16.02.2021, 18:25 13694

АШМ: ауыл шаруашылығының негізгі капиталына салынған инвестициялар көлемі 75,2%-ға ұлғайды

Жалпы ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 2,5%-ға ұлғайып, 170,6 млрд теңгені құрады.
Нұр-Сұлтан. 16 ақпан. Kazakhstan Today - Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров үкімет отырысында еліміздің агроөнеркәсіптік кешеніндегі жағдай туралы баяндады, деп хабарлайды Kazakhstan Today ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Министрдің айтуынша, осы жылдың қаңтар айында жалпы ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 2,5%-ға ұлғайып, 170,6 млрд теңгені құрады.
 

Бұл өсім негізінен мал шаруашылығындағы өндіріс көлемінің 2,7%-ға ұлғаюы есебінен қамтамасыз етілді. Мәселен, ет өндірісінің сойыс салмақтағы көлемі 5,3%-ға, сүт 3,8%-ға өсті. Бұл ретте, 10,2 млрд теңгеге өсімдік шаруашылығы өнімдері өндірілді. Бұл көлем ауыл шаруашылығы дақылдарын жабық топырақта (жылыжайда) өсіру есебінен қамтамасыз етілді", - деді Омаров.

 
Облыстар бөлінісінде республикалық деңгейден жоғары қарқын 3 облыста байқалып, атап айтқанда, Ақмола облысында 114%-ды, Түркістан облысында 103,2%-ды, Қостанай облысында 102,7%-ды құрады. 
 
Министрдің айтуынша, көрсетілген кезеңде тамақ өнімдерін өндіру көлемі 0,8%-ға өсіп, 142,1 млрд теңгені құрады. 
 
Бұл ретте, өсімдік майын өндіру көлемінің 26,7%-ға, қызылша қантының 25,1%-ға, сары майдың 16,3%-ға, жарманың 11,3%-ға, өңделген сүттің 3,2%-ға, өңделген күріштің 2,3%-ға, ірімшік және сүзбенің 0,8%-ға артқаны байқалды.
 

Ауыл шаруашылығының негізгі капиталына салынған инвестициялар көлемі 75,2%-ға ұлғайып, 19,9 млрд теңгені, тамақ өнімдері өндірісіне салынған инвестициялар 11,2%-ға артып, 3,5 млрд теңгені құрады", — деді С. Омаров. 

 
Биыл жалпы ауыл шаруашылығы өнімінің өсімін 105%, тамақ өнімдері өндірісінің өсімін 107% деңгейінде қамтамасыз ету жоспарлануда. Аталған жоспарлы индикаторлар ішкі нарықты әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларымен толықтыру және агроөнеркәсіптік кешеннің бәсекеге қабілеттілігін арттыру есебінен қамтамасыз етілетін болады. 
 

Бұл үшін агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін мемлекеттік қолдау, оның ішінде инвестициялық субсидиялау және басқа да қаржы құралдары, өсімдік шаруашылығы мен мал шаруашылығындағы субсидиялау жалғасатын болады. Осы мақсаттарға биыл 300 млрд теңгеден астам қаржы бағытталады", — деді министр.

 
Оның айтуынша, Солтүстік Қазақстан облысында қуаты 300 мың тонна болатын дәнді дақылдар, Ақмола облысында қуаты 200 мың тонна болатын майлы дақылдар, Ақтөбе облысында 20 мың тонна, Алматы облысында 15 мың тонна болатын ет өндіретін және өңдейтін экожүйелер құру жөніндегі инвестициялық жобалар іске асырылатын болады. 
 
Бұдан басқа, импортты алмастыру аясында осы жылдың өзінде 35 тауарлық сүт фермасын, 2100 га бақтарды, 3 ет комбинатын, 5 құс фабрикасын, балық өндіретін 4 объектіні іске қосу жоспарланып отыр, сондай-ақ 1 қант зауытының құрылысы басталады. 
 
Жалпы, республика бойынша 2021 жылы түрлі бағыттар бойынша 79 инвестициялық жобаны іске асыру көзделіп отыр. 
 

2021 жылғы егіс науқанына дайындық бойынша жоспарлы жұмыстар жүргізілуде. Болжамды құрылымға сүйенсек, жалпы егіс алаңы 86,4 мың гектарға ұлғайып, 22,7 млн гектарды құрайтын болады", — деді С. Омаров.

 
Майлы, азықтық және көкөніс-бақша дақылдарының, сондай-ақ қарақұмық және қант қызылшасы сияқты әлеуметтік дақылдардың алаңдарын ұлғайту жоспарлануда. Сонымен қатар бидай, күріш және мақта сияқты дара дақылдар мен ылғалды көп қажет ететін дақылдар егілетін алқаптар қысқартылатын болады. 
 
Көктемгі дала жұмыстарын уақытылы жүргізу мақсатында агроөнеркәсіптік кешен субъектілері 70 млрд теңге сомасында жеңілдетілген кредитпен, 379,8 мың тонна көлемінде арзандатылған жанар-жағармай материалдарымен қамтамасыз етілетін болады, ол нарықтық бағадан 11%-ға арзан болады. Сондай-ақ, агроөнеркәсіптік кешен субъектілерінен шамамен 350 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімін форвардтық сатып алу жоспарлануда. 
 

Тыңайтқыштар қолдану көлемін 53 мың тоннаға ұлғайту және олардың қолданылуын ғылыми негізделген қажеттіліктің 25,5%-ына дейін жеткізу жоспарлануда. Бұл ретте тұқым шаруашылығын субсидиялау көлемі 11,8 млрд теңгені құрайды, бұл ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін сапалы тұқымдардың қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Көктемгі дала жұмыстарын жүргізу барысы ерекше бақылауға алынатын болады", — деді С. Омаров.

 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны