13.08.2026, 18:16 31706
Қазақстанның Ұлттық қоры мен алтын-валюта резервтерінің көлемі 127,3 млрд АҚШ долларын құрады
Сурет: Depositphotos
Достарға айту
Қазақстанның Ұлттық қоры мен алтын-валюта резервтерінің жиынтық көлемі 127,3 млрд АҚШ долларын құрады. Бұл туралы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовпен кездесуі барысында белгілі болды, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметінен.
"Ұлттық қордың инвестициялық кірісі бірінші жартыжылдықта 2,3 миллиард долларға жетті. БЖЗҚ-ның зейнетақы активтері жыл басынан бері 1,7 триллион теңгеге ұлғайып, 27,8 триллион теңгені құрады",- деп айтылған хабарламада.
Сондай-ақ, президентке экономиканы несиелендіру динамикасы туралы баяндалды.
Атап айтқанда, 2026 жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша банктердің бизнеске берген кредиттерінің несие портфелі жылдық мәнде 17,1 пайызға ұлғайған. Бұл ретте шағын және орта бизнесті кредиттеу қарқыны 29,6 пайызға дейін жеделдеген.
"Сонымен қатар, тұтынушылық кредиттің өсуі жыл басындағы 21,0 пайыздан 13,0 пайызға дейін баяулаған. Бұл қабылданған пруденциялық шаралардың тиімділігін және тұтынушыларды кредиттеу қарқыны қалыпқа келгенін көрсетеді. Осылайша, кредит ресурстары бизнесті қаржыландыруға көбірек бағыттала бастады",- деп атап өтті баспасөз қызметінен.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа экономикадағы ахуал, іскерлік белсенділік, инфляция факторлары және бағаны тұрақтандыру үшін қабылданып жатқан шаралар туралы ақпарат берілді.
Ақорданың мәліметінше, жылдық инфляция он ай қатарынан төмендеп, шілдеде 10,2 пайызды құрады.
Мемлекет басшысына цифрлық қаржы активтері индустриясын және Ұлттық цифрлық қаржы инфрақұрылымын дамыту жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысы туралы ақпарат ұсынылды.
"19 шілдеден бастап Ұлттық төлем жүйесі аясында кез келген банктің клиенттеріне өзара QR арқылы төлем жасауға және телефон нөмірі бойынша ақша аударуға мүмкіндік беретін тетік іске қосылды. Жүйе жұмыс істей бастаған сәттен бері жалпы сомасы 170 миллиард теңге болатын 6,5 миллион операция өңделді", - деп хабарлады баспасөз қызметі.
Тимур Сүлейменовтің айтуынша, Ұлттық банк баға тұрақтылығын қамтамасыз етіп, инфляцияны орта мерзімде 5 пайызға дейін төмендету үшін барлық қажетті шараны қабылдап жатыр.
Кездесу соңында Президент Ұлттық банк қызметі бойынша бірқатар міндет жүктеп, инфляцияны одан әрі тұрақтандырудың маңызына назар аударды.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
тақырып бойынша жаңалықтар
11.09.2026, 20:13 24806
БРИКС мүше елдер біржақты сауда санкцияларының артуына алаңдаушылық танытты
Достарға айту
БРИКС мүше елдер тарифтердің көтерілуі мен тарифтік емес шектеулерді қоса алғанда, сауда және қаржы шараларының біржақты енгізілуіне алаңдаушылық білдірді, деп хабарлайды агенттік тілшісі РИА Новости сілтеме жасай отырып.
"Біз сауда мен қаржыға қатысты шаралардың, соның ішінде тарифтердің көтерілуі мен сауданы бұрмалайтын және Дүниежүзілік сауда ұйымының ережелеріне қайшы келетін тарифтік емес шаралардың біржақты енгізілуіне әлі де алаңдаушылық білдіреміз", - деп мәлімдеді БРИКС мүше елдер.
Бұл қысым экономикасы дамып келе жатқан елдерге әсер етіп отырғаны белгілі.
"Біз негізінде Дүниежүзілік сауда ұйымы тұрған ашық, ашықтық қағидаттарына негізделген, инклюзивті, кемсітушілікке жол бермейтін және ережелерге негізделген көпжақты сауда жүйесін қолдайтынымызды тағы да мәлімдейміз", - делінген мәлімдемеде.
Сондай-ақ, БРИКС мүше елдер жаһандық экономикада елеулі қиындықтардың бар екенін де мәлімдеді.
"Жаһандық экономика елеулі қиындықтарға тап болуда. Жаһандық экономиканың даму перспективаларына қатысты тәуекелдер жоғары деңгейде қалып отыр. Бұл геосаяси шиеленістің сақталуын, саудадағы бытыраңқылық пен протекционизмді, саясаттағы белгісіздікті, фискалдық және инфляциялық қысымды, қарыздың өсуін және қаржылық осалдықты көрсетеді", - делінген құжатта.
Естеріңізге сала кетсек, БРИКС саммиті Үндістанда өтуде.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
11.09.2026, 16:13 26991
Қазақстандықтар Қытай, Үндістан және БАӘ-де QR арқылы төлем жасай алады
Сурет: ЖИ
Достарға айту
Қазақстан 11 елмен QR-код арқылы трансшекаралық төлемдер жасауды іске қосу мәселесін пысықтап жатыр. 2026 жылдың соңына дейін мұндай механизмді Қытаймен бірлесіп іске қосу жоспарланып отыр, деп хабарлайды агенттік тілшісі.
Central Asia FinTech Summit 2026 шарасы аясында Ұлттық банк төрағасының орынбасары Бинұр Жәленовтің айтуынша, қазіргі уақытта жұмыс жүргізіліп жатқан елдердің қатарында Қытай, Үндістан, Біріккен Араб Әмірліктері, Қырғызстан және Өзбекстан елдері бар. Бірқатар бағыттар бойынша нақты келісімдерге қол қойылған.
"Бүгінде біз 11 елмен трансшекаралық төлемдер бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Олардың қатарында Қытай, Үндістан, Біріккен Араб Әмірліктері, Қырғызстан, Өзбекстан және басқа да мемлекеттер бар. Қытай бағыты бойынша жүйе жыл соңына дейін іс жүзінде жұмыс істей бастайды деп күтілуде. Қалған елдермен іске қосу кезең-кезеңімен жүзеге асырылады, шамамен келесі жылдың ортасына дейін жалғасады", - деді Жәленов.
Жаңа механизм қазақстандықтардың шетелде тауар мен қызмет алу үшін өздерінің қолданыстағы банк қосымшасы арқылы төлем жасауларына мүмкіндік береді. Ол үшін QR-кодты сканерлеу жеткілікті болмақ.
Жүйе кері бағытта да жұмыс істейді: шетел азаматтары да Қазақстанда сатып алуларды дәл осындай тәсілмен төлей алады.
Трансшекаралық QR-төлемдер бойынша комиссия көлемін банктердің өздері белгілейді. Жәленовтің айтуынша, Ұлттық банк банктердің клиенттері үшін белгілейтін комиссияларын реттемейді.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
11.09.2026, 16:02 26651
Қазақстан мен Өзбекстан бірлескен туристік бағыттар құруды жоспарлауда
Достарға айту
Қазақстан мен Өзбекстан Ұлы Жібек жолы бойындағы бірлескен туристік бағыттарды дамытуды, көлік байланысын кеңейтуді және саяхатшылар үшін шекаралық-визалық рәсімдерді жеңілдетуді жоспарлап отыр. Бұл мәселе Астанада өткен "Өзбекстан мен Қазақстан: стратегиялық әріптестік және жаңа туристік хабтарды қалыптастыру" тақырыбында туризм форумы барысында талқыланды, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігінен.
2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанға Өзбекстаннан келген туристер саны шамамен 5,6 млн адамды құрады, ал Өзбекстанға 2,9 млн-ға жуық қазақстандық барған.
Көрсеткіштердің өсуіне көлік логистикасының тұрақты кеңеюі және Алматы, Ташкент, Самарқанд, Атырау, Орал, Қостанай және Үргеніш қалалары арасында жаңа әуе рейстерінің ашылуы да ықпал етуде.
Қазақстанның туризм және спорт вице-министрі Мирас Төлебаев екі ел Орталық Азияны біртұтас туристік бағыт ретінде бірлесіп ілгерілете алатынын айтты.
"Бүгінде халықаралық турист бір сапар барысында бір елмен ғана шектелмей, тұтас өңірді аралап көруге ұмтылады. Сондықтан Қазақстан мен Өзбекстанды Орталық Азия бойынша біртұтас әрі тартымды саяхат бағытының бір бөлігі ретінде бірлесіп ілгерілету маңызды. Біздің міндетіміз - өз артықшылықтарымызды нақты туристік өнімдерге, қолайлы маршруттарға және әлемдік нарықта танымал әрі бәсекеге қабілетті ұсынысқа айналдыру", - деді ол.
Төлебаев ынтымақтастықтың негізгі бағыттары қатарында Ұлы Жібек жолы бойымен трансшекаралық туристік маршруттар құруды, көлік интеграциясын дамытуды, сондай-ақ саяхатшылардың кедергісіз қозғалысын қамтамасыз ету үшін шекарадан өту және визалық рәсімдерді жеңілдетуді атап өтті.
Форумға қатысушылар сондай-ақ тікелей әуе қатынасын кеңейту, қонақүй инфрақұрылымын дамыту, халықаралық қонақүй брендтерін тарту, сондай-ақ зиярат, рухани және сауықтыру туризмінің перспективаларын талқылады.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
11.09.2026, 12:05 29006
Қазақстан 700 млн АҚШ доллары көлемінде крипторезерв қалыптастырды
Достарға айту
Қазақстанның ұлттық крипторезервінде қазірдің өзінде 700 млн АҚШ доллары орналастырылған. Алдағы уақытта оның көлемін ұлғайту жоспарланып отыр, деп мәлім етті Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов.
"Біз ұлттық крипторезервті іске қостық, онда қазірдің өзінде 700 млн доллар бөлінді. Алдағы уақытта оны одан әрі ұлғайтатын боламыз", - деді Ұлттық банк басшысы.
Сүлейменов цифрлық активтер нарығының дамуына қатысты 1 мамырдан бастап Қазақстанда осы салада толыққанды реттеу режимі жұмыс істейтіндігін хабарлады. Ол криптовалюталардан бастап токенделген активтерге дейінгі цифрлық қаржы активтерінің әртүрлі түрлерін қамтиды.
Бүгінде елде лицензияланған провайдерлер мен криптоайырбастау сервистері жұмыс істейді. Ал, банктер мен қаржы ұйымдары криптовалюталар мен дәстүрлі валюталар арасындағы операциялар үшін реттелетін арналарды іске қосып жатыр.
"Енді бұл теңгені долларға, юаньға немесе еуроға айырбастағандай оңай болды", - деп түсіндіріп өтті Сүлейменов.
Цифрлық активтерді шығару және саудалау инфрақұрылымын KASE дамытып жатыр, ал Орталық депозитарий оларды кастодиандық сақтау жүйесін қалыптастыруда.
Сонымен қатар, қазіргі уақытта реттеушілік құмсалғыш аясында 34 жоба жұмыс істеп жатыр. Олар токенизация, стейблкоиндер, криптотөлемдер және трансшекаралық есеп айырысулар бағыттарын қамтиды.
Ұлттық банк Алатау әкімшілігімен бірлесіп CryptoCity тұжырымдамасын әзірлеуде. Сүлейменовтің айтуынша, жоба Alatau City аумағында криптоиндустрияның әлеуетін ашуға мүмкіндік береді.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
11.09.2026, 11:53 29536
Қазақстанда цифрлық теңгенің қолданылу ауқымын 2 трлн теңгеге дейін арттыру жоспарлануда
Достарға айту
Қазақстанда цифрлық теңгенің қолданылу ауқымын алдағы 12 ай ішінде 2 трлн теңгеге дейін жеткізу жоспарлануда, деп мәлім етті Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов Central Asia Fintech Summit 2026 барысында.
"Бізде Үкіметпен келісілген нақты мақсат бар: бастапқыда 1 трлн теңгеге жеткізуді жоспарлаған едік, алайда қазір ауқымды инфрақұрылымдық, құрылыс және басқа да бағдарламаларды іске асыру бойынша жаңа міндеттерді ескере отырып, алдағы 12 ай ішінде цифрлық теңгенің қолданылу ауқымын 2 трлн теңгеге дейін жеткізуді көздеп отырмыз", - деді Сүлейменов.
Оның айтуынша, цифрлық теңге мемлекеттік сатып алу, бюджеттік жоспарлау және мемлекеттік қорлар жүйесіне біртіндеп енгізіліп жатыр. Бұл ретте Ұлттық банк оны бөлшек төлемдерде пайдалануға басымдық бермейді, себебі банктер халық үшін өздерінің жеке өнімдерін ұсынып отыр.
Ұлттық банк басшысы Қазақстандағы төлемдердің 90 пайызы қазірдің өзінде қолма-қол ақшасыз түрде жүзеге асырылатынын да хабарлады.
Сүлейменов 19 шілдеде іске қосылған бірыңғай банкаралық QR жүйесінің жұмысы туралы да айтып берді. Оның мәліметінше, жүйе арқылы қазірдің өзінде 400 млрд теңгеден астам сомаға 20 млн транзакция өткен, ал оның нарықтағы үлесі 25 пайызға жетті.
Ұлттық банк төрағасы цифрлық теңгенің 2023 жылы іске қосылғанын, алаяқтыққа қарсы орталықтың (Антифрод-орталық) 2024 жылы іске қосылғанын еске салды. 2024-2025 жылдары банкаралық төлем инфрақұрылымы дамытылса, биыл банкаралық QR жүйесі іске қосылды.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
10.09.2026, 15:19 39026
СІМ Қазақстанға шетелдік инвестициялар тарту жөніндегі жұмысты күшейтпек
Достарға айту
Қазақстанның сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді шетелдік инвесторлармен жұмысты күшейтіп, елдегі инвестициялық жобаларды іске асыруды жеделдетуді тапсырды, деп хабарлайды ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен.
Мұхтар Тілеуберді ҚР СІМ Инвестициялар комитетінің және "KAZAKH INVEST" ҰК" АҚ басшылығымен жұмыс бабындағы кездесу өткізіп, инвестиция тарту бағытындағы жұмысты одан әрі күшейтудің негізгі басымдықтары мен міндеттерін айқындады.
Министрге тікелей шетелдік инвестицияларды тарту, инвестициялық жобаларды іске асыру, әлеуетті инвесторлармен өзара іс-қимыл, ұлттық цифрлық инвестициялық платформаны дамыту, сондай-ақ халықаралық инвестициялық іс-шараларды дайындау және өткізу бағыттарындағы жұмыстың қазіргі барысы таныстырылды.
Сондай-ақ халықаралық инвестициялық іс-шараларға дайындық мәселелері де талқыланды.
Кездесу қорытындысы бойынша министр алдағы кезеңге арналған негізгі міндеттер мен басым бағыттарды айқындады. Атап айтқанда, инвесторлармен жүргізілетін жұмыстың нәтижелілігін арттыруға, инвестициялық жобаларды іске асыруды жеделдетуге және Қазақстан экономикасына капитал тартуда үйлестірілген тәсілді қамтамасыз етуді тапсырды.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
10.09.2026, 12:59 40506
Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымы 24 пайызға өсіп, 32,4 млрд АҚШ долларына жетті
Достарға айту
Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымы 2026 жылдың жеті айында $32,4 млрд-қа жетіп, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 24,1 пайызға өскен, деп хабарлайды ҚР Сауда және интеграция министрлігінің баспасөз қызметінен.
Бұл деректер Гонконгта Қазақстан атынан сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев өкілдік етіп жатқан "Бір белдеу, бір жол" XI саммитінде жарияланды.
Қазақстанның Гонконгпен арадағы сауда өсіп, 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында оның көлемі 250,6 млн АҚШ долларына жеткен. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,6 есе артты.
Саммит барысында Қазақстанның көлік-транзиттік әлеуетін де ерекше назар аударылды. Бүгінде Қытай мен Еуропа арасындағы құрлықтағы теміржол жүк тасымалының шамамен 85%-ы Қазақстан аумағы арқылы өтеді.
Елімізде теміржолдар мен автомобиль жолдары, шекаралық өткізу бекеттері мен логистикалық орталықтар, сондай-ақ Транскаспий халықаралық көлік бағыты - Орта дәліз дамытылып жатыр. Қазақстан сондай-ақ шетелдегі терминалдар желісін кеңейтіп, жүктерді рәсімдеу мен қадағалауды жеделдетуге арналған цифрлық жүйелерді енгізуде.
Сауда министрлігі транзит көлемін арттыру ғана мақсат емес екенін атап өтті. Қазақстан көлік дәліздерін инвестиция тарту, жаңа өндірістерді іске қосу және өңірлік жеткізу тізбектерін құру үшін пайдалануды көздейді.
Жұмыс сапары аясында Арман Шаққалиев Гонконгтің арнайы әкімшілік ауданының басшысы Джон Лимен кездесті. Кездесу барысында көлік және логистика, өнеркәсіп, тау-кен секторы, қаржы, цифрландыру және инвестиция салаларындағы бірлескен жобаларды іске асыру перспективалары талқыланды.
Гонконг әкімшілігінің басшысы Қазақстан басшылығына жылы лебізін жеткізіп, бірлескен бастамаларды одан әрі ілгерілетуге мүдделі екенін атап өтті.
Қазақстан өңірдің көлік және ресурстық әлеуетін, Қытайдың өндірістік мүмкіндіктері мен Гонконгтың қаржылық сараптамасын біріктіре отырып, "Қазақстан және Орталық Азия - материктік Қытай - Гонконг" форматында ынтымақтастықты дамытуды ұсынды.
"Қазақстан серіктестікке ашық және бірлескен жұмысқа дайын. Біздің міндетіміз - Еуразиядағы көлік байланысының артып келе жатқан мүмкіндіктерін жаңа өндірістерге, инвестицияларға және тұрақты сауда байланыстарына айналдыру", - деді Шаққалиев.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар нақты бірлескен жобалар бойынша жұмысты жалғастыруға уағдаласты.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
10.09.2026, 10:47 42331
SPIC компаниясы Екібастұзда салынатын жел электр станциясына 1,2 млрд АҚШ доллары көлемінде инвестиция салмақ
Достарға айту
Екібастұз ауданында қуаты 1 ГВт жел электр станциясын салу жоспарлануда, деп хабарлайды ҚР Энергетика министрлігінің баспасөз қызметінен.
Жоба Қытайдың State Power Investment Corporation (SPIC) пен "Pavlodar Green Energy" ЖШС бірлесіп жүзеге асырылуда. Құрылысқа тартылатын тікелей шетелдік инвестиция көлемі 1,2 млрд АҚШ долларын құрайды. Жел электр станциясын 2029 жылы пайдалануға беру жоспарланған.
"Жоба аясында қуаты 300 МВт және сыйымдылығы 600 МВт·сағ энергия жинақтау жүйесі бар жел электр станциясын салу көзделген. Жобаны іске асыру жаңартылатын энергия көздерінен өндірілетін электр энергиясының көлемін арттыруға және өңірдің энергетикалық жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді", деп жазылған хабарламада.
Тараптар сондай-ақ, ынтымақтастықтың басқа да бағыттарын және Қазақстанда жаңа энергетикалық жобаларды іске қосу мүмкіндігін талқылады.
Естеріңізге сала кетсек, 2026 жылы елімізде жаңартылатын энергия көздерінің 10 жаңа нысанын, оның ішінде төрт жел электр станциясын, бес күн электр станциясын және бір су электр станциясын іске қосу жоспарланып отыр.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
INTERNET TELEVISION
KAZAKHSTAN TODAY LIVE
Ең көп оқылғаны
13.09.2026, 10:11Отбасы күні: Қазақстанда ата-аналар мен балаларға қолдау күшейтіледі 13.09.2026, 09:19 16741Тоқаев қазақстандықтарды Отбасы күнімен құттықтады13.09.2026, 14:59 3386Қақтығыстардың салдарынан жаһандық экономикаға келген шығын 22 трлн АҚШ долларына жетті - Тоқаев13.09.2026, 17:24 2921Тоқаев Үндістанда өткен БРИКС саммитінің ұйымдастырылуына жоғары баға берді13.09.2026, 10:00 2686Рыбакина алғаш рет US Open турнирінде жеңіске жетіп, әлемдік рейтингте көш бастайды
07.09.2026, 11:47 60776Батумиде "Абай. Қара сөз" пластикалық қойылымы көрерменге жол тартты07.09.2026, 12:59 59971Миллиондаған зерттеу мен мыңдаған науқас: отандастарымыз Сібірдегі ірі ауруханалардың біріндегі қызмет барысымен бөлісті07.09.2026, 15:59 58291Space Days Kazakhstan 2026 Астанада ғарыш саласының сарапшыларының басын қосты11.09.2026, 13:09 57731Қазақстанда адам саудасына қатысты 85 факті анықталып, 145 радикалды идея ұстанушы елден шығарылған11.09.2026, 13:16 57056Тоқаев қазан айында Қазақстан халқына Жолдау жасайды
03.09.2026, 17:22 83381Қалдықтарды өңдеу, төтенше жағдайлардан қорғау және жастар саясаты: жаңа министрлерге міндеттер жүктелді03.09.2026, 18:50 80161Тоқаев еліміздің СІМ жаңа басшысына негізгі міндеттерді айқындап берді04.09.2026, 20:49 70941Мадиев пен Binance негізін қалаушы Қазақстанның цифрлық экономикасын дамытуды талқылады04.09.2026, 10:08 67311Шыңғыс Әрінов Алматы облысының әкімі болып тағайындалды04.09.2026, 16:22 65146Тоқаев экология министріне қалдықтарды қайта өңдеу және ормандарды қалпына келтіру міндеттерін жүктеді

