16.08.2019, 19:18 27826

Қазақстанның су электр станциясын салу үшін Қытай банкінен алған валюталық қарыз мерзімінен бұрын өтелді

Естеріңізге сала кетейік, қуаты 300 МВт болатын, О. Қантаев атындағы Мойнақ СЭС-і 2012 жылы пайдалануға берілді. Ол Алматы облысы, Райымбек ауданындағы Шарын өзенінде орналасқан.

Нұр-Сұлтан.16 тамыз. Kazakhstan Today - "Самұрық-Энерго" АҚ электр энергетикалық холдингі мен оның құрамындағы компания - "Мойнақ СЭС" АҚ Қазақстанның су электр станциясын салу үшін осыдан бұрын Қытайдың Мемлекеттік даму банкінен алған, сомасы 136,3 млн. АҚШ доллары болатын валюталық қарызын мерзімінен бұрын өтеді.

Мәміленің іске асырылуы Самұрық-Энергоға өзінің кредиттік портфеліндегі валюталық қарыздарының үлесін 17%-тен 3%-ке дейін айтарлықтай азайтуға және холдингтің қаржылық көрсеткіштеріне валюта курсы құбылуының теріс әсерін азайтуға мүмкіндік берді. Одан тыс, сарапшылардың сөзінше, валюталық қарызды мерзімінен бұрын өтеу экономиканы долларсыздандыру, сыртқы квази-мемлекеттік қарыздың деңгейін азайту, ұлттық компаниялар активтерінің құнын ұлғайту бөлігіндегі мемлекеттік саясатқа сай келеді.

"Бұған қосымша, мәміле "Самұрық-Қазына" АҚ-ның 50 млн. АҚШ доллары сомасындағы корпоративтік кепілдігінің күшін жоюға, сол арқылы акционердің шартты түрдегі міндеттемелерінің сомасын төмендетуге мүмкіндік берді", - деді "Самұрық-Энерго" АҚ "Қазынашылық және Корпоративтік Қаржы" Департаментінің директоры С. Ли осы себепке байланысты өткен баспасөз конференциясында.

Естеріңізге сала кетейік, қуаты 300 МВт болатын, О. Қантаев атындағы Мойнақ СЭС-і 2012 жылы пайдалануға берілді. Ол Алматы облысы, Райымбек ауданындағы Шарын өзенінде орналасқан. Жоба Қазақстан БЭЖ-інің Оңтүстік аймағында (Алматы, Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстарында) электр энергиясының тапшылығын азайтумен байланысты міндеттерді ойдағыдай шешіп келеді. Станцияның құрылысы Қытайдың Мемлекеттік Даму Банкі және Қазақстанның Даму Банкі тарапынан бірлесіп қаржыландыру есебінен іске асырылған болатын.

"Станцияның жабдығы пайдалануға берілгеніне 7 жыл өткізіп барып, жоба сәтті түрде іске асырылды деп сенімділікпен айта аламыз. Қытайдың Мемлекеттік Даму Банкі "Самұрық-Энерго" тобының қарызды қайта қаржыландыру жөніндегі бастамасына толық қолдау білдірді. Біз "Самұрық-Энерго" АҚ-ны Қазақстандағы сенімді серіктестеріміздің бірі деп білеміз және ынтымақтастығымыз одан әрі жалғасады деп үміттенеміз", - деді баспасөз конференциясында Қытайдың Мемлекеттік даму банкі Қазақстандағы Өкілдігінің Нарықты зерттеу және бизнесті дамыту департаментінің бас менеджері Фань Сяохуэй мырза.

Баспасөз конференциясы барысында Сергей Ли сондай-ақ, отандық қор нарығының дамуын қолдау мақсатында, валюталық қарызды өтеуге керекті қаражат АХҚО халықаралық қор биржасының (Astana International Exchange) алаңында тартылғанын, бұл, өз кезегінде, қазақстандық аса ірі энергия холдингі мен халықаралық қаржы орталығы арасындағы табысты ынтымақтастыққа бастау болғанын атап өтті.

Қазақстандық компания өкілінің сөзінше, мәміле "Самұрық-Энерго" компанияларының тобы, Қазақстанның Даму Банкі және әлемдегі ең ірі банктердің бірі - Қытайдың мемлекеттік даму банкі арасындағы ынтымақтастықты табысты өрбітудің жарқын дәлелі болып табылады.

2016 жылдан бастап "Самұрық-Энерго" АҚ кредиттік портфеліндегі валюталық қарыздарының үлесін белсенді түрде азайтып келеді. 2017-2018 жылдары топтың кредиттік портфеліндегі шет ел валютасындағы қарызы 65%-тен 17%-ке дейін азайтылды.

Бүгінгі таңда "Самұрық-Энерго" АҚ Станцияның екінші кредиторы - "Қазақстанның Даму Банкі" АҚ-мен ынтымақтастығын жалғастырып келеді. Валюталық құбылуға ұшырауын одан әрі төмендету мақсатында, қарыздың бір бөлігін АҚШ долларынан теңгеге конвертациялау жөніндегі келісімге қол жеткізілді. Мәміле аяқталуының қорытындысы бойынша, валюталық міндеттемелердің үлесі 3%-тен 1,6%-ке азайтылады, сондай-ақ қамтамасыз ету базасынан Мойнақ су электр станциясының негізгі активтері босатылады.

Анықтама ретінде:

"Самұрық-Энерго" АҚ - Қазақстандағы аса ірі электр энергетикалық холдинг, акцияларының 100%-ы "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ" АҚ-ға тиесілі. 2007 жылы құрылған. Жұмысының негізгі бағыттары: электр және жылу энергиясын өндіру; электр энергиясын жеткізу, бөліп-тарату және сату; энергетикалық көмір өндіру. Холдингтің құрамына энергия және көмір өндіру кәсіпорындары, соның ішінде: "Екібастұз ГРЭС-1" ЖШС, "Екібастұз ГРЭС-2 станциясы" АҚ, "Богатырь Көмір" ЖШС, "Алматы электр станциялары" АҚ, "О.Д. Қантаев атындағы Мойнақ су электрстанциясы" АҚ, "Шардара СЭС" АҚ және т.б. кіреді.

Қытайдың Мемлекеттік Даму Банкі - Қытайдың үш мемлекеттік даму банкінің арасындағы ең ірісі. Банк тікелей ҚХР Мемлекеттік кеңесіне бағынады, Қытайдағы үлкендігі жағынан Қаржы министрлігінен кейінгі облигациялар шығарушы және шетел валютасында аса ірі қарыз беруші болып табылады.

"Қазақстанның Даму Банкі" АҚ - Қазақстан экономикасының шикізаттық емес және инфрақұрылымдық секторларын жаңғырту мен дамыту жөніндегі ұлттық даму институты, 2001 жылы құрылған. Жұмысының негізгі бағыттары: өндірістік инфрақұрылымды және өңдеу өнеркәсібін дамыту, ел экономикасына сырттан және іштен инвестициялар тарту. ҚДБ мемлекеттік индустриалдық-инновациялық даму бағдарламаларын іске асыратын аса ірі инвестициялық операторлардың бірі болып табылады.

Ақпаратты пайдаланѓан жаѓдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігініњ материалдарына авторлық қ±қық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны