18.01.2022, 17:19 20656

Қазақстанда салықтық және кедендік тексерулерді 1 ақпанға дейін тоқтата тұру жоспарлануда

Ұлттық экономика министрлігі "Қазақстан Республикасындағы әлеуметтік-экономикалық жағдайды тұрақтандыру бойынша жедел іс-қимыл жоспарын" әзірледі.
Қазақстанда салықтық және кедендік тексерулерді 1 ақпанға дейін тоқтата тұру жоспарлануда
Сурет: Depositphotos
НҰР-СҰЛТАН. 18 ҚАҢТАР - Қазақстанда кәсіпкерлікті қолдау мақсатында салықтық және кедендік тексерулерді 2022 жылдың 1 ақпанына дейін тоқтата тұру жоспарлануда. Бұл туралы Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров мәлімдеді, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
ҰЭМ басшысы Әлібек Қуантыров хабарлағандай, Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін Ұлттық экономика министрлігі "Қазақстан Республикасындағы әлеуметтік-экономикалық жағдайды тұрақтандыру бойынша жедел іс-қимыл жоспарын" әзірледі. 
 
Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрлігінің басшысы айтып өткендей, аталған жоспар қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қалпына келтіру, әлеуметтік және басқа да инфрақұрылымдар, әлеуметтік мәселелер, бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу, халықты және кәсіпкерлікті қолдау мен ұйымдастыру-қаржы мәселесі бойынша 51 іс-шарадан тұрады. 
 
Халықты және кәсіпкерлікті қолдау бағыты бойынша жеті іс-шараны іске асыру көзделген.
 

Халықты және кәсіпкерлікті қолдауға келсек, жоспарда 2022 жылғы 1 ақпанға дейін басталған салықтық және кедендік тексерулерді тоқтата тұру және кейінге қалдыру, кәдеге жарату алымының мөлшерлемесі мен тәсілін қайта қарау, 2022 жылғы 20 сәуірге дейінгі кезеңге құрылыстарды көшіруге, орналастыруға, бұзуға байланысты атқарушылық әрекетті жүргізуге уақытша тыйым салуды енгізу жөніндегі 7 іс-шара көзделген", - деді министр.

 
Қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті, әлеуметтік және басқа да инфрақұрылымды қалпына келтіру бағыты бойынша жоспарда 11 іс-шара көзделген.
 

Жоспарда қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті, әлеуметтік және басқа да инфрақұрылымды қалпына келтіруде күштік құрылым қызметкерлерінің жауынгерлік әзірлігін арттырып, моральдық рухты қолдау, зақымдалған жылжымайтын мүлік нысандарын, сондай-ақ күштік құрылымдардың, денсаулық сақтау, білім беру және коммуналдық шаруашылық саласының материалдық-техникалық базасын қалпына келтіру бойынша 11 іс-шара көзделген", - деп түсіндірді Қуантыров.

 
Әлеуметтік мәселелер бойынша 10 іс-шара іске асырылады. Бұл тиісті органдардың мертіккен қызметкерлеріне өтемақы төлеу, қаза тапқан орган қызметкерлері мен бейбіт тұрғындардың отбасыларына көмек көрсету, бизнес пен халықтың борыш жүктемесін азайту шаралары, мұқтаж азаматтарға тұрғын үй көмегін көрсетудің жаңа тәртібі мен тетігін енгізу.
 
Бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу бағытында 15 іс-шараны іске асыру жоспарланған.
 

Бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу шеңберінде сұйытылған мұнай газын өткізудің жаңа тетігін әзірлеуді, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауары бағасын тұрақтандыру жөніндегі форвардтық тетіктерді қаржыландыруды ұлғайтуды және көмір бағасының өсуіне жол бермеу жөніндегі шараларды қамтитын 15 іс-шара жоспарланған", - деді ҰЭМ басшысы.

 
Ұйымдастыру-қаржы мәселелері бойынша қорытынды бағыт 8 іс-шараны көздейді. Бұл, министрдің айтуынша, теңгеге деген сенімді толық қалпына келтіруге дейін валюта нарығының тұрақтылығын қамтамасыз ету, батыс өңірлер үшін әлеуметтік-экономикалық дамудың Кешенді жоспарын әзірлеу немесе өзектендіру, жаппай тәртіпсіздік салдарын жою жөніндегі іс-шараларды қаржыландыруды қамтамасыз ету үшін 2022 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау.
 

Бұл жоспар Мемлекет Басшысының тапсырмаларын ескере отырып, жақын арадағы бірнеше ай ішінде мемлекеттік органдардың тиісті міндеттерді үйлестіре шешуіне бағытталған. Оны іске асыру елдегі экономикалық жағдайды жедел қалпына келтіріп, күнделікті өмірге оралуға әкеледі", - деді министр.

 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны