08.10.2026, 17:13 52241 / 9795

Қазақстанда 2027 жылы бензин мен дизель отынын міндетті таңбалау енгізілуі мүмкін

Таңбалауды қаржыландыру және оның жанармай бағасына ықтимал әсері мәселелерін келесі жылы қоғамдық талқылауға шығару жоспарланып отыр
Қазақстанда 2027 жылы бензин мен дизель отынын міндетті таңбалау енгізілуі мүмкін
Қазақстанда мұнай өнімдерін міндетті молекулалық таңбалау 2027 жылдың қыркүйегіне дейін енгізілмеуі мүмкін, деп мәлім етті ҚР Сауда және интеграция министрлігінің өкілі Әсет Нүсіпов.

Оның айтуынша, 1 қыркүйектен бастап елімізде мұнай өнімдерін молекулалық таңбалау бойынша пилоттық жоба жүзеге асырылуда. Оған Сингапур мен Швейцарияның екі компаниясы қатысуда.

Бұл технология мұнай өңдеу зауытында отынға арнайы молекулалық маркер қосуды көздейді. Бұл отынның шығу тегін қадағалауға, оны сұйылту жағдайларын анықтауға және мұнай өнімдерінің сатылатын жеріне дейінгі жеткізілімін бақылауға мүмкіндік береді.

Алайда, пилоттық жоба бастапқы кезеңде болғандықтан, әзірге анықталған заңсыз отын көлемі туралы деректер жоқ.

ҚР Сауда және интеграция министрлігі Тауарларды цифрлық трансформациялау және таңбалау департаменті директорының орынбасары Әсет Өтегалиев түсіндіргендей, бірінші кезеңде технологияны субсидияланатын дизель отынында сынақтан өткізу жоспарланып отыр.

Сынақ басталғанға дейін мамандар қолданылатын концентраттың автокөліктер үшін қауіпсіз екеніне көз жеткізуі тиіс.

"Зертхана концентраттың қауіпсіздігін растағаннан кейін оны бірден іс жүзінде қолдана бастаймыз", - деді ол.


Міндетті таңбалауды енгізу туралы шешім пилоттық жобаның қорытындысы бойынша қабылданады. Ол үшін реттеушілік әсерге талдау жүргізу, тиісті бұйрықты дайындау және оны мемлекеттік органдармен келісу қажет болады.

Министрлік өкілінің бағалауынша, міндетті таңбалау 2027 жылдың қыркүйегінен ерте енгізілмеуі мүмкін. Ведомство сондай-ақ 17 тауар позициясы бойынша көлеңкелі нарықты зерттеді. Қарастырылып отырған нарықтың жалпы көлемі шамамен 8,7 трлн теңгені құрайды. Оның 3,2 трлн теңгесі немесе 37,3%-ы мұнай өнімдеріне тиесілі.

Таңбалаудың бензин бағасына ықтимал әсері туралы сұраққа жауап берген министрлік өкілі пилоттық жобаға қатысушы компаниялар қаржыландырудың әртүрлі үлгілерін ұсынып отырғанын түсіндірді.

Швейцариялық компания басқа көздерден табыс табуды көздейтін толық дайын шешімді ұсынады. Ал сингапурлық компанияның үлгісі таңбалауға қосымша шығындарды қарастырады.

Ведомство өкілі бағдар ретінде бақылау-сәйкестендіру белгісінің құнын мысалға келтірді. Оның бағасы 10 теңгеге дейін жетуі мүмкін. Алайда молекулалық таңбалаудың түпкілікті құны әзірге анықталған жоқ.

Таңбалауды қаржыландыру және оның бағаға ықтимал әсері мәселелерін келесі жылы қоғамдық талқылауға шығару жоспарланып отыр.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны