатқан әлемдегі бірден-бір алаң ретінде Сарыарқа АвтоПром алаңына ерекше ықылас білдіргені аса маңызды. Осының арқасында AllurGroup КТ енетін Сарыарқа АвтоПромының халықаралық 84-ші Женева көлік салонында аты аталды. "SsangYongMotorCompany басшылығының шешімі сапалы автокөліктерді өндіру бойынша Қазақстанға деген сенімділігінің жоғары екендігін білдіреді", деп атап өтті AllurGroup КТ Президенті Андрей Лаврентьев.

Кореялық серіктестер үшін Сарыарқа АвтоПром зауытының CKD өндірісі жобасына қаржы, адам, өндірістік ресурстарды инвестициялауға дайын екендігі аса маңызды болғандығын атап өткен жөн. Жоба ҚДБ атсалысуы арқасында жүзеге асты.

Сондай-ақ Қазақстанның автокөлік индустриясына көрсетіліп жатқан мемлекеттік қолдау да аса маңызды, бұл шетелдік серіктестер тарапынан жобаға деген сенімділік ұялатып, ұзақ мерзімді екендігін көрсетеді.

Сала зауыттарда 9 000, аралас салаларда 25 000 жұмыс орнымен қамтамасыз етіп отыр. Ал өндірілген қосымша автокөлік сервис, сату, логистика, сақтандыру, банк секторы, жарнама, көлік компоненттерін өндіру, тіпті КЖС салаларында тағы 12 азаматқа жұмыс береді.

AllurGroup КТ Президенті Андрей Лаврентьев: "Осыдан төрт жыл бұрын Қазақстанға әлемдік брендтерді тартуға мүмкіндік беретін автокөлік индустриясының дамуына екінің бірі сене бермейтін. Бүгінде Қазақстанның жаңа индустриялық даму көшінің қарсаңында тұрғандығына өзіміз куә болып отырмыз. SsangYongNomad - бұл тек алғашқы қадам. Алда бізді жаңа болашақ күтіп тұр, және де күмәнмен қарайтындардың саны азайып келе жатқаны қуантады. Жұмыла күш салсақ, жаңа белестерді бағындырамыз".

Қостанай зауыты Басқарма төрағасы Алексей Сидоренко: "Аталмыш жобаны жүзеге асыру үшін бүкіл Қостанай зауытының кадрлық ресурстары барынша тартылды. Оған қоса жоғары кәсіби шетелдік мамандар жұмылдырылды. Өндірістің жаңа деңгейінің енгізілуіне орай, Қазақстанның автокөлік өндіру саласы үшін беймәлім, мүлдем жаңаша бірегей кәсіптер игерілді".

Анықтама:

"СарыарқаАвтоПром" ЖШС "AllurAuto" ЖШС (51%) және "Тобыл" ИКК" АҚ (49%) бірлескен отандық кәсіпорын. "СарыарқаАвтоПром" ЖШС өндіріс алаңы 100% заманауи жоғары технологиялық жабдықтардан тұрады. Цехтардың бәрі соңғы инженерлік және экологиялық талаптарға сәйкес қайта құрылымданған.

Естеріңізге сала кетейік, 2013 жылы Қазақстанда өндірілген 38 000 жуық автокөлік сатылды. Қазақстанда өндірілген автокөліктерді сату 2013 жылы сатылған жаңа автокөліктердің жалпы санының 21%-ын алады. Құны бойынша өрнектейтін болсақ, 862 млн. USD ұлттық жеңіл автокөлік өндірушілерінің үлесіне тиді.

Талдаушылардың болжамына сәйкес, 2018 жылға қарай қазақстандық кәсіпорындар сомасы 4 млрд доллардан асатын, жергілікті үлес 30%-дан кем болатын, 190 000 жуық автокөлік өндіретін болады. Автокөліктер өндірісінің артуы Қазақстанның ЖІӨ ұлғайтады, бұл қосалқы құнды елде қалдыруға мүмкіндік береді.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны