11.07.2006, 14:20 2993

Алматыда Ресей Сауда-өнеркәсіптік палатасының Орталық Азиядағы аймақтық өкілдігі ашылды

АЛМАТЫ. 11-шілде. Kazakhstan Today. Алматыда Ресей Сауда-өнеркәсіптік палатасының Орталық Азиядағы аймақтық өкілдігі ашылды. Бүгін өкілдіктің ашылуына арналған ресми отырыс болып өтті, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

“Біз Орталық Азия аймағы мен Ресейдің Сауда-өнеркәсіптік палаталарының желісі бойынша өзара ынтымақтастықты дамыту біздің елдеріміздің экономикасын инновациялық бағытқа бұруға байланысты ұлттық міндеттерді белсенді шешеді деп сенеміз”,- деді отырыста Ресей Сауда-өнеркәсіптік палатасының ТМД аясындағы экономикалық интеграция мәселелері жөніндегі комитетінің төрағасы Валерий Серов.

Оның айтуынша, аймақтық өкілдіктің ашылуы “ынтымақтастыққа қосымша база болмақ”. “Ресейдің Сауда-өнеркәсіптік палаталарының желісінде ынтымақтастықты дамытуға мүмкіндік мол”,- деді В.Серов. Оның айтуынша, Ресей Сауда-өнеркәсіптік палатасына 176 аймақтық және муниципалдық палаталар енеді. Жүйеге 150-дей түрлі бизнес-қоғамдастықтар, ұйымдар мен банктер қамтылады.

Өз кезегінде Қазақстанның сауда-өнеркәсіптік палатасының президенті Абылай Мырзахметов аймақтағы мемлекеттер мен Ресей арасындағы ынтымақтастық аясының жыл санап артып келе жатқанын атап өтті. Ол былтыр Ресей мен Қазақстан арасында тауар айналымы 9,5 млрд. доллардан асқанын, және 2004-жылмен салыстырғанда 2 млрд. долларға өскенін атап өтті. “Республиканың жалпы тауар айналымының көлемінде Ресейдің үлес салмағы 25 проценттен асты”,- деп атап өткен А.Мырзахметов тек ағымдағы жылдың қаңтар-сәуір айларында бұл көрсеткіштің 3,3 млрд. долларға жеткенін хабарлады.

Қазақстанның сауда-өнеркәсіптік палатасының президенті екі жақты сауда-саттық шекара және аймақаралық деңгейде мейлінше белсенді дамып келе жатқанын хабарлады. Оның ақпаратына сәйкес, Ресейдің 70-тен астам аймағы қазақстандық әріптестермен ықпалдастық орнатқан. Исіресе Сібір аймақтық округі, соның ішінде Кемерово, Омбы, Иркутск, Новосибирск облыстары, Алтай және Краснояр, Хакасия және Чувашия аймақтары мейлінше белсенді сауда-экономикалық байланыстар орнатқан.

А.Мырзахметовтың айтуынша, қазір шекаралық аймақтарда 340-тан астам бірлескен кәсіпорындар мен өкілдіктер жұмыс істеуде. Олардың 60-ы былтыр құрылған. Қазақстанда 1,5 мыңдай Ресей-Қазақстан бірлескен кәсіпорындары тіркелген.
Ресей Сауда-өнеркәсіптік палатасының Орталық Азиядағы аймақтық өкілдігінің басшысы болып Константин Артюшкин тағайындалды. Ол сонымен бірге Пенза сауда-өнеркәсіптік палатасының төрағасы қызметін қоса атқарады.




МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны