30.12.2021, 14:34 48541

Қазақстанда көлеңкелі экономика деңгейі 20,23%-ға дейін төмендеді

Отырыс барысында көлеңкелі экономика деңгейін есептеу кезінде оларға мониторинг жүргізудің нақты мүмкіндіктерін ескере отырып, көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимылдағы ілгерілеуді көрсететін нысаналы индикаторлар талқыланды.

НҰР-СҰЛТАН. 30 ЖЕЛТОҚСАН - Қазақстанда көлеңкелі экономика деңгейі 20,23%-ға дейін төмендеді. Бұл туралы Үкіметтің көлеңкелі экономика деңгейін төмендетудің нысаналы индикаторларын талқылау жөніндегі кеңесі барысында белгілі болды, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы 2025 жылға қарай көлеңкелі экономиканы 15%-ға дейін төмендетуді тапсырған болатын. Бүгінде көлеңкелі экономика 20,23%-ға дейін қысқарды.

Отырыс барысында көлеңкелі экономика деңгейін есептеу кезінде оларға мониторинг жүргізудің нақты мүмкіндіктерін ескере отырып, көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимылдағы ілгерілеуді көрсететін нысаналы индикаторлар талқыланды.

Отырыс барысында 10 көрсеткішті қамтитын негізгі индикаторлар тізбесінің жобасы талқыланып, бекітілді. Бекітілген индикаторлардың төртеуі заңсыз әрекеттерді (браконьерлік, есірткі, контрабанда және контрафактілік өнім) бағалайды. Оларға қол жеткізу үшін профилактикалық жұмыс, белсенді өзара іс-қимыл және қылмыстың ұйымдасқан түрлерінің жолын кесу қажет. Сондай-ақ үш көрсеткіш салық, кедендік алымдар және қолма-қол ақшасыз төлемдерді қамтиды.

Сонымен қатар, "Шағын және орта бизнестің ЖІӨ-дегі үлесі", "респонденттердің жалпы санындағы статистикалық есептілікті ұсынбағандардың үлесі" сияқты көрсеткіштер енгізілген.

Аталған нысаналы индикаторлар мемлекеттік органдарды Қазақстанның 2025 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспарында көрсетілген көлеңкелі экономика үлесінің көрсеткіштеріне қол жеткізуге бағыттайды.

Ә. Смайылов кейбір негізгі көрсеткіштерге қажетті өзгерістер енгізуді және көлеңкелі экономиканы есептеу әдістемесін мемлекеттік органдарға түсіндіру жұмыстарын жалғастыруды тапсырды.

Қазақстанның 2025 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспарында көлеңкелі экономика деңгейінің төмендеуінің кезең-кезеңімен жылдық болжамы бекітілген. Көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі 2021-2023 жылдарға арналған кешенді іс-шаралар жоспары бекітілді.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны