05.02.2020, 19:12 8160

Қазақстанда Испания мен Франция елдеріндегі тәрізді көтерме нарықтар құрылады

Испанияда Еуропадағы аса табысты компаниялардың бірі жұмыс істейді, оның ауыл шаруашылығы өнімдері бойынша 23 заманауи көтерме баға нарығы бар. Оны испан үкіметі 1965 жылы құрған, ол қазір де биліктің бақылауында. Көтерме баға нарықтары арқылы жемістер мен көкөністердің 65%-ы, балықтар мен теңіз өнімдерінің 55%-ы сатылады.

Алматы. 5 ақпан. Kazakhstan Today - Қазақстанда Испания мен Франция елдеріндегі тәрізді көтерме нарықтар құрылады.

ҚР Үкіметінде өткен баспасөз конференциясында Қазақстан Республикасының сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру және көтерме-тарату орталықтарын құру бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы айтып берді.

Б. Сұлтанов атап өткендей, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасының тұрақтылығына бірқатар себеп ықпал етеді. Оның ішінде өндіріс көлемі, қандай да бір өнімдердің жеткіліксіздігі, осы өнімдерде импортқа тәуелділік тәрізді себептер бар.

"Бүгін ауыл шаруашылығы министрі біз тұтынғанымыздан екі есе көп күріш өндіретінімізді айтқанына қарамастан, күріштен импортқа тәуелділік бар. Өйткені, біз климаттық жағдайларға байланысты бізде шықпайтын күріш түрлерін тұтынамыз. Дегенмен, импортқа тәуелділік бағаның түзілуіне ықпал етеді. Бірақ бұл тапшылық емес", - деді министр.

Сонымен қатар бағаның құбылуына өндіру, тасымалдау кезіндегі өндірушілердің шығындары мен оларды жеткізу кезіндегі түрлі кедергілер, жалпы айтқанда, азық-түлік өнімдері мен басқа да тауарларды делдалдардың кең желісі арқылы таратудың толыққанды тиімді жүйесінің болмауы ықпал етеді.

"Мысалы, жүйектен алынған өнім 4-5 есе қымбатқа түседі. Біз қосылған құннан айырыламыз, ол салықсыз болады. Бұл өте үлкен проблема. Түптің түбінде бұл бағаның негізсіз әрі көбіне тым жоғары өсуіне әкеледі", - деді Б. Сұлтанов.

Министр атап өткендей, бағаны тұрақтандыру туралы айтқанда, өнімді өндіру немесе импорттаудан бастап дұрыс бөліп, тұтынушыға жеткізуге дейінгі проблеманы тұтас шешу керек. Осыған байланысты көтерме-тарату орталықтарын құруға ерекше көңіл бөлу қажет. Министр мысал ретінде Испания мен Францияны келтірді, көтерме азық-түлік нарығы тұрғысынан бұл елдерде жетістіктер көп.

"Біз халықаралық тәжірибені жете зерттеудеміз. Мен жуырда Испания және Франция тәрізді елдерге барып, олардың көтерме-тарату орталықтары жүйесімен таныстым. Бұл бағаға әсер ететін үлкен элементтердің бірі. Бұл елдердің тәжірибесі қызықтырады", - деді Бақыт Сұлтанов.

Мәселен, оның айтуынша, Испания мен Францияда мемлекеттің қатысуымен үлкен КТО салынған. Мұндай орталықтар жарты ғасырдан бері жұмыс істейді. Олар нарықтың қажетті өнімдермен толығуына ықпал етеді, өндіруші мен көтерме бағамен сатып алушының арасында ашық, түсінікті байланыс орнатады. Бұл сауда нысандарының бәсекелі желісін кеңейту мүмкіндігіне және өнімдердің тұтынушылар үшін қолжетімді болуына ықпалын тигізеді.

Анықтама: Испанияда Еуропадағы аса табысты компаниялардың бірі жұмыс істейді, оның ауыл шаруашылығы өнімдері бойынша 23 заманауи көтерме баға нарығы бар. Оны испан үкіметі 1965 жылы құрған, ол қазір де биліктің бақылауында. Көтерме баға нарықтары арқылы жемістер мен көкөністердің 65%-ы, балықтар мен теңіз өнімдерінің 55%-ы сатылады.

Францияда ХХ ғасырдың ортасында үкімет 16 ұлттық көтерме баға нарығынан тұратын желі құрды (қазір олармен 3500-ден астам ауыл шаруашылығы өндірушілері мен 2100 көтерме баға саудагері жұмыс істейді). Еуропадағы аса ірі нарық - RUNGIS (Ранжис) француз астанасының маңында орналасқан және өнімдерімен Париж бен оның айналасындағы елді мекендерді ғана емес, көршілес елдерді де қамтамасыз етеді - 18 млн астам адамды қамтиды. Айналымы - 9 млрд еуродан астам сомаға 1,7 млн тонна түрлі азық-түлік өнімдері.

Бұл ретте, акционерлік капиталдың 56,73%-ы мемлекетке және мемлекеттік компанияларға тиесілі. Ранжистен 20 шақырым радиустағы барлық көтерме сауда сатушылары өз тауарларын тек көтерме баға нарығында сатуға міндетті. Испаниядағы тәрізді, мұнда да көтерме баға нарығынан өнімді тек өндірушілер мен коммерсанттар сатып ала алады.

Қазақстанда осындай көтерме сауда нарықтарын құру бойынша жұмыстар басталды. Осындай жобаларды жүзеге асыруда мол тәжірибесі бар Азия даму банкімен бірлесіп өндірушіден тұтынушыға дйінгі тауарлар ағымын болжау жұмыстары жүргізілуде.

"Біз бұл жұмыстарға бірқатар даму институттарын тарттық, олар бізге халықаралық тәжірибені зерделеуде көмек көрсетіп қана қоймай, бізбен бірге осындай жүйені құрудың дұрыс қаржылық-экономикалық моделін қалыптастыруды қамтамасыз ететін болады. Жалпы, біз оны тиімді тауар өткізу жүйесі деп атаймыз", - деді министр.

Сонымен қатар, Б. Сұлтанов болашақта көршілес елдермен тиімді тауар өткізу жүйесін құру бойынша ауқымды жұмыстар жүргізу жоспарланғанын айтты.

"Көршілес елдер Өзбекстан мен Қырғызстанда да осындай тәжірибе бар. Айта кететін маңызды жайт, біз біздің оңтүстіктегі көршілерімізбен де ынтымақтасуымыз керек. Өйткені біздің табиғи-климаттық жағдайларымыз ұқсас және көбіне бізде бір проблема туындайды - маусымдық азық-түлік өнімдері бір мезетте піседі, біз оларды бірге өткізуге тырысамыз. Бәсекелес болу дұрыс емес, уақыты мен өткізу нарығы бойынша бөлуге болады. Сондықтан біз көршілерімізбен бірге бұл жұмыстарда бірігіп, тиімді тауар өткізу жүйесін құратын боламыз", - деді министр.

Аталған шаралар тауар өндірушілерге кепілдендірілген өткізуге ие болуға және шығындарын азайтуға мүмкіндік береді. Нәтижесінде, олар бүгінде жұмсаған ақшаларын технологияларға, өз өндірісінің өнімділігіне, сақтау инфрақұрылымына сала алады. Сауда және интеграция министрлігінің болжауынша, бұл түптің түбінде өндірушілердің өнімдерінің бағасын төмендетуге алып келеді.

Ақпаратты пайдаланѓан жаѓдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігініњ материалдарына авторлық қ±қық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны