09.06.2026, 18:11 721

Қазақстанға тартылған шетелдік инвестиция көлемі 20,5 млрд долларға жетті

Қазақстанға тартылған шетелдік инвестиция көлемі 20,5 млрд долларға жетті
Сурет: Depositphotos
2026 жылдың алғашқы төрт айының қорытындысы бойынша Қазақстанда негізгі капиталға салынған инвестициялар 6,7%-ға өсіп, 4,9 трлн теңгеге жетті. Бұл көрсеткіш экономиканың өсу қарқынынан жоғары. Бұл туралы ОКҚ алаңында өткен брифингте Ұлттық экономика вице-министрі Арман Қасенов мәлімдеді.

Оның айтуынша, 2025 жылы тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы ағыны 20,5 млрд долларды құрап, алдыңғы жылмен салыстырғанда 14,4%-ға артқан.

Арман Қасенов ел экономикасы мен инвестициялар құрылымының айтарлықтай өзгергенін атап өтті.

«Бүгінде Қазақстан экономикасы 10-15 жыл бұрынғыға қарағанда анағұрлым әртараптандырылған. Мәселен, 2010 жылы мұнай өндіру саласының ЖІӨ құрылымындағы үлесі 16,5% болса, 2024 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 8,1%-ға дейін төмендеді. Тікелей шетелдік инвестициялар да осы үрдісті қайталап отыр: әртараптандыру инвесторлар тарапынан да байқалады. Олар енді тек өндіру өнеркәсібіне, металлургияға немесе мұнай-газ секторына ғана емес, басқа да салаларға белсенді қызығушылық таныта бастады», – деді ол.

Өткен жылы шетелдік инвестицияларды ең көп тартқан салалар:

  • көтерме және бөлшек сауда – 4,8 млрд доллар;
  • өңдеу өнеркәсібі – 4,4 млрд доллар;
  • қаржы және сақтандыру қызметі – 4,3 млрд доллар;
  • ақпарат және байланыс саласы – 1,4 млрд доллар;
  • көлік және қоймалау қызметі – 977 млн доллар.

Қазақстанға инвестиция салатын негізгі елдер қатарында Нидерланд, Ресей және Қытай қалып отыр.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны