05.03.2012, 12:49 3923

Атырау мұнай өңдеу зауытын қайта жаңғырту жұмысы 2014 жылдың ортасына таман аяқталады

"Бүгінгі күні Бірыңғай экономикалық кеңістік шеңберінде еш шекара жоқ. Ондай кезде екі мемлекеттің жанар-жағармай бағасы бір-бірінен мүлдем басқаша болуы мүмкін емес. Сондықтан да, біздегі жанармай бағасы тым төмендеп кетсе, онда өнім көрші нарыққа қарай ауып кетеді. Сол үшін біз БЭК шеңберінде жанармай бағасының мөлшері салыстырмалы болуы керек деп есептейміз", - дейді министр.

Астана. 5-наурыз. Kazakhstan Today - Атырау мұнай өңдеу зауытын қайта жаңғырту жұмысы 2014 жылдың ортасына таман аяқталады, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

Бүгін Мәжілісте "Ішкі нарықты мұнаймен және мұнай өнімдерімен қамтамасыз ету" және "Қарашығанақ жобасының үлесін мемлекеттің сатып алуы" тақырыптарындағы Үкімет сағаты барысында Мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаев осылай мәлім етті.

"Бүгінгі күні Бірыңғай экономикалық кеңістік шеңберінде еш шекара жоқ. Ондай кезде екі мемлекеттің жанар-жағармай бағасы бір-бірінен мүлдем басқаша болуы мүмкін емес. Сондықтан да, біздегі жанармай бағасы тым төмендеп кетсе, онда өнім көрші нарыққа қарай ауып кетеді. Сол үшін біз БЭК шеңберінде жанармай бағасының мөлшері салыстырмалы болуы керек деп есептейміз", - дейді министр.

Бұдан бөлек, акцизге қатысты Қазақстан ішкі нарықтағы мұнай бағасын Ресейге қарағанда 10-15 пайызға төменге ұстау мүмкіндігі бар екенін, алайда бұл мүлдем төмен болмайтынын атап өтті. Министрдің айтуынша, жалпы мұнай саласында бағаның экономика жағынан теңгерімді болуы шарт. "Келешек турасында айтатын болсақ, ішкі нарықта бағаны тұрақты ұстау үшін еліміздегі үш зауыт та қайта жаңғыртудан өтетін болады. Бүгінгі күні Атырау зауытында бұл жұмыс басталып кетті. Ол 2014 жылдың ортасына таман бітуі тиіс. Ал Шымкент зауытының мемлекеттік сараптамасы алынды, жұмыс басталса 2015 жылы қайта жаңғырады. Павлодар зауытының техникалық экономикалық негіздемесі де бітті, ондағы жаңғырту жұмысы 2016 жылға қарай аяқталмақ", - деді С. Мыңбаев. Оның айтуынша, жоспар бойынша аталған үш зауыттың өндіру қуатын арттыру және еуро-4, еуро-5 стандарттарына сай өнімдер шығару көзделеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігі.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны