27.05.2010, 12:05 1767

Атырау және Батыс Қазақстан облыстары мәслихаттарының тексеру комиссиялары жергілікті бюджеттердің атқарылуына сыртқы бақылау жүргізбеген

Атырау және Батыс Қазақстан облыстары мәслихаттарының тексеру комиссиялары жергілікті бюджеттердің атқарылуына сыртқы бақылау жүргізбеген

Астана. 27 мамыр. Kazakhstan Today - Атырау және Батыс Қазақстан облыстары мәслихаттарының тексеру комиссиялары Мемлекеттік қаржылық бақылау стандарттарының талаптарын сақтамауда, деп хабарлайды Kazakhstan Today Есеп комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, 2007 жылғы қыркүйектен бастап Атырау және Батыс Қазақстан облыстық мәслихаттарының тексеру комиссиялары бірде-бір бақылау шарасын өткізбеген. Жергілікті бюджеттердің атқарылуына сыртқы бақылау жүргізілмеген. Атырау және Батыс Қазақстан облыстық әкімдіктері алған нысаналы трансферттердің, бюджеттік кредиттер мен мемлекет активтерінің жұмсалу тиімділігіне кәсіби бағалауды жүзеге асырмаған.

Есеп комитетінің хабарлауынша, "Құпиялылық" стандартының талаптары бұзылған. Мысалы, Батыс Қазақстан облысы Зеленовский аудынының, Атырау облысы Махамбет ауданының мәслихаттарының тексеру комиссияларында бақылаудың қорытындысы бойынша материалдар тексеру комиссиялары төрағаларының кабинеттерінде сақталып келген. Ақпаратқа, соның ішінде бақылау объектісінің коммерциялық және басқа да құпиясын қамтитын мәліметтерге қол жеткізуге шектеу қою жөнінде шаралар қабылданбаған. Есеп формальды түрде жүргізіліп отырған.

Сондай-ақ, "Құзыреттілік" стандартының талаптары сақталмаған. Тексеру комиссияларының мүшесі болып сайланған адамдардың көп жағдайда бақылау-тексеру жұмысы саласында тәжірибесі болмаған. Атырау қалалық мәслихатының тексеру комиссиясы төрағасының лауазымы 2008 жылғы сәуірден бері бос тұр.

Бұған қоса "Жоспарлау" стандартының талаптары сақтала бермеген. Мысалы, 2008-2009 жылдары Орал қаласы мәслихатының тексеру комиссиясы белгіленген тәртіппен бекітілген бақылау бағдарламалары мен жеке жұмыс жоспарларынсыз 52 бақылау шарасын өткізген. Нәтижесінде бақылау актілері сапасыз дайындалған және қандай да бір бағалау фактілерін өзінде қамти алмаған.

"Атырау және Батыс Қазақстан облыстары мәслихаттарының тексеру комиссияларының қызметі экономикалық нәтиже бермей отырғанын атап өтуге болады. Мысалы, 2008-2009 жылдары Атырау облысы Махамбет аудандық мәслихатының тексеру комиссиясы 68 мың теңге көлемінде қаржылық бұзушылықтар анықтаған. Ал осы кезең ішінде тек қана мәслихаттың тексеру комиссиясының төрағасына 1,8 млн теңге мөлшерінде жалақы төленген",- делінген хабарламада.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, Есеп комитеті Атырау және Батыс Қазақстан облыстары мәслихаттарының тексеру комиссияларына мемлекеттік қаржылық бақылау стандарттарының талаптарын мүлтіксіз сақтауды, сондай-ақ жергілікті бюджеттер қаражатының пайдалануына тиімді сыртқы бақылауды қамтамасыз етуді ұсынды. Сонымен қатар, жұмысты тиісті түрде ұйымдастырмаған Атырау және Батыс Қазақстан облыстары тексеру комиссиялары төрағаларының тәртіптік жауапкершілігін мәслихаттың сессиясында қарау жөнінде ұсыныс берілді.

Мәслихаттардың тексеру комиссиялары - жергілікті деңгейдегі сыртқы мемлекеттік қаржылық бақылау органдары.

Есеп комитеті ҚР президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік қаржылық бақылаудың жоғары органы болып табылады. Сыртқы бақылауды жүзеге асырады және республикалық бюджеттің атқарылуын, орталық мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарының, мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылуын бағалайды. Квазимемлекеттік сектор субъектілеріне бөлінген мемлекеттік қаржы ресурстарының пайдаланылуын бақылайды. Мемлекеттің гранттары мен активтерінің, мемлекет кепілдік берген қарыздардың пайдаланылу тиімділігін талдайды, сондай-ақ Ұлттық банк активтерінің пайдалану сәйкестігіне бақылауды жүзеге асырады.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны