08.10.2021, 20:05 78464

Қазақстанда қыркүйек айында жылдық инфляция 8,9%-ға дейін өсті

НҰР-СҰЛТАН. 8 ҚАЗАН - Қазақстанда қыркүйек айында жылдық инфляция 8,9%-ға дейін өсті. Бұл туралы Ұлттық Банк Төрағасы Ерболат Досаев Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесу барысында мәлімдеді, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Ерболат Досаев Президентке қыркүйек айында жылдық инфляцияның 8,9 пайызға дейін қарқын алғаны жайында баяндады. Айлық инфляцияның артуына ақылы қызметтер, соның ішінде, ең алдымен білім беру және тұрғын үйлерді жалға алу салалары үлкен үлес қосты.

 
Қасым-Жомарт Тоқаевқа Ұлттық банктің Үкіметпен бірлесіп жүзеге асырып жатқан инфляцияға қарсы кешенді шаралары және инфляцияны болдырмау жөніндегі монетарлық саясаттың негізгі бағыттары туралы мәлімет берілді. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына қатысты баға биылғы тамыз айындағы 10,4 пайыздан қыркүйекте 9,6 пайызға дейін төмендегені атап өтілді.
 
Ұлттық банк төрағасының мәліметі бойынша шикізат тауарлары бағасының қымбаттығына, тұтынушылар тарапынан туындаған шектеулерге байланысты әлемдегі тұтыну бағалары ең жоғары деңгейде сақталып отыр. Кездесу барысында жыл соңына дейін және 2022 жылға арналған энергия тасымалдаушылар бағасына қатысты болжамдар ұсынылды.
 
Мемлекет басшысына Ұлттық банк төрағасы биылғы 9 ай ішіндегі ақша-несие саясатын жүзеге асырудың алдын ала қорытындылары туралы, әлемдік экономиканы қайта қалпына келтірудің қарқыны және оны пандемияға дейінгі деңгейге жеткізу, сондай-ақ дамыған елдердегі орталық банктердің ақша-несие саясатын күшейтуге көше бастағаны жөнінде есеп берді. 
 
Президентке Ұлттық банктің алтын-валюта резервтері мен Ұлттық қор активтерінің жай-күйі, сондай-ақ валюта нарығындағы ахуал жөнінде баяндалды. 
 
Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында Ұлттық төлем жүйесін дамытудың және цифрлық биометриялық сәйкестендірудің ұлттық платформасын құрудың алдын ала нәтижелері туралы мәлімет берілді. 
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны