23.12.2008, 17:35 3001

Ауыл тұрғындарының кедейлігіне бір себеп - ауыл мен қала тұрғындарының банк несиесіне қол жеткізу мүмкіндігінің арасындағы алшақтықта - ҚР АШМ

"Оған себеп, екінші деңгейлі банктер ауылдағы шағын үй шаруашылықтары мен ұсақ фермерлерді несиелендіруді жоғары дәрежелі тәуекелді екендігін, несие көлемінің шағындығын және әрбір несиені ілгерілетуге қатысты шығындардың көптігін ескере отырып, пайдасы төмен бизнес деп санайды", - деді ол.

Астана. 23 желтоқсан. "Қазақстан Бүгін"- Қазақстанның ауылшаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевтың пікірінше, ауыл тұрғындарының кедейлігіне бір себеп - ауыл мен қала тұрғындарының банк несиесіне қол жеткізу мүмкіндігінің арасындағы алшақтықта жатыр. Бұл туралы ол бүгін үкіметтің отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды агенттік тілшісі.

"Оған себеп, екінші деңгейлі банктер ауылдағы шағын үй шаруашылықтары мен ұсақ фермерлерді несиелендіруді жоғары дәрежелі тәуекелді екендігін, несие көлемінің шағындығын және әрбір несиені ілгерілетуге қатысты шығындардың көптігін ескере отырып, пайдасы төмен бизнес деп санайды", - деді ол.

"Бұл айтқаныма "Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі "Даму" қорының" шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталған бірқатар арнаулы бағдарламаларды жүзеге асыру тәжірибесі дәлел бола алады". Мәселен, ағымдағы жылдың 11 айында қордың екінші деңгейлі банктер арқылы республикалық және жергілікті бюджеттердің қаржысын қатыстыра отырып жүзеге асырған шағын және орта бизнесті несиелендіру бағдарламасында ауылшаруашылығының үлесі небәрі 24,7% құрады", -деді ол.

"Республикалық бюджет пен екінші деңгейлі банктердің қаржысының қатысуымен жүзеге асырылған осы тектес бағдарламада бұл көрсеткіш 2,2% деңгейінде болды. Осы бағдарламалардың операторлары болып табылатын екінші деңгейлі банктер ауылшаруашылығы саласын несиелендіруге құлықсыз", -деді мекеме басшысы.

Ақылбек Күрішбаев ауылдық жерлерде шағын несиелендіру институтын дамытуға тежеу болып отырған себептерге мыналарды қосты: " Республикалық бюджеттен жыл сайын бөлінетін қаржылық ресурстардың шектеулілігі, жергілікті бюджеттердің шағын несиелер тарату бағдарламасына қатыспауы, шағын несиелік ұйымдар желісінің дамымауы, сондай-ақ, жағдайды талдау мен басқарушылық сипаттағы шешімдер қабылдау үшін шағын несиелендіру саласы бойынша статистикалық есеп беру жүйесінің жетілдірілмеуі".

"Халықаралық ұйымдарды тарта отырып, біртұтас ақпараттық-әдістемелік орталықтарды құру, ауылдық жерлердегі жұмысты ынталандыратын мемлекеттік қолдау шараларын жүзеге асыру арқылы ауылдық жерлерде шағын несиелік ұйымдардың институт ретінде дамуына жағдайлар жасау қажет. "Даму" қорына ауылдық шағын несиелік ұйымдарға қаржы бөлуге жеңіл шарттар белгілеу керек болмақ. Мұндай шара мемлекеттік қолдаумен бірге ауылдық жерлерде шағын несиелер тарату процессін қарқындандыруға сөзсіз алып келетіні анық", - деді ауылшаруашылығы министрі.

Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтың отырыста атап өткеніндей, Қазақстан үкіметі қаңтарда ауылдық жерлерде шағын несиелік ұйымдардың желісін дамыту шараларының жобасын жасап бітіреді.

"Бұл мәселені ҚР ЭБЖМ және "Самұрық- Қазына" қорымен және мүдделі тараптардың бәрімен бірлесе отырып бір айдың ішінде дәйектеп, қаңтардың аяғында қабылданған шешімдерімен әкімдердің қатысуымен өтетін селекторлық кеңестің талқысына шығарулы тапсырамын", - деді Кәрім Мәсімов өзінің орынбасары Өмірзақ Шүкеевке қаратып айтқан сөзінде.

"Бүгін біз көтеріп отырған мәселе айрықша маңызды : еліміз тұрғындарының 47% ауылдарда тұрады, олар көмектен құралақан қалуға тиіс емес", - деді премьер.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны