15.04.2020, 16:57 99532

Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры кәсіпкерлерге жеңілдетілген шағын несие беру үшін 36 миллиард теңге қаржы бағыттауды жоспарлап отыр

Осы жылдарда бағдарлама аясында Қор жалпы сомасы 160 млрд теңге болатын 53 мыңнан астам шағын несие берді. Осының нәтижесінде 53 мыңнан астам ауыл тұрғыны жұмыспен қамтылды.

Алматы. 15 сәуір. Kazakhstan Today - Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры ("ҚазАгро" холдингінің еншілес компаниясы) "Еңбек" нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында кәсіпкерлерге жеңілдетілген шағын несие беру үшін 36 миллиард теңге қаржы бағыттауды жоспарлап отыр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 31 наурыздағы мәлімдемесінде кәсіпкерлік секторды қолдауға бағытталған бірқатар міндеттер белгіленген. Президент салықтық жеңілдіктер, несиелер бойынша төлемдерді кейінге шегеру, тексерулерге тыйым салу мәселелелрімен қатар, кең және сапалы жұмыспен қамту, агроөнеркәсіптік кешенді үздіксіз қамтамасыз ету, шағын және орта бизнесті несиелеуді арттыру қажеттілігін ерекше атап өтті.

Қор 2013 жылдан бері шағын кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған бірқатар мемлекеттік бағдарламаның қаржы операторы ретінде жұмыс істеп келеді. Компания 2017 жылдан бері 2017-2021 жылдарға арналған "Еңбек" нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасының екінші бағытын іске асыруда.

Осы жылдарда бағдарлама аясында Қор жалпы сомасы 160 млрд теңге болатын 53 мыңнан астам шағын несие берді. Осының нәтижесінде 53 мыңнан астам ауыл тұрғыны жұмыспен қамтылды.

Қор өзінің несие өнімдері арқылы ауыл тұрғындары мен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің жобаларын түрлі мақсатты бағыттар бойынша қаржыландырып келеді. Нақты айтар болсақ, мал шаруашылығын, өсімдік шаруашылығы, ауыл кәсіпкерлігін дамыту және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу мен сақтау жобалары бар.

Нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламасы бойынша түрлі мақсаттағы несиенің жылдық сыйақы мөлшері 6 %-ті құрайды. Сондай-ақ, тиімді жылдық сыйақы мөлшері 6,7 %-тен аспайды.

Несиенің сомасы, жеңілдік мерзімі несие өніміне байланысты әртүрлі болады. Сондай-ақ, Қордың несиелеу шартында аграрийлер қызметінің ерекшелігі, оның ішінде ауыл шаруашылығы жұмыстарының маусымдылығы мен циклділігі ескерілген.

Бағдарламаға ауыл шаруашылығымен және ауыл шаруашылығына жатпайтын кәсіп түрлерімен айналысқысы келетіндер және кәсібін кеңейтуді жоспарлаған азаматтар қатыса алады. Несие алушыларға қойылатын бірқатар талаптар бар. Атап айтқанда, кәсібін енді бастайтын азаматтың кәсіпкерлік негіздерін оқығаны туралы сертификаты болуы тиіс. Несие тарихы жақсы болғаны абзал. Кепілге қоятын мүлкі болуы шарт. Бұдан бөлек, бюджеттік және қаржы ұйымдарының алдында мерзімі өткен берешегі болмауы керек.

Мысалы, Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының Солтүстік Қазақстан облысындағы филиалынан несие алған кәсіпкерлердің 60 %-ті бірнеше рет жеңілдетілген несие рәсімдегендер. Солардың бірі - "Тамыр" шаруа қожалығының басшысы Жанғали Ысқақов. Айыртау ауданында тұратын ол мал және өсімдік шаруашылығымен айналысады. Қожалық басшысы 2011 жылдан бері Қормен ынтымақтаса жұмыс істеп келеді. "Еңбек" бағдарламасына қатысқан фермер ауыл шаруашылық техникасын алуға, егін егуге, мал басын көбейтуге несие алған. Былтыр жыл соңында ауыл шаруашылығы техникаларын жаңадан сатып алу үшін тағы несие рәсімдеді. Ол қазіргі уақытта көктемгі егіс науқанына дайындалып жатыр. Малдарын да төлдетіп, қызу қарбалас жұмыстар атқаруда.

Ал, Түркістан қаласының тұрғыны Мұхтар Сапаралиев "Бизнес-Кеңесші" курсын аяқтаған соң өзінің бизнес-жоспарын іске асыруға кірісті. Оның бизнес идеясы - құрылыс саласында қызмет көрсету. Мұхтар кәсібін бастау үшін берген өтінімі мақұлданып, Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан 9 млн теңге несиені 6 процентпен алды. Несие қаржысына "LGZT 939" маркалы фронтальді жүк тиегіш техникасын сатып алып, іске кірісіп кетті.

Туындаған сұрақтар бойынша облыстардағы филиал менеджерлеріне хабарласуға болады. Қосымша Кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалдарынан да кеңес ала аласыздар.

"Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры" АҚ - "ҚазАгро" Ұлттық басқарушы холдингінің құрамына кіретін мамандандырылған қаржы-несиелік ұйым. Қордың негізгі міндеті - агроөнеркәсіп кешені саласындағы басымдыққа ие салалар бойынша ауыл кәсіпкерлігін қаржыландыру.

Ақпаратты пайдаланѓан жаѓдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігініњ материалдарына авторлық қ±қық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны