09.07.2026, 13:41 40866

Атырау мұнай өңдеу зауытындағы жоспарлы жөндеуден кейін алғашқы мұнай қабылдауды бастады

Атырау мұнай өңдеу зауытындағы жоспарлы жөндеуден кейін алғашқы мұнай қабылдауды бастады
Сурет: ҚМГ

"ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ Басқарма төрағасы Асхат Хасенов Атырау облысына сапары аясында Атырау мұнай өңдеу зауытындағы жоспарлы алдын алу жұмыстарының (ЖАЖ) барысымен, сондай-ақ кәсіпорынның биылғы бірінші жартыжылдықтағы өндірістік қызметінің қорытындыларымен танысты, деп хабарлайды ҚМГ баспасөз қызметінен.


Зауыттың бас директоры Қуаныш Бишімовтің айтуынша, жоспарлы алдын алу жұмыстары барысында өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарына сәйкес 20 реактор, 213 сыйымдылық, 32 колонна мен 231 жылу алмастырғыш жабдыққа техникалық куәландыру, тексеру және сараптама жүргізілді. Сонымен қатар құбыр желілерінің жекелеген учаскелері жаңартылып, бірқатар технологиялық қондырғыда 335 тоннадан астам катализатор ауыстырылды. Автобензин, дизель отыны және авиаотын секілді жеңіл мұнай өнімдерін өндіру көлемін арттыру мақсатында ЭЛТҚ АВТ-3 қондырғысындағы вакуумдық колоннаның ішкі құрылғылары жаңартылды.

Сондай-ақ, хабарламада жұмыстарға шамамен 1700 маман және 50-ден астам арнайы техника жұмылдырылғаны атап көрсетілген. 8 шілдеден бастап ЖАЖ-дан кейін алғашқы мұнай қабылдануда, сондай-ақ технологиялық қондырғыларды ҚР Энергетика министрлігі бекіткен кестедегі мерзімнен 1,5 күн бұрын кезең-кезеңімен іске қосу жұмыстары жүргізілуде.

Өндірістік жиын барысында кәсіпорынның бірінші жартыжылдықтағы қызметінің нәтижесі қаралды. Атап айтқанда, ллты айда зауыт 2,8 млн тоннадан астам шикі мұнай өңдеп, жоспарды 20 мың тоннаға асыра орындады. Тауарлық өнім шығару көлемі 2,6 млн тоннаға жетіп, жоспардан шамамен 22 мың тоннаға асты.

Есептік кезеңде мұнай өңдеу тереңдігі рекордтық 91% жетсе, жалпы өндірістегі жеңіл мұнай өнімдерінің үлесі 81% құраған.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны