29.05.2008, 10:14 1547

Азия кәсіпкерлері астық экспортына шектеулерді алып тастады

Азия кәсіпкерлері астық экспортына шектеулерді алып тастады

Алматы. 29 мамыр. "Қазақстан Бүгін" - Дүниежүзінің азық-түлік нарығында күріш бағасы төмендеуге бат алды. Азияның бірқатар күріш өсірушілерінің осы астық дақылын ауқымды мөлшерде шетелдерге шығаруды қайта жандандыру туралы шешімдері осының негізгі себепшісі болды, деп хабарлайды "Қазақстан Бүгін" агенттігінің тілшісі РБК Daily-ге сілтеме жасай отырып.

Осы аптада Камбоджа басшылары күріш экспортына шектеулерді алып тастайтындарын жариялады. Оған дейін әлемдегі күріш экспортының көлемі жағынан екінші орынды иеленетін Вьетнам да осындай қадамға шілде айында баратындарын жариялаған. Азия елдерінің көпшілігі күріш экспортына шектеулерді наурыз айында енгізген. Бұл ішкі нарықты қанағаттандырып, инфляция қарқынын бәсеңдету үшін қажет болған. Енді нарықтағы дағдарысты жағдай артта қалғанға ұқсайды.

Дүйсенбі күні Чикагоның тауар биржасында шілде айындағы күріш фьючерстері 2,5 пайызға арзандап, 100 фунтына (45 кг шамасында) 19,85 АҚШ долларын құрады. Арзандау қатарынан екінші сауда сессиясында жалғасуда. 24 сәуір күні Чикагодағы күріш бағасы 100 фунтына 25,07 долларды құрап, рекордтық көрсеткішке жеткен болатын.

Илемнің жетекші өндірушілері тарапынан күріш экспортына шектеу қойылуы күріш бағасының күрт көтерілуіне аз әсер еткен жоқ. "Совэкон" сараптама орталығының атқарушы директоры Андрей Сизов осылай деп есептейді. "Қазір жағдай біртіндеп тұрақталып келе жатыр. Біріншіден, ірі импорттаушылардың, бірінші кезекте Филиппиннің қажеттілігі қанағаттандырылды. Онда күріш негізгі азық-түлік дақылы болып есептеледі. Екіншіден, әлемдегі ірі күріш экспорттаушы ел Тайланд бағаны тұрақтандыру үшін біршама уақыт бұрын мемлекеттік қордың күріштерін сата бастады", - деді сарапшы.

Күріш жетіспеушілігі жөніндегі жаһандық қорқыныш өте жақсы болады деп күтіліп отырған аталмыш дақылдың биылғы алғашқы түсімдерінің алдында тынышталып келе жатыр. Атап айтқанда, тұтынушыларды Америка Құрама Штаттарының Ауыл шаруашылық министрлігінің жақында жасаған болжамы біраз үміттендіріп қойды. Онда биылғы және келер жылдардағы күріш өндірісі жоғары болады деп айтылған.

Өткен аптада Біріккен Ұлттар Ұйымының дүниежүзілік ауыл шаруашылығы жөніндегі сарапшылары да осы секілді болжамды жария қылды. Ағымдағы жылы ұнтақталған күріш өндірісі 445,3 млн тоннаны құрайды. Бұл өткен жылғы рекордтық көрсеткіштен 2,3 пайыз артық. Бұл ретте күріш тұтыну 2,4 пайызға өседі деп күтіліп отыр.

Сарапшылардың болашақ бай түсім жөніндегі оптимизміне әлемдегі алпауыт күріш өндіруші ел Қытайдағы жойқын зілзала да әсер ете алмаған. Апат эпицентрінде елдің бас "күріш қоймасы" Сычуань провинциясы қалған. Алайда, Лондон экономика мектебінің сарапшысы Кент Дэннің пайымдауынша, ол түсімге айтарлықтай залал тигізе алмаған. "3-5 жыл аралығында жер сілкінісі Қытайдағы азық-түлік нарығына ешқандай кері әсер тигізе алмайды", - деді сарапшы.

Сонымен бірге, әлемдік нарықтағы күріш бағасы өткен жылдың осы уақытымен салыстырғанда 88 пайыз қымбат болып қалып отыр. Қазір баға тұрақтанғанымен ол бұрынғы деңгейіне қайтып оралады деп күтудің қажеті жоқ. Оның үстіне, Азиядағы күріш нарығының ірі ойыншыларының барлығы да Камбоджа үлгісімен жүруге дайын. Сейсенбі күні әлемдегі күріш өсіруші екінші ел болып табылатын Үндістанның үкіметі жоғары түсімге қарамастан әзірге экспортқа шектеу қоюдан бас тартпайтындарын жариялады. Ресми өкілдердің айтуынша, тек бірқатар шағын мемлекеттерге (негізінен Африка құрлығының елдері) қатысты ғана шектеу алынуы ықтимал.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны