04.03.2022, 12:14 28701

Қазақстан 2022 жылы негізгі капиталға 19,5 трлн теңге инвестиция тартуды жоспарлап отыр

2022 жылғы мақсат – ЖІӨ-нің 18,5% деңгейіне қол жеткізе отырып, негізгі капиталға 19,5 трлн теңге инвестиция тарту.
Қазақстан 2022 жылы негізгі капиталға 19,5 трлн теңге инвестиция тартуды жоспарлап отыр
НҰР-СҰЛТАН. 4 НАУРЫЗ - ҚР Ұлттық экономика министрлігі алқасының кеңейтілген отырысы барысында ведомство басшысы Әлібек Қуантыров 2021 жылы атқарылған жұмысты қорытындылап, 2022 жылға арналған міндеттерді белгіледі, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР ҰЭМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 

2021 жылы Қазақстанның экономикасы тұрақты дамудың серпінді траекториясына шықты. Жыл қорытындысы бойынша ЖІӨ өсуі 4%-ті көрсетті", - деді ҰЭМ басшысы.

 
Негізгі фактор – нақты сектор (3,5%). Қызмет көрсету саласы да 3,9% оң серпін байқатты. Ақпарат және байланыс саласы – 13%, сауда – 9,2%, құрылыс – 7,6%, өңдеуші өнеркәсіп – 5,5%, электрмен жабдықтау – 4,8% өсу қарқынын көрсетті.
 

Бұл ретте, негізгі капиталға салынған инвестиция 2021 жылы 3,5%-ке өсті. Сыртқы сауда айналымы 100 млрд. АҚШ долл. асып, 17,4%-ке ұлғайды. 2021 жылғы қорытынды бойынша, Қазақстандағы инфляция деңгейі 8,4%", - деді Ә. Қуантыров.

 
Ағымдағы жылы бюджетаралық қатынастардағы жаңа тәсілдерді ескере отырып, келесі үшжылдықтағы жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі туралы заң жобаларын әзірлеу міндеті тұр. Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру шеңберінде блок бюджетінің элементтерін енгізу бойынша бюджет заңнамасына түзетулер топтамасы дайындалуда.
 
ҰЭМ басшысының айтуынша, бизнеске әкімшілік жүктемені азайту бойынша жұмыстар жүргізілуде.
 
2022 жылы кәсіпкерлік саласындағы Міндетті талаптардың тізілімін енгізу, мемлекеттік бақылау жүйесін автоматтандыруды қамтамасыз ету жоспарлануда. Мемлекеттік бақылаудың жаңа нысаны бойынша, тексерулерден профилактикалық іс-шараларға көшу көзделеді.
 
Инвестициялық саясат бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде. 
 

2022 жылғы мақсат – ЖІӨ-нің 18,5% деңгейіне қол жеткізе отырып, негізгі капиталға 19,5 трлн теңге инвестиция тарту", - деді Ұлттық экономика министрі.

 
Оның сөзінше, мемлекеттің экономикаға артық қатысуын азайту бағыты жалғастырылуда.
 
Жекешелендірудің 2025 жылға дейінгі кешенді жоспары 721 мемлекеттік кәсіпорынды қамтиды.
 

Өткен жылғы қорытынды бойынша жоспар 35%-ке орындалды. Осылайша, бүгінгі күні мемлекеттің экономикаға қатысу үлесі 14,6%-ке дейін қысқарды", - деді Ә. Қуантыров.

 
Сонымен қатар Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Қызылорда, Атырау, Маңғыстау облыстары мен Павлодар облысының Екібастұз қаласын әлеуметтік-экономикалық дамытудың кешенді жоспары бекітілді.
 
2022 жылы моно- және шағын қалаларды дамытуға 26 жобаны іске асыру үшін 10,2 млрд теңге бөлінген. 500-ге жуық жұмыс орнын құрып, 200 шақырым қалаішілік автожолдар мен инженерлік желілерді жаңғырту жоспарлануда. Ірі қалалардың шет аймақтарын дамыту үшін 32 жоба іске асырылады. Бұл шамамен 600 шақырым автожол мен инженерлік желі, сондай-ақ әлеуметтік нысандар салуға мүмкіндік береді. 
 
Министр хабарлағандай, Президент тапсырмаларын іске асыру шеңберінде Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылға арналған Іс-қимыл бағдарламасы әзірленді. Ол макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету, экономиканы әртараптандыру, кәсіпкерлік пен адами капиталды дамыту, сондай-ақ азаматтар мен кәсіпкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі мақсаттарға қол жеткізуге бағытталған.
 
Бұдан басқа, өнім өндіру көлемін ұлғайтуды, тауарларды сақтау мен логистиканы, тауарлардың бөлшек саудасын, баға белгілеуді бақылауды, монополияға қарсы және сыртқы сауданы реттеуді көздейтін 2022-2024 жылдарға арналған Инфляцияны бақылау және төмендету жөніндегі шаралар кешені әзірленді.
 
Министр сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау шеңберінде Халықтың табысын арттыру бағдарламасы әзірленгенін жеткізді. Ол халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны