10.09.2026, 09:58 36206 / 6789

Қазақстан кәсіпорындары ЕАЭО-ның жаңа кооперациялық жобаларына қатысады

Болжам бойынша, жобалардың бірі ел бюджетіне шамамен 180 млн теңге салық түсімін әкеледі деп күтілуде
Қазақстан кәсіпорындары ЕАЭО-ның жаңа кооперациялық жобаларына қатысады
Қазақстандық компаниялар ЕАЭО-ның екі жаңа өнеркәсіптік жобасына қатысады. Болжам бойынша, олардың бірі ел бюджетіне шамамен 180 млн теңге салық түсімін әкеледі, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметінен.

Тиісті шешімдер онлайн форматта өткен Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесінің отырысында қабылданды.

Жобалардың бірі Мәскеу облысында коррозия мен өрттен жоғары деңгейде қорғайтын лак-бояу материалдарын өндіретін "АКРУС" кәсіпорнын салуды көздейді. Жобаны жүзеге асыру бес жылға есептелген және 2026 жылы басталады.

Оған Беларусьтің "Орион-ВК" ғылыми-өндірістік кәсіпорны, материалдар мен технологиялық жабдықтардың бір бөлігін жеткізуді қамтамасыз ететін қазақстандық "ASYL CONSTRUCTION" ЖШС және ресейлік "АКЗ покрытия" ЖШҚ қатысады. Қазақстандық компания материалдар мен технологиялық жабдықтардың бір бөлігін жеткізеді.

Тағы бір жаңа кооперациялық жоба Самара гипс комбинаты базасында жаңа араластыру желісін салуды көздейді. Жоба барысында құрылыс және арнайы мақсаттағы құрғақ қоспалар өндірісін жылына 75,5 мың тоннаға ұлғайту қарастырылған.

Қазақстандық "Элита" ЖШС инжинирингтік және құрылыс қызметтерін көрсетеді. Осы жобаны іске асырудан түсетін салық түсімдері есебінен Қазақстан бюджеті үшін болжамды экономикалық тиімділік шамамен 180 млн теңгені құрамақ.

ЕАЭО-дағы кооперациялық жобалар жобаны іске асыруға берілетін қарыздар бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялау есебінен төмендетілген мөлшерлемемен жеңілдетілген қаржыландыру алады.

Сондай-ақ отырыс барысында фитосанитариялық бақылауға жататын карантинге қойылатын өнімдер тізбесіне өзгерістер енгізу туралы шешім қабылданды. Атап айтқанда, Бірыңғай талаптарда көзделген таңбасы болған жағдайда, ағаштан жасалған қаптама және бекіту материалдарына фитосанитариялық сертификатты міндетті түрде ресімдеу талабы жойылады.

Кеңес отырысында Кеден одағының "Ойыншықтардың қауіпсіздігі туралы" техникалық регламентіне де өзгерістер қабылданды. Түзетулер 14 жасқа дейінгі балаларға арналған ойыншықтарға қойылатын міндетті талаптарды белгілейді және тұтынушыларды өнім туралы дәйексіз ақпараттан қорғауға, сондай-ақ белгіленген қауіпсіздік нормаларына сәйкес келмейтін ойыншықтардың айналымға шығарылуына жол бермеуді қарастырады.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны