01.09.2020, 23:10 6175

Қасым-Жомарт Тоқаев "Бәйтерек" және "ҚазАгро" холдингтерін біріктіруді тапсырды

Қасым-Жомарт Тоқаев "Бәйтерек" және "ҚазАгро" холдингтерін біріктіріп, қаржылық мүмкіндіктері анағұрлым зор даму институтын құруді тапсырды

Алматы. 1 қыркүйек. Kazakhstan Today - Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Палаталарының бірлескен отырысында "Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі" атты Жолдауында Мемлекет меншігінде тек әлеуметтік нысандар, сондай-ақ мемлекеттің қауіпсіздігі мен қалыпты жұмысын қамтамасыз ететін нысандар ғана қалуы керек екенін айтты.

"Үкімет Жаңа жекешелендіру жоспарын қабылдауға тиіс. Мемлекет меншігінде тек әлеуметтік нысандар, сондай-ақ мемлекеттің қауіпсіздігі мен қалыпты жұмысын қамтамасыз ететін нысандар ғана қалуы керек.

Квазимемлекеттік секторда әкімшілік-басқару жұмысымен айналысатын қызметкерлердің санын, пайдасыз шығындарды және басы артық еншілес компанияларды қысқарту жұмыстары жалғасын табуға тиіс.

"Бәйтерек" және "ҚазАгро" холдингтерінің рөліне арнайы тоқталғым келеді.

Бұл компаниялар индустрияландыру және агроөнеркәсіптік кешенді дамыту ісіне елеулі үлес қосып, бұрын бір-бірімен байланыссыз болған қаржы институттарының қызметін ретке келтірді.

Ал, қазір біз мүлде жаңа жағдайда тұрмыз. Институционалдық құрылымды өзгерту - уақыт талабы. Сондықтан, осы екі ұйымды біріктіріп, қаржылық мүмкіндіктері анағұрлым зор даму институтын құрған жөн.

Бұл ретте, портфельді компаниялардың саны 2 есеге азайып, штат саны да 50 пайызға қысқаруға тиіс.

Еліміздің халықаралық аренадағы экономикалық мүддесін белсенді түрде ілгерілетіп, ұлттық мүддені қорғауда сындарлы ұстаным және кәсіби біліктілік таныту керек.

Қазақстанның игілігі үшін Еуразия экономикалық одағының және "Бір белдеу - бір жол" жобасының зор мүмкіндіктерін барынша пайдаланған жөн.

Әлемде қалыптасқан жаңа ахуалда елге инвестиция тартып, отандық тауарлар мен қызметтерді экспортқа шығару Үкімет үшін ерекше басымдыққа ие болып отыр.

Астана халықаралық қаржы орталығының әлеуетін тиімді пайдаланған жөн.

Қаржы орталығы тікелей және портфельді инвестициялар тартудың негізгі құралына айналуға тиіс.

* * *

Түйіндей келе айтарым, ішкі жалпы өнімнің абстрактілі өсімімен жұртты қуанта алмаймыз. Халыққа тұрақты жұмыс орындары, қолайлы жол, ауруханалар мен мектептер, сапалы азық-түлік керек.

Экономикалық реформалар азаматтардың табысын арттырып, тұрмыс сапасының жоғары стандартын қамтамасыз еткенде ғана өзін-өзі ақтап, қолдауға ие болады. Осыны әрдайым есте ұстауымыз қажет",- деді ол.

Ақпаратты пайдаланѓан жаѓдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігініњ материалдарына авторлық қ±қық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны