07.04.2008, 17:51 3514

"Атамекен одағы" жаңа Салық кодексі тұжырымдамасын сынға алуда

"Атамекен одағы" жаңа Салық кодексі тұжырымдамасын сынға алуда

Астана. 7 сәуір. "Қазақстан Бүгін" - Қазақстанның "Атамекен одағы" ұлттық экономикалық палатасы жаңа Салық кодексінің тұжырымдасына сынға алды. Бұл туралы бүгін өткен баспасөз мәслихатында "Атамекен" палатасының төрағасы Азат Перуашев мәлімдеді, деп хабарлайды "Қазақстан Бүгін" агенттігінің тілшісі.

"Жақында үкіметтің жаңа Салық кодексін дайындау жөніндегі жұмыс тобына енгізілген құжат тұжырымдамасы бірқатар мәселелер бойынша елбасының Қазақстан халқына жолдауында алға қойылған мақсаттарға сай келмейтінін, атап айтқанда, салықтың бизнеске салатын ауыртпалығын төмендетуді қамтамасыз етпейтінін айтуға тиіспіз", - деді Азат Перуашев.

Оның бағалауына сүйенсек, бұл тұжырымдама жүзеге асырылған жағдайда ауыл шаруашылығы, тамақ өнеркәсібі, машина жасау аса ауыр жағдайда қалады. Өйткені, салық ауыртпалығы бірқатар жағдайларда 1,5 - 2 есе артады. Сонымен қатар, олардың қызметі жақын шетелдік бәсекелестермен (Қытай және Ресей өндірушілерімен) салыстырғанда тартымды емес шарттар орнығады. Бұл дүниежүзілік азық-түлік бағасының өсуін қоса есептегенде ішкі нарықты азық-түлік импортына тәуелді етеді және елдің азық-түлік қауіпсіздігіне айтарлықтай қатер төндіреді", - дегенге сенімді "Атамекен" төрағасы.

"Атамекен одағы" үкіметтің жүйесіз жеңілдіктер мен жекелеген компания немесе салаларға артықшылықтар беруді жою жолымен әділетті бәсекелестік жағдайын құруға ұмтылысын қолдайды. "Сонымен бірге біз Қазақстанның шаруаларын Қазақстанның мұнайшылары немесе түсті металл өндірушілерімен бәсекеге түсуге мәжбүрлеуге ұмтылып отырған мемлекеттік органдардың іс-әрекетін қате деп санаймыз", - деп атап көрсетті А. Перуашев.

"Бұл салалардың инвестиция көлемі, оның айналу жылдамдығы, рентабельділік және тәуекел деңгейі белгілі себептермен еш салыстыруға келмейді. Сондықтан, олардың салық мөлшерлемелері бірдей болуы мүмкін емес", - деп түсіндірді ол.

"Атамекен" басшысының пайымдауынша, Қазақстан компанияларының бәсекелестік шарты өзге салалардағы отандық әріптестерімен емес, сәйкес тауар шығарып немесе қызмет көрсететін сыртқы бәсекелестерімен бірдей болуы керек. "Мысалы, біздің тағам мен ауыл шаруашылық тауарларын өндірушілер Украина мен Ресейдің шаруаларынан, ал машина жасаушылар Қытайдағы автомобиль индустриясынан жоғары емес салық ауыртпалығына ие болулары шарт", - деп түсіндірді ол.

А. Перуашевтің пайымдауынша, президент белгілеген дүниежүзінің бәсекеге қабілетті 50 елінің қатарына кіру тапсырмасын ескере отырып, дәл осындай пайымдаулар жаңа салық кодексінің тұжырымдамасының негізі болуы керек.

Сонымен қатар, "Атамекен" басшысы Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше мемлекеттердің үлгісімен жаңа Салық кодексіне салықтың баршаға бірдей түрлері мен мөлшерлемесіне тәуелсіз ауыл шаруашылығы мен ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге салалық салық салу жүйесін енгізу бойынша палата жолдаған ұсыныспен таныстырды. "Мұндай шара, біздің пайымдауымызша, саланың өзіндік ерекшелігін бұдан да жақсы ескеруге, салық салудың әкімшілік және ынталандырушы қызметтерінің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді", - деді А. Перуашев.

Ол "Атамекен" мүшелері үстіміздегі жылдың 4 сәуірінде өткен жұмыс тобының отырысы барысында өз ойларымен бөліскенін атап көрсетті.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны