04.06.2007, 15:54 3170

Астанада және Оңтүстік Қазақстан облысында жеміс-көкөніс саудасының қазіргі заманғы терминалдары салынады

ШЫМКЕНТ. 4-маусым. Kazakhstan Today. Астанада және Оңтүстік Қазақстан облысында жеміс-көкөніс саудасының қазіргі заманғы терминалдары салынады. Бұл туралы Kazakhstan Today тілшісіне Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Өмірзақ Шүкеев хабарлады.

"Азық-түлік келісім-шарты корпорациясы біздің облыста тоңазытқышы мен сақтау қоймасы және іріктеу бөлімшесі бар үлкен көкөніс терминалын салмақшы. Қазір оның орналасатын жеріне қатысты мәселе шешілуде",- деді Ө.Шүкеев. Оның айтуынша, осы тектес терминал Астанада да салынбақ. "Олар онда жерді алып, қазір салып жатыр. Оған ақша да бөлінді",- деді әкім.

Оның айтуынша, терминалдар жеміс-көкөніс нарығындағы ахуалды тұрақтандыру мақсатындағы үкіметтік бағдардама аясында салынуда. "Бізде негізінен жеміс-көкөніске қатысты тауқымет жоқ. Ал солтүстік облыстарда жеткізілімнің тұрақсыздығына байланысты баға мың құбылуда. Сол себепті біз президенттің тапсырмасымен нарыққа ірі ойыншыларды шығару арқылы бұл мәселені шешпекшіміз",- деді Ө.Шүкеев.

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімінің пайымдауынша, жеміс-көкөніс өнімдері саласын дамытуға мемлекет тікелей атсалысу арқылы кәсіпкерлерді осы салаға қаржы салуға ынталандырмақ. "Бұл салада үлгі көрсету керек болды. Мәселенің көп жыл бойы шешілмей келуінің себебі неде? Оған себеп, кәсіпкерлердің құлықсыздығында. Сол себепті үкіметтің араласыуына тура келді. Бәрі бірлесе жұмыс істеуі қажет. Біріншіден, бұл жерде кәсімдер біріктіруші ролін атқаруға тиіс. Екіншіден, ірі мемлекеттік компания қаржы шығаруы керек. Ал мемлекеттік азық-түлік келісім-шарты корпорациясы осы істі тындырған кезде кәсіпкерлер де оған құлық таныта бастамақ",- деді әкім.

"KazAgroFood-07" халықаралық форумында жасаған өз баяндамасында ҚР ауылшаруашылығы министрлігінің ДСҰ және өңдеу өнеркәсібін дамыту департаментінің директоры Айна Құсайынованың хабарлағанындай, ҚР ауылшаруашылығы министрлігі жаңа піскен және өңделген жеміс-көкөніс өнімдерінің көтерме саудасы мен тұрақты сауда-саттығының жүйесін қалыптастыру үшін ауылшаруашылығы өнімдерінің орталықтандырылған көтерме сауда базарларын Қазақстан бойынша аймақтық терминалдар желісімен дамыту жөніндегі тұжырымдаманың жобасын жасады. "Қазір тұжырымдама жобасының аясында Астана, Алматы, Өскемен және Шымкент қалаларында салынатын ауылшаруашылығы өнімдерінің көтерме сауда базарларының техника-экономикалық негіздемесін жасау мәселелері бойынша Франция компаниясымен бірлескен іс-шаралардың регламенті жасалып, жүзеге асырылуда",- деді А.Құсайынова.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны