03.12.2013, 19:45 4254

Алматыда тұңғыш халықаралық "Almaty Invest-2013" инвестициялық форумы өтті

Премьер-министр Серік Ахметовтің айтуынша, 2005 жылдан бері елімізге 170 млрд АҚШ долларынан астам тікелей шетелдік инвестиция тартылған. Бұған елдегі қолайлы инвестициялық ахуал пен макроэкономикалық тұрақтылық септігін тигізіп отыр.

Алматы. 03 желтоқсан. Kazakhstan today. Бүгін Алматыда тұңғыш халықаралық "Almaty Invest-2013" инвестициялық форумы өтті, деп хабарлайды Kazakhstan today ресми баспасөзге сілтеме жасап.

Шаһардың әлеуетін әлемдік қауымдастыққа таныстыруды мақсат тұтқан жиынға есімдері бизнес саласында жақсы таныс мамандар да қатысты.

Олардың арасында банкир, Нобель сыйлығының лауреаты Мухаммад Юнус, Лондонның экс-мэрі Кен Ливингстон және көптеген трансұлттық корпорациялардың өкілдері бар. Премьер-министр Серік Ахметовтің айтуынша, 2005 жылдан бері елімізге 170 млрд АҚШ долларынан астам тікелей шетелдік инвестиция тартылған. Бұған елдегі қолайлы инвестициялық ахуал пен макроэкономикалық тұрақтылық септігін тигізіп отыр. Қазір Қазақстанда шетелдік капиталдың қатысуымен құрылған 8 мыңға жуық кәсіпорын жұмыс істейді, бірқатары Алматыда орналасқан. Форум қонақтарын қала әкімі Ахметжан Есімов Алматының инвестициялық мүмкіндіктерімен таныстырды. Алдағы уақытта қаладағы индустриялық және арнайы экономикалық аймақтарды дамытуға, көлік және логистикалық инфроқұрылымдарды күшейтуге ерекше көңіл бөлінбек. Туризм саласының да әлеуеті зор. "Сондықтан, осы және өзге де салаларға шетел капиталын тарту үшін инвестициялық климатты жақсарту және әкімшілік кедергілерді қысқарту бойынша жұмыстар бұдан әрі де жалғаса береді",-деді Ахметжан Есімов. Форум аясында қаладағы инвестициялық жобалар көпшілік назарына ұсынылды.

"Қазақстанның барлық аймақтарында инвесторлар үшін арнайы қызмет көрсету орталықтары құрылған. Онда барлық ақпаратты алуға болады. Ал, Алматы еліміздегі ең ірі қаржы орталығы саналады. Бұл мегаполис бизнес жүргізуге өте қолайлы. Республикадағы әрбір үшінші кәсіпорын Алматыда тіркелген. Қазір олардың саны 85 мыңнан асты", - деді ҚР Премьер-министрі Серік Ахметов.

"Алматы өңірдегі ірі көлік торабының бірі саналады. Шығыс пен батыс арасындағы транзитті жолдың бойында орналасқандықтан, Алматы Орталық Азияның көлік және сауда-логистикалық хабы бола алады. Индустриялық аймақтағы жобаларға шетелдік инвесторлар да қатысқылары келіп отыр. Атап айтсақ, Онтүстік-Шығыс Азия инвесторлары қалада жеңіл өнеркәсіп өнімдерін шығарып, оларды көрші елдерге экспорттауды жоспарлап отыр",- деді Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов.

Бүгін Премьер-министр Серік Ахметов, сондай-ақ, Алматыдағы бірнеше жаңа әлеуметтік нысанды аралады. Мына балабақшаның құрылысы қараша айында аяқталды. Сөйлеу қабілеті нашар дамыған балаларға арнап салынған бұл арнайы мектепке дейінгі мекеме таяуда пайдалануға берілмек. 120 орындық бақшада 3-7 жас аралығындағы балаларға сауықтыру шаралары жүргізілмек. Мамандардың айтуынша, орталықта қажетті жабдықтардың барлығы бар. Ол бүлдіршіндердің қалыпты мектептерде білімдерін жалғастыруға мүмкіндік береді. Бұдан кейін, Серік Ахметов метрода болып, көлік қозғалысын жеңілдету мақсатында іске қосылған жаңа қоғамдық көліктің жұмысымен танысты. Сондай-ақ, премьер-министр "Ескі үйлер" бағдарламасының іске асу барысымен танысты. Бұл бағдарлама бойынша жаңа жылға таяу 72 отбасы жаңа пәтерге қоныстанады. Алдағы үш жылда 55 апатты үй бұзылып, олардың орнына жаңа баспаналар салынбақ.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны