27.05.2008, 19:13 4425

Алматының 2008 жылдың қаңтар - сәуір айларындағы әлеуметтік-экономикалық дамуының қысқаша қорытындысы

Алматының 2008 жылдың қаңтар - сәуір айларындағы әлеуметтік-экономикалық дамуының қысқаша қорытындысы

Алматы. 27 мамыр. "Қазақстан Бүгін" - Алматы қаласының статистика басқармасы биылғы жылдың алғашқы төрт айындағы қаланың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысын шығарды, деп хабарлайды "Қазақстан Бүгін" агенттігінің тілшісі қалалық статистикалық басқармасына сілтеме жасай отырып.

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, 2008 жылдың қаңтар-сәуір айларындағы өнеркәсіп өндірісінің көлемі қазіргі бағамен 114 млрд 537 млн теңгені құраған. Бұл 2007 жылдың осындай мезгіліндегі деңгейден 8,6 пайызға төмен. Атап айтқанда, тау-кен өнеркәсібінде өндіріс көлемі ағымдағы жылдың төрт айында 4,1 пайызға артса, электр қуатын, газ бен суды өндіру мен тарату 11,1 пайызға, сонымен бірге өңдеу өнеркәсібінде көрсеткіш 12,1 пайызға төмендеп кеткен.

Икелінген жүк көлемі (жеке автокөлікпен және жеке тұлғалармен әкелінген жүк көлемін қоса есептегенде) 2008 жылдың қаңтар - сәуір айларының аралығында 33 млн 868 мың тоннаны құраған. Бұл 2007 жылдың қаңтар - сәуірінен 11 пайызға көп.

Есептік кезеңдегі бөлшек тауар айналымының көлемі 278 млрд теңгені құраған. Бұл көрсеткіштің қазіргі бағамен 11 пайызға ұлғайғанын көрсетеді. Ведомство мәліметтеріне сүйенсек, салыстырмалы бағамен көрсеткіш 7,8 пайызға төмендеген.

Статистикалық басқарманың ақпаратына сүйенсек, негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 2008 жылдың қаңтар - сәуірінде 137 млрд 931,4 млн теңгені құраған. Бұл салыстырмалы бағамен өткен жылдың есептік кезеңінің деңгейінен 3,8 пайызға жоғары.

2008 жылдың 1 мамырындағы жағдай бойынша қалада 83 902 шаруашылық жүргізуші субъект (заңды тұлға) тіркелген. Олардың ішінде жұмыс істейтіні - 49 242. 50 адамға дейін жұмыспен қамтыған 47 180 субъект бар.

Сонымен қатар, ведомствода тұтыну бағасының индексі 2008 жылдың сәуір айында оның алдындағы аймен салыстырғанда 100,9 пайызды құрағанын хабарлады. Азық-түлік тауарларының бағасы 1,3 пайызға, азық-түліктік емес тауарлар 0,6 пайызға, ақылы қызметтер 0,6 пайызға артқан. Өнеркәсіп өнімін өндіруші кәсіпорындар бағасы 2008 жылдың сәуір айында наурыз айымен салыстырғанда 1 пайызға көтерілген.

Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар департаментінің мәліметтеріне сүйенер болсақ, 2008 жылдың қаңтар - сәуір айларында жұмысқа орналасу мәселесі бойынша құзіретті органдарға жүгінген жұмыссыздар саны 2113 адамды құраған. 2008 жылдың сәуір айының соңында ресми тіркелген жұмыссыздар саны 3239 адамға жеткен.

2008 жылдың наурыз айында бір жұмысшының номиналдық орташа айлық жалақысы 87 273 теңгені құраған және 2007 жылдың наурыз айына қатысты 20 пайызға өскен. Нақты айлық жалақы 5,1 пайызға төмендеген, деп атап көрсетті статистика басқармасы.

Қазақстан Республикасының Статистика жөніндегі агенттігінің бағалауы бойынша, 2008 жылдың ақпан айында Алматы халқының жан басына шаққандағы номиналдық ақшалай табысы 52 141 теңгені құраған және 2007 жылдың ақпан айымен салыстырғанда 16,4 пайызға ұлғайған. Ал нақты ақшалай табыс 8 пайызға төмендеген.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны